«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таразда неге биік ғимараттар аз?

Таразда неге биік ғимараттар аз?
Алтынбек Қартабай
...Тараз қаласының тұрғыны бола тұра, дәл осы сұраққа бұрын-соңды терең бойлап көрмеппін. Қаланың қым-қуыт тыныс-тіршілігіне үйреніп кеткеніміз соншалық, кейбір ерекшеліктер көзге түсе бермейді екен. Жуырда достарыммен осы тақырып турасында пікір алмасып, «Неге Таразда аспанмен таласқан биік ғимараттар жоқ, болса да неге аз?» деген сұрақ төңірегінде ой бөлістік. Сол сәттен бастап мені осы мәселе қызықтырып, жауап іздеуге жетеледі.

Байқасам, бұл жай ғана кездейсоқ құбылыс емес, оның астарында бірнеше маңызды себеп жатқан секілді. Ең алдымен Тараз – республика тұрмақ, дүниежүзі бойынша ең көне қалалардың бірі. Шаhардың әрбір көшесі мен нысаны өткеннің ізі мен мәдени мұрасын сақтап тұрғандай әсер қалдырады. Мұнда ғасырлар бойы сақталып келген сәулет ескерткіштері аз емес. Соның ішінде XI-XII ғасырларға тиесілі Айша бибі мен Бабаджа және Қарахан кесенесі сынды бірегей нысандар бар. Ал осындай тарихи құндылықтарды сақтау – басты міндеттердің бірі болғандықтан, қала құрылысында биік ғимараттар салуға белгілі бір деңгейде шектеу қойылатын сынды.

Бұл – қаланың тарихи келбетін бұзбай, оның бірегейлігін сақтауға бағытталған қадам деп ойлаймын. Сонымен қатар екінші маңызды фактор – географиялық және табиғи ерекшеліктер, яғни Тараз сейсмикалық белсенді аймақта орналасқандықтан, жер сілкінісі қауіпі әрдайым ескертіледі. Мұндай жағдайда биік ғимараттар салу күрделі инженерлік шешімдерді талап етеді, бұл өз кезегінде құрылыс құнын арттырып қана қоймай, қауіпсіздік талаптарын да күшейтеді. Меніңше, қала жоспарын сызғанда жоғарыда аталған факторларға басымдық беріліп тәуекелді азайту мақсатында орта қабатты тұрғын үйлер көптеп салынатын сияқты.

Үшінші себеп – экономикалық  жағдаймен байланысты.Сарапшылардың пікірінше, Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі мегаполистерде халық тығыз орналасқан әрі бизнес қарқынды дамығандықтан, мұндай қалаларда биік ғимараттар салу өзін толық ақтайды екен. Ал Таразда халық санымен сұраныс деңгейі салыстырмалы түрде үлкен қалалардан төмендеу болғандықтан, көпқабатты, зәулім ғимараттарға деген қажеттілік те аса жоғары емес және инвесторлар үшін мұндай жобалар әрдайым тиімді бола бермейді. Сонымен қатар қала құрылысының жалпы жоспары да бұл мәселеге тікелей әсеретеді, яғни Таразда бос аумақ жеткілікті болғандықтан, құрылыс көлденең бағытта дамып келеді. Тиісінше ғимараттарды биіктетудің орнына, кең аумаққа орналастыру тиімді деп саналады. Бұл өз кезегінде тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Алғашында достар арасындағы қарапайым әңгімеден туындаған мәселенің жауабы бір ғана себеппен шектелмейді, бұл – тарихи мұраны сақтау, қаланың бірыңғай дресскодын қалыптастыру. Бүгінде Тараз қарқынды дамып келе жатқан қала болғанымен, оның басты ерекшелігі – өткен мен бүгіннің үйлесімінде, сондықтан болашақта жаңа сәулеттік жобалар жүзеге асуы мүмкін болғанымен, қала өзінің тарихи болмысын сақтап қалуы тиіс деп ойлаймын.

Азамат ЖАҚЫПБЕК,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 4-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар