«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бұл уақытша емес, жыл бойы жалғасатын жоба

Бұл уақытша емес, жыл бойы жалғасатын жоба
Aq jol
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Тараз қаласындағы №33 «Айсәуле» балабақшасының ауласы мен оның айналасына ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл игі бастамаға облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ мен «Жомарт жан» орталығы үлес қосты.

«Жомарт жан» орталығының төрағасы Жалил Аббосовтың айтуынша, экологиялық бағытта ұйымдастырылған бұл игі бастама өңір тұрғындарының табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға және жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

– Осы іс-шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, Президентіміз айтқан «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» қағидаттарын дәріптеу. Сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін насихаттау. Аталған бастама Мемлекет басшысы атап өткендей, уақытша акция емес, жыл бойы жалғасатын маңызды жоба, – деді ол.

Сондай-ақ аталған игі іс-шараға «Жомарт жан» орталығының мүшелері – аймақтық Ассамблея төрағасының орынбас ары Гулам Умаров, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Гани Каримов, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева, мекеме қызметкерлері, балабақша ұжымы мен «Ассамблея бөбектері» және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бұл іске демеушілік танытқан жомарт жандар қатарында облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Набижон Салахотдинов, бірлестіктің белсенді мүшесі, қалалық өзбек Аналар кеңесінің жетекшісі Лобар Гаюпова және «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің аймақтық филиалының мүшесі Вагиф Халилов бар.

Акцияға қатысушылар балабақша аумағына ағаш көшеттерін отырғызып, табиғатты аялаудың маңыздылығын нақты іспен көрсетті. «Бұл бастама өскелең ұрпаққа тағылым беріп, олардың бойында туған жерге, табиғатқа деген жанашырлық сезімді қалыптастыруға ықпал етеді», – дейді орталық мүшелері.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар