Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына ширек ғасырдан асты. Бірақ, қаралы жылдар қасіреті ұмытылған жоқ. Ұмытылмайды да. «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» қаншама жас жат жерде қыршынынан қиылды. Аман қалғандарының ішінде айықпас дертке шалдыққандар да аз емес. Отан алдындағы абыройлы борышына адалдық танытып, Ауған жерінде атой салған жауынгерлерге қандай құрмет көрсетілсе де жарасады. Біз 15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күні қарсаңында Тараз қалалық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағының төрағасы Дүкенбай Ермековпен сұхбаттасқан едік.
– Дүкенбай Сайлаубекұлы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Күні кешеге дейін көпшілік қауым үшін белгісіз болып келген Ауған соғысының жылнамасы отандық жаңа тарихымыздың ең қаралы парақтарының бірі болып қала береді» дегені бар еді. Өскелең ұрпақтың біле жүргені дұрыс қой, бұл соғыстың «жарияланбаған соғыс» деп аталуының сыры неде? – 1979 жылы Америка Құрама Штаттары Пәкістан, Иран, Араб елдерінің аумағында НАТО бөлімдерінің үлкен ауқымда әскери оқу-жаттығу жиынын өткізеді. АҚШ-тың мұндағы мақсаты осы оқу-жаттығу жиынын пайдалана отырып, Кеңес одағының оңтүстігіндегі Ауғанстан Республикасына өзінің әскерін кіргізу еді. Бірақ бұл әрекетке Кеңес одағы қарсы болды. Себебі, өз шекарасының іргесіне америкалықтарды жолатқысы келген жоқ. Сол кездегі Ауғанстан ғасырлар бойы Англияның отары болып келген, экономикасы артта қалған, құлдық санадан арыла қоймаған ел еді. Негізгі жұмыс көзі: егіншілік пен мал шаруашылығы. Байлардың табыс көзі негізінен есірткі өсіру болатын. Оның үстіне Ауғанстан террорлық қозғалысқа дайындайтын арнаулы мектептер ордасы еді. Оларға Пәкістаннан, Америкадан, Ираннан, Еуропаның көптеген елдерінен арнайы адамдар келіп, қараңғы халықты терроршы болуға даярлайтын. Міне, осының бәрінен сақтану үшін Ауған үкіметі Кеңес одағынан әскери көмек беруді сұранды. Бастапқыда кеңес үкіметі әскер кіргізуден бірнеше рет бас тартты. Ал керісінше Америка өз әскерін кіргізуге шындап кірісті. Америка әскерін кіргізерден төрт сағат бұрын, яғни, 1979 жылдың 27 желтоқсаны күні кеңес жауынгерлері интернационалдық борыш есебінде Ауған жеріне енгізілді. Осылайша, екі алып мемлекет арасындағы теке тірестің соңы жарияланбаған он жылдық Ауған соғысына ұласты. Ауғанстан меджехеттер мен қарапайым халық болып екіге бөлінді. Біздің әскердің кіруіне меджехеттер, яғни дұшмандар қарсы болды. Олар әр жерден атысу арқылы ашық түрде партизандық соғыс жүргізді. – Ауған соғысына біздің өңірден қанша сарбаз аттанған еді? – Жалпы, Ауған соғысына еліміз бойынша 22 мың сарбаз қатысты. Оның 971-і елге оралмады. 27 жауынгер хабарсыз кетті. Біздің Жамбыл жерінен Ауғанстанға екі мыңға жуық жауынгер аттанған болса, соның 71-і елге келмеді. 150-ден астамы әртүрлі жарақат алып, мүгедек болып қалды. Сол соғыстың зардабынан облысымыз бойынша жыл сайын 25-30 Ауған соғысының ардагері көз жұмуда. – Өзіңіз жетекшілік ететін бірлестіктің бүгінгі атқарып отырған жұмысы туралы да айта отырсаңыз. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан интернационал жауынгерлерге қаншалықты көңіл бөлініп отырады? – Бүгінде Тараз қаласында 480 Ауған соғысына қатысушы, соғыс жылдарында Ауғанстанда жұмыс істеген 48 адам және Ауғанстанда балалары қаза тапқан 9 ана тұрады. Ауған соғысы ардагерлерінің 100-ден астамы мүгедектігіне байланысты әлеуметтік көмек алады. Қалғаны еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, түрлі салада еңбек етіп жүр. Ардагерлер одағы қаладағы 58 мектеп, 4 жоғары оқу орны мен колледждерде, әскери бөлімдерде көптеген кездесулер өткізіп, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге аянбай атсалысуда. Қаладағы игілікті іс-шараларға қатысамыз. Жергілікті атқарушы органдар мен жекелеген азаматтар өздерінің қолдау көмегін аяған емес. Жалпы соңғы бес жылда облыс, қала әкімдері тарапынан Ауған соғысы ардагерлеріне 67 пәтер берілді. 81 ардагеріміз тұрғын үй кезегінде тұр. Сонымен қатар Ауған соғысы ардагерлері Астана, Алматы қалаларындағы госпитальдарда, өзге де санаторийлерде тегін емделуде. Тараз қаласындағы «Тамаша», «Берік», А.Асқаров көшесіндегі моншаларға аптасына 1-2 күн тегін түсуге мүмкіндік жасалған. Айту керек, Ауған соғысы ардагерлерінің одағына «Казфосфат», «Өнерпаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің директорлары Мұқаш Ескендіров, Талғат Әбілдаев, «Тамаша» моншасының басшысы Айгүл Айтбаева, «Тараз-су» кәсіпорнының директоры Марат Смаилов жылы көзқарас танытып, көмек көрсетуде. «Қызыл Жарты Ай» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Оразкүл Тойбекова Ауған соғысында қаза болғандардың аналарына және мүгедектерге жыл сайын азық-түлік себеттерін ұсынып, хал-жағдайларын біліп отырады. Қаладағы қоғамдық көліктерде тегін жүруді қала әкімі Н.Календеров пен қалалық мәслихат хатшысы Б.Нарбаев және тасымалдаушы мекеме басшылары қамтамасыз етті. Ол үшін айтар алғысымыз шексіз. Сонымен қатар Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 26 жыл толу құрметіне қала бюджетінен 480 Ауған соғысының ардагеріне 20 мың теңге, Ауғанстанда жұмыс істеген 48 адамға 10 мың теңгеден біржолғы қаржылай көмек берілетін болды. Сондай-ақ, жоғары оқу орындары мен мектептерде, әскери бөлімдерде ардагерлер құрметіне көптеген мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Тұрсынбек Сұлтанбеков, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді