Өткен ғасырдың соңында қолданыс аясы кеңейе түскен электроника жүйесі барлық технологиялардың дамып, өркендеп келе жатқан заманы – ХХІ ғасырда тіптен қарыштап дами түсті. Әсіресе, компьютерлік технологиялардың дәрежесі шарықтады. Қалта телефонының түр-түрі, одан қалса ондағы әлеуметтік желілердің де бәсекесі басталды. Ақпарат алмасу аясы кеңейді. Бүгінде әлем бойынша әлеуметтік желілер үздіксіз жұмыс істейді. Сондықтан адамдардың барлығы күндіз-түні сол желіде отыруды әдетке айналдырып барады. Сол желілердің ішінде қазіргі жастар көп қолданып жүргені – «Ватсап». Жұртты өзіне әбден үйір етіп алған бұл желінің Қазақстанға келгеніне көп бола қойған жоқ. Дегенмен, қолданушыларының қатарын ол аз ғана уақыттың ішінде көбейтіп үлгерді. «Ватсаптың» адамға тигізетін зиянды әсері бар деп те, жоқ деп те айта алмаймыз. Алайда, жақсы жағы – оның көмегімен керекті аудио, видео және сурет түріндегі кез-келген ақпаратты өзге дереккөздерден жүктеу немесе сол сәтте суретке, бейнетаспаға түсіру арқылы керек адамыңа жібере аласың. Ал зиянды жағына келсек, уақытыңды алады, әрі ұзақ уақыт бойы бір нүктеге қарап отыра беру адамның көзіне де артық салмақ салады. Оның арты көз ауруына соқтыруы мүмкін.
Бірақ, осы желіде тоқтаусыз кезіп жүрген кейбір жазбалар еріксіз күлкіңді келтіреді. Яғни, «Ватсап» желісі қазір адамдардың бақытты болуын «шешетінге» ұқсайды. Мысалы, «Сәлем, анаңның өмірі ұзақ болсын деп тілесең, бұл смс-ті 15 адамға жібер. Анаң үшін ерінбе! Егер дер кезінде таратпасаң,15 күн жамандық болып, бақытсыздыққа ұшырауың мүмкін» деген осы бір спамға көңіл аударайықшы. Қарап отырсаң, адамның жанды жеріне тиетін сөздер. Кім өз анасын қиындыққа қалдырғысы келеді дейсің?! Алайда, анаға деген сый-құрмет осымен шектеле ме? Жоқ, әрине. Ананың бақытты болуын ешқашан да әлеуметтік желідегі сен таратып жатқан 15 адам шешпейді. Анаңды шын бақытты болсын десең, оны сыйла, ол үшін алдыңнан шыққан барлық қиындықтарға төз, жұмыс істеп адал еңбегіңмен анаңды асырап, төбесін көкке жеткіз. Арқаңа салып Меккеге алып бар. Келесі бір хаттарда «Қабірде қойылатын сұрақтар: 1) Сені кім жаратты? (Аллаһ); 2) Дінің не? (Ислам); 3) Кітабың не? (Құран Кәрім); 4) Кімнің үмметісің? (Мұхаммед Мұстафа салаллаху алейхи уассаламның); 5) Құбылаң қайда? (Қағба-и муаззамада); 6) Кімнің ұрпағысың? (Адам аллейхисаламның); 7) Кімнің милетіненсің? (Ибрахим аллейхисаламның). Осыны Аллаһ разылығы үшін 7 адамға тарат. Егер де таратпасаң өте бір жаман оқиғаға душар болып, жол апатына ұшырауың мүмкін!» деген және осы сияқты адамның діни-сенімімен байланысты мақсат-мұраты түсініксіздеу уағыз-насихаттар өріп жүр. Егер де шын мәнісінде Аллаһтың разылығы үшін осындай сауатсыз дүниелерді таратып отырсақ, біз Жаратқан иемізді мазақ еткеніміз ғой. Шынында, Алланың разылығына бөленгіңіз келсе, осындай немқұрайлы нәрсе таратқанша, неге мешітке барып, парыз етілген намазға жығылып, садақа беріп, жүрегімізге иман отын жағып, осындай игі істер істемеске. «Тез-тез достарыңа жібер! Сүйіктің үшін осы смс-ті 20 адамға жібер. Сүйген адамың үшін ешқашан бас тартпа! Егер де мән бермей таратпасаң, 20 күннен соң сүйікті адамыңнан айырылып, өмір бойы жалғыз өтуің мүмкін». Енді осыны оқып, қандай бассыздық екенін ойлаңызшы. Бұл жағдайды таратып айтсақ, сүйген адамыңмен қай уақытқа дейін бірге болып, я болмауыңды желі ішіндегі достарың білмейді. Олар шешпейді де. Керек десеңіз біз өзімізді алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. Оны тек бір Алланың ғана пешенемізге жазғаны көрсетеді. Бізді толғандырған бұл мәселе өзге де жастарды мазалап жүрген болар. Сондықтан, олардың да ойы қандай екенін біліп көрейік. А.Бекбергенова, студент: – Мен әлеуметтік желілерде көп отырамын. Мен үшін оның тиімді жақтары да бар. Әсіресе, «Ватсапта» жиі отырамын. Бірақ достарымның жіберетін сауатсыз спамдарына қатты жыным келеді. Неге дейсіз ғой? Себебі, ашып қарасаңыз, намысқа тиетін, бауырларың бақытсыздыққа ұшырайды деген тұрғыда жазылған смс-терге қарным ашады. Мен әлеуметтік желілерде сондай хабарламалардың болғанына қарсымын. Ә.Алаханова, студент: – Өз басым әлеуметтік желіде көп отырмаймын. Сондықтан ондай хабарламаларға онша назар аудара бермеймін. Менің жеке пікірім бойынша, сол хабарламаларды таратып жатқан адам Алладан қорықпайтын адам деп білемін. Бірақ, «Ватсап» желісінің тиімді жағына басты назар аударамын. Қазіргі жастарға ондай желілердің артына ілесіп кетпеңіздер демекпін. Сөз соңында айтарымыз, мұндай хабарламалар таратып немесе оларға сеніп, адам баласы ешқашан керемет бір нәтижеге қол жеткізе алмайды. Осындай желілер адамдарға әрдайым кесірін тигізу үстінде. Егер де көкірегіміз ояу азаматтар болсақ, ондай жақсылықтарға маңдай терімізбен, шын еңбегімізбен жетейік. Тәулік бойы әлеуметтік желілерде отырып уақытымызды жоғалтқанша, игі іспен айналысып, тәрбиеміз бен білімімізді толықтырайық!
Айтолқын ӘЗІРЕТОВА ТарМУ студенті
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді