«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ кинолары он күн бойы тегін көрсетіледі

Қазақ кинолары он күн бойы тегін көрсетіледі
Автор
Елімізде өткізіліп жатқан кино күндері облыста жалғасын тапты. Тараз қаласында Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген фильмдерден тұратын көрсетілімдер онкүндігі бастау алды. Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде өткен кино күндерінің ашылу салтанаты облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Кино күндерінің облыстағы ашылу салтанатында облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлдана Серікбаева жобаның өңір мәдениеті үшін маңызын атап айтты.

– Кино – халықтың жадын жаңғыртатын, тарихын сөйлететін, болмысын бейнелейтін құдіретті өнер. Қазақ киносы – ұлттың жан дүниесі, өткен мен бүгінді, арман мен ақиқатты тоғыстыратын алтын көпір. Осы ретте, ұйымдастырылып отырған бұл жоба – тек фильмдер көрсетілімі ғана емес, ол – ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, жас ұрпақтың санасына рухани тәрбие дәнін себетін маңызды мәдени алаң. Бүгінгі таңда қазақ киносы жаңа белеске көтеріліп, мазмұндық әрі көркемдік тұрғыдан толысып келеді. Мұндай игі бастамалар ел ішіндегі көрерменге сапалы туындыларды жақындатып, кино өнеріне деген қызығушылықты арттырары сөзсіз. Бұл шараның басты мақсаты – шалғай елді мекендердегі тұрғындарға ұлттық кино жауһарларын кеңінен насихаттап, мәдени игілікті баршаға тең жеткізу. Себебі мәдениет – ұлттың тірегі, ал рухани байлық – ел болашағының кепілі. Облыс басшылығы отандық киноны қолдауға және дамытуға, сондай-ақ өңір тұрғындарының мәдени деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Біз ұлттық өнерді дәріптеуге және рухани құндылықтарды нығайтуға бағытталған бастамаларды әрдайым қолдаймыз. Кино күндерінің өткізілуі – көрермендердің қазақстандық кинематографияға деген қызығушылығын арттырып, өңірдің мәдени өмірін байытатын маңызды мәдени оқиға, – деді Гүлдана Кенжеқарақызы.

Аталған жобаның басталуында тараздықтарға «Капитан Байтасов» көркем фильмі ұсынылды. Шынайы оқиғаларға негізделген бұл драма-экшн туындысы 2011 жылы Тараз қаласында лаңкесті ұстау кезінде бейбіт тұрғындарды құтқарып, ерлікпен қаза тапқан Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған. Алдағы он күн ішінде жамбылдықтар мемлекеттік қолдаумен түсірілген, қазіргі отандық киноның жанрлық және тақырыптық әралуандығын танытатын үздік қазақстандық фильмдерді тегін көре алады. Биыл Кино күндері алғаш рет Солтүстік Қазақстан облысының ауылдық елді мекенінде бастау алып, қазақстандық киноның әрбір көрермен үшін қолжетімді екенін айқындады.

Жыл соңына дейін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы еліміздің барлық өңірлерін қамтып, көрсетілімдер аясын кеңейтуді және көрермендерді заманауи отандық киножобалармен таныстыруды жоспарлап отыр. Өткен жылы Кино күндері 2 миллионға жуық көрермен жинаған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар