Бір шаһардағы Шеберге жасөспірім кеп: –Мен өзімді қолынан түк келмейтін ақымақ адам сияқты сезінем, ондайда тіпті, өмір сүргім келмей кетеді. Жұрттың бәрі мені олақ, нақұрыс, бақытсыз деп санайды. Өтінем, маған көмектесіңізші! – деді. Шебер жасөспірімге көзінің қиығын салды да асығыс: – Кешір, қазір қолым тимейді, көмектесе алмаймын. Маған бір тығыз шаруаны тез бітіру керек боп тұр, – деді де кішкене ойланып барып, – айтпақшы, сол шаруама қол ұшын берсең, мен де саған бар ықыласыммен көмектесейін, – деді. – Тапсырмаңызға әзірмін, – деп күбірлеген бозбала ішінен «менің өтінішім тағы да кейінге қалды-ау» деп өкінді. – Олай болса жақсы. Шебер сол қолындағы саусағынан әсем тастармен безендірілген сақинасын шешіп алды да: – Атыма мін де базарға тарт. Маған қарызымды қайтару үшін мына сақинаны дереу сату керек боп тұр. Бірақ қымбатқа сатуға тырыс. Ең арзан дегеннің өзінде бағасы алтын тиыннан кем болмасын. Ал, жөнел! Тек тез оралатын бол! Бозбала сақинаны алды да атқа мініп базарға қарай шаба жөнелді. Ә дегенде сақинаға қызыға қараған саудагерлер «бағасы ең аз дегенде алтын тиыннан кем болмауы керек» деген сөзді естіген заматта-ақ теріс айналып кетті. Тіпті кейбіреулері ашықтан-ашық күлкі етті. Тек бір саудагер ғана мұндай сақинаға алтын тиынның құнын сұрау ақылсыз екенін, бұл бұйымды ары кетсе мыс немесе күміс тиынға бағалауға болатынын айтты. Бұл сөзді естіген жасөспірімнің еңсесі түсіп кетті. Өйткені Шебер «бағасы ең арзан дегенде алтын тиыннан кем болмасын» деп тапсырма бергені есінде. Сақинаны базардағы жүз адамға көрсетсе де айтқан бағасына өткізе алмаған соң, атына мініп Шеберге қайта келді. – Тапсырмаңызды орындай алмадым. Бірақ сақинаны екі күміс тиынға сатуға болатын еді, бірақ сіз «бағасы алтын тиыннан кем болмасын» деген соң, амал жоқ кері қайттым. – Сен дәл қазір өте маңызды сөз айттың, балам! – деді Шебер, – ақылды адам сақинасын сатпас бұрын алдымен оның бағасын біліп алуы қажет. Ал оны зергерден басқа кім біледі? Тез зергерге бар да сұра, ол бұл сақинаны қаншаға бағалар екен? Бірақ бағасын естіген заматта сақинаны ал да кері қайт. Бозбала енді зергерге тартты. Зергер ұлғайтқыш аспаппен сақинаға ұзақ үңілді. Сосын таразыға сап, салмағын өлшеді. Содан кейін ғана барып: – Шеберіңе айт, мына сақинасы үшін мен оған елу сегіз алтын тиыннан артық бере алмаймын. Бірақ ол біраз уақыт күте тұратын болса, бұл сақинаны жетпіс алтын тиынға сатып аламын. –Жетпіс алтын тиын! Бозбала қуанғанынан шаттана айғайлап жіберді. Сөйтті де зергерге алғыс айтып Шеберге қарай асықты. Көңілді оралған жасөспірімнің әңгімесін тыңдап болған соң Шебер мейірленіп. –Кел отыр, балам, – деді. – Бұдан былай есіңде болсын. Сен де мына қымбат әрі қайталанбайтын сақина сияқтысың. Саған баға беретін сөз қуған адамдар емес, адам жанын танитын білімді ұстаз. Сондықтан өзің туралы айтқан әркімнің әжуәсіне көңіл аударма. Өз бағаңды өзің біл! * * * Ағайын, Сіздер де өз бағаларыңызды өздеріңіз біліп, еңбектеріңізді Ел мен Ес, Ұлт пен Ұрпақ қызметіне жұмсаңыздар!
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді