«Қансонарда бүркітші шығады аңға...»

«Қансонарда бүркітші шығады аңға...»
ашық дереккөз
«Қансонарда бүркітші шығады аңға...»

құсбегілердің ел біріншілігінде жамбылдық саятшылар озды

2

Көшпенділер өмірінен берік орын алған үлкен өнер құсбегілік қазақ ұлтының қанына сіңген көне дәстүр іспеттес. Оның тәлім-тәрбиесі атадан-балаға қастерлі қалпымен жарасымды жалғасқан және жалғасып та келеді. Басқа-басқа, өнердің бұл түрі қазаққа етене жақын болғандықтан құсбегілік, саятшылық біздің ұлтымыздың ерекшелігін айқындап, болмысын айшықтайтындай. Оған дәлел ретінде әлемдегі бірде-бір елдің мемлекеттік рәміздерінде кездеспейтін қыран бүркіттің тек Қазақстанның ғана көк Туында көрініс тапқандығын айтуға болады. Одан бөлек жыл сайын елімізде бүркітшілер сайысы орын алып, түрлі игі шаралар да өткізіліп тұрады.

Осы орайда Меркі ауданында жастар арасында құсбегіліктен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл шара биыл жетінші рет жалауын желбіретіп отыр. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен қолына құс қондырған отызға тарта жас құсбегілер қатысып, доданың көрігін келтірді. Ашылу салтанатында сөз алған Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов үміткерлерге сәттілік тілесе, натуралист-құсбегі Жаппар Сатылғанов осынау өнер жайлы өз білгенімен бөлісті. – Қазақ халқы ежелден көшпелі өмір салтын басынан кешірген, сол себептен табиғатпен ерекше байланыста болған. Оның сырына неғұрлым қанық болған сайын, тылсым күшін одан әрі ұғына түсетінің рас. Демалыс уақытын өткізуде табиғат аясы – таптырмас орын. Құс салған бабаларымыз қашаннан аңшылық-саятшылықты бойына серік еткен. Құсбегілік – өнердің төресі. Құс – адамның адал досы. Түзден ұстаған құсты үйрететін адамды құсбегі деп атайды. Құсбегі құсты балапан кезінен бастап баулиды. Ол үшін томаға кигізіп, сылап-сипап, жем жеуге үйретеді. Одан соң барып құсты аңға салады. Құсбегілер қолындағы құсын аңға салуды мамыр, маусым айларынан бастап баптайды. Алдымен қан соқты, қызыл сияқты маңызды жем беріп, түлету үшін семіртеді. Бұл кезді қызылға отырғызу немесе түлету деп те атайды, – дей келе әккі құсбегі қазаққа тән болмысымен өз сөзін өлең жолдарымен түйіндеді. Бұдан кейін құсбегілердің қызу тартысы басталып кетті. Өткен жылға қарағанда биыл қатысам деушілердің саны артса, ағымдағы жылы үміткерлердің жасына шектеу қойылыпты. Оның себебі жастар мен жасөспірімдердің мирас өнерге деген қызығушылығын арттырып, дәстүрлі спортқа барынша тартсақ деген ниетте жатыр екен. Сонымен 32 бүркіт, 11 қаршыға сынға түскен тартыс ә, дегеннен көпшіліктің көңілін серпілтіп тастады. «Қыран құс не алмайды салса баптап» деп ақындар жырлағандай, құстарының бабы мен бағын сынаған бүркітшілер жарыстың әр кезеңінде «қолға шақыру», «еркін ұшыру», «шырғаға түсіру» және «қоянға, түлкіге, шибөріге салу» әдістері бойынша сайысқа түсті. Осы күні табиғат та тамаша тартуын жасап, ашық аспан астында жиналған жұрт та жайдары көңіл-күймен сынға түскен құстарға қиқу қосып тұрыс-ты. Құрамында Меркі ауданындағы бокстан балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дулат Маратұлы, Қазақстан құрамасының бас бапкері Күнтуған Базарбек, Ұлттық спорт түрлерінің мемлекеттік жаттықтырушысы Рамазан Сәттібайлар бар қазылар алқасы қансонарға қатысушылардың шеберліктеріне барынша көңіл бөлді. Құстың кескін-келбеті, қыранды қолға қондыру шеберлігі, тіпті саятшының киім киісіне дейін мән берілді. Спортшылардың өз бүркіттерімен биік шоқыға көтерілген сәтіне, желдің бағыт ыңғайымен қыран құсын самғатқанына, өзіндік дауыс ырғағымен дем беруі, биік қашықтықта «еркін самғау» әдісін көрсетулері бәрі-бәрі көрер көзге керім әсер сыйлай білді. Алып құстың қанатын еркін сермегені, аспай-саспай, біртіндеп өз жемтігіне қарай ұмтылған сәті жан сүйсіндірмей қоймады. Осы бір тартымды бәсекеге қатысқан спортшының әрқайсысының да өзіндік лайықты орны, табиғатты аялау сезімі баршылық. Десек те, қырандарының ептілігі мен зеректігі басым болған шебер құсбегілер дараланбай қалмады. Нәтижесінде, бүркітшілер арасындағы жүлделі I орынды меркілік Бабажан Бағдәулет жеңіп алса, екінші орынға астаналық Дастан Оралбек лайық деп табылды. Үшінші орын тұғырынан Атыраудан келген Ақберен Құрманғалиев көріне білді. Ал қаршыға салудан Берікболсын Жалғасұлы жеңімпаз атанса, одан кейінгі орындарды Жамбыл ауданының түлегі Ғазизқан Бауыржанұлы мен меркілік байқаудың ең жас құсбегісі, меркілік Серікжан Жалғасұлы өзара бөлісті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Соңыра құрметті қонақтар бұл спорт өнерінде Жамбыл облысының десі басым екенін осы чемпионат арқылы тағы бір мойындағандарын және алдағы уақытта құсбегілер орталығын Тараз қаласынан ашу керектігін де тілге тиек етті. Сонымен қатар, олар тек елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де танымал, отыз жылдан аса тарихы бар «Қауырсын» бірлестігінің де тамыры осы өлкеден бастау алатынын атап өтті. Барлық бүркітшілер сөз түйінінде қонақ­тарды үлкен ықыласпен қабыл­даған өңірімізге, Меркі ауданының басшылығына және ұйым­дас­тырушыларға алғыстарын айтты.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар