Әулиеата өңірінде биылғы көктемгі егіс науқаны жоспарға сай жүргізілмек. Мәселен, осы жылы егін алқабын өткен жылмен салыстырғанда 25,5 мың гектарға ұлғайтып, жалпы көлемін 665,4 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 378,3 мың гектарды, майлы дақылдар 44,3 мың гектарды, ал қант қызылшасы 8,5 мың гектарды құрайды деп күтілуде. Сондай-ақ картоп 8,8 мың гектарға, мал азығы дақылдары 186,7 мың гектарға егілмек.
Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Ислам даму банкінің қаржыландыруымен өңірдегі 71 каналға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты суды көп қажет ететін көкөніс дақылдарының алқабы 2,1 мың гектарға қысқартылып, жалпы алаңы 28,9 мың гектарға, бақша дақылдары 3 мың гектарға азайтылып, 9,7 мың гектарға егіледі.
Сонымен қатар аймақ аумағында орналасқан қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету ісіне де басымдық берілмек. Дәндік жүгері дақылының алаңы 11,8 мың гектарға артып, жалпы алаңы 30 мың гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде, жиналатын өнім көлемі 2025 жылмен салыстырғанда 109 мың тоннадан 210 мың тоннаға дейін артады деп күтілуде. «Тараз қант зауыты» іске қосылатыны ескеріліп, қант қызылшасының егіс алқабын 1,9 мың гектарға арттыруға ұйғарым жасалыпты. Осылайша 8,5 мың гектардан қара күзде 450 мың тонна тәтті түбір жинау көзделуде.
– 2026 жылдың көктемгі дала жұмыстарына қажетті 59,6 мың тонна тұқым 100 пайыз дайындалды. Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардан түскен өтінімдерге сәйкес 27,4 мың тонна дизель отыны қалыптастырылды. Энергетика министрлігі тарапынан облысқа мұнай өңдеуші зауыттардың қуаттылығына қарай 15,9 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оны өңірге жеткізіп, шаруаларға шетінен үлестіретін 8 өңірлік таратушы оператор айқындалды. Осы жылы шаруа лар үшін 1 лит р жанармайдың бағасы 281 теңге болып бекітілді. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге шекті баға нарықтан 15 пайызға төмен босатылып отыр. Мұнай өңдеуші зауыттар мен өңірлік операторлар арасында келісімшарт жасасу жұмыстары жүргізіліп, 8,1 мың тонна дизель отынына қаражат төленді. Бүгінгі таңда бөлінген көлемнің 5,5 мың тоннасы облысымызға жеткізіліп, 3,2 мың тоннасы агроқұрылымдарға таратылды, – деді Әбдірәсіл Серікұлы.
Атап өтейік, осынау дала жұмыстарына 10,7 мыңға жуық техника жұмылдырылады. Биыл паркті жаңарту үшін 476 бірлік техника сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда 62 бірлік жеткізілді. Ал «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары аясында 7 миллиард теңге бөлінген. Бүгінде 195 шаруашылыққа 5,8 миллиард теңге жеңілдетілген (5 пайыз) несие берілді. Жиында облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы көктемгі дала жұмыстарына дайындық және оны өткізу барысын тұрақты бақылауда ұстаудың маңыздылығына тоқталды.
Бұдан бөлек басқосуда көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым, тыңайтқыш және жанар-жағармайдың шаруаларға уақтылы жеткізілуін жіті назарға алу тапсырылды. Сондай-ақ дақылдарды қолайлы агротехникалық мерзімде орналастыруды қамтамасыз ету, техника паркін жаңарту жоспарының толық әрі уақтылы орындалуын қадағалау қажеттігі жүктелді.
Аймақ басшысы шаруаларды жанаржағармаймен қамтамасыз етудің қажеттілігін баса айтып, бұл мәселеде түйткіл туындамауы тиістігін алға тартты. Өз кезегінде ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Серікұлы жанар-жағармай таратуда ешқандай мәселе жоқ екенін, өзге өңірмен салыстырғанда көрсеткіш жоғары болып тұрғанын жеткізді.
«Биыл ерте пісетін көкөністер көлемін 1,8 мың гектарға ұлғайттық. Оның ішінде 500 гектары пияз, 1000 гектарға жуығы – картоп. Нәтижесінде, 20 мың тонна пияз бен 19 мың тонна картоп жинауды көздеп отырмыз. Бұл өнімдер нарыққа ерте шығып, бағаны ұстап тұруға септігін тигізеді», – деді ол.
Жалпы, биылғы жылы 665,4 мың гектар алқапқа 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарланып отыр. Былтыр элиталық тұқым жоспары республика бойынша 7,2 пайыз болып бекітілсе де, өкінішке қарай бұл көрсеткіш бізде 7,3 пайызға орындалған. Ал биылғы меже 8 пайыз болса, көктемгі егіс жұмысы аяқталғанша 9 пайызға жеткізу көзделуде.
Жиын соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жауаптыларға жұмыс қарқынын ширатуды тапсырды. Аймақ басшысы барлық көрсетілген міндеттердің орындалу барысы тікелей бақылауында болатынын ескертті.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Мамыргүл жұлғандар да енді айыппұл төлеуі мүмкін
- Бүгін, 16:19
Базарларда «ұйымдасқан топтар» әрекет етеді
- Бүгін, 15:58
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




