«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шу ауданында қос спорт кешені ашылды

Шу ауданында қос спорт кешені ашылды
Ақәділ Рысмахан
Бұл күнде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен еліміздегі ауылдық елді мекендерде, шағын және моноқалаларда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде өңір-өңірлерде заманауи спорт кешендерін салу да бар. Бастысы, бұл – бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын үнемі атап өтетін Мемлекет басшысының тапсырмасымен мәндес әрі мағыналас болып отыр. Жалпы, қазірдің өзінде аталған қордың ықпалымен республика көлемінде 24 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Ал әрбір залға жыл сайын 36 мыңнан астам бала мен ересек адамдар барады деп жоспарлануда.

Қасиетті жұма күні Шу ауданында дәл осындай нысанның бірі спортпен шұғылданғысы келетін тұрғындарға есігін айқара ашты. Аудан орталығы Шу қаласындағы «Қант қызылшасы» мөлтек ауданында орналасқан ангар типтегі ғимараттың жалпы құны – 170 миллион 500 мың теңгені құрайды. Ал «Жігер» спорт кешенінің құрылысын «SK Monolit Ltd» мердігер компаниясы жүргізген. Ғимараттың ашылу салтанатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жаңа спорт нысанының пайдалануға берілуі – өңіріміздің әлеуметтік дамуы жолындағы нақты нәтижелердің бірі екенін атап өтті.

 – Бүгін ашылған жаңа кешен – бұқаралық спортты дамыту бағытындағы нақты істердің нәтижесі. Аталған нысан қала тұрғындарының игілігіне қызмет етіп, жас ұрпақтың спортқа қызығушылығын арттыра түседі деген сенімім мол. Мұнда болашақта ел намысын қорғайтын талай таланттар өсіп, тәрбиеленеді деген сенімдеміз. Жаңа кешенде футбол, волейбол және баскетболға арналған жаттығу залдары қарастырылған. Яғни, тұрғындарға салауатты өмір салтын ұстануға, бос уақытты тиімді өткізуге кең мүмкіндік берілуде. Сонымен қатар аталған спорт нысаны 15 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуға ықпал етіп, қала экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосылған үлес. Қазіргі таңда облысымызда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың саны 514 мыңнан асып, тұрғындардың 44,8 пайызын құрап отыр. Жыл ішінде облыста 13 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның басым бөлігі бюджет қаражаты есебінен, ал бір бөлігі демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін қосымша 11 нысанды пайдалануға беру жоспарланған, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Бұдан кейін «Қазақстан халқы» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ляззат Шыңғысбаева сөз алып, жаңа модульді спорт зал моноқаланың барлық жас тұрғындары үшін спорт пен салауатты өмір салтын дамытатын орталыққа айналатынына сенім білдірді. Оның айтуынша, қоғамдық қор Әулиеата өңірінде жалпы құны 12,6 миллиард теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асырып жатыр. «Біз тұрғындарға жайлы өмір қалыптастыру мақсатында әлеуметтік салаға көптеп көңіл бөлеміз. Игі бастамалар алдағы уақытта да лайықты жалғасын табатын болады», – деді Ляззат Алтынбекқызы.

Ал спорт ардагері Сайфудин Абдуманапов елді мекеннің одан әрі көркеюіне мұндай кешендердің тигізер пайдасы мол екенін баса айтып, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына ықпал ететін нысанның бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді. Мұнан соң салтанатты түрде ғимараттың лентасы қиылып, көпшілік «Жігер» спорт кешенінің ішін аралап көруге мүмкіндік алды. Естеріңізде болса, бірер жыл бұрын «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Шу ауданындағы Бірлік ауылындағы саябақты күрделі жөндеуден өткізіп, онда заманауи спорт алаңшаларын салып берген еді. Осылайша, 100 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған жоба аясында демалыс орны қайта жаңғыртылып, ауылдықтар бір мезгіл волейбол, баскетбол мен футбол сынды спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік алды. Енді үш жарым мыңнан астам елді мекен тұрғындары үшін ангар типтегі «Самғау» спорт кешені іске қосылды. «Қазақстан халқы» қоғамдық қорының демеушілігімен бой көтерген нысанға да 170 миллионнан астам қаржы бөлінген. Кешеннің ашылуында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев ұлт саулығын нығайтып, халықтың сергектігіне серпін беруде әлі де атқарылар шаруа көп екенін жеткізді. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы орган өкілдері спорт орталықтарын ашуға, оның ішінде мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы, жеке инвестициялар қаражатын тарту арқылы спорт нысандарын салуды мықтап қолға алған. Мұнан соң, мәртебелі меймандар нысан аумағына көшет отырғызды. Ауданға жұмыс сапары барысында өңір басшысы бірқатар өндіріс орындарын да аралап көрді. Әуелі «SHENGTAI BIOTECH CO.LTD» жүгері өңдеу зауытының құрылыс барысымен танысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке жоба туралы толыққанды ақпарат берілді. Айта кетейік, аталған жобаны іске асыру 3 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең 2025- 2027 жылдары іске асырылса, екінші кезең 2028-2029 жылдарды қамтиды. Ал үшінші кезең 2029-2031 жылдар аралығында іске асырылады. Жобаның жалпы құны – 400 миллион АҚШ долларын құрайды.

Келесі кезекте Ербол Шырақпайұлы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағындағы құрылыс жұмыстары аяқталмаған инженерлік инфрақұрылымды көзбен көрді. Құны – 37,2 миллиард теңгеге тең жоба бастаушысы «Біріккен химиялық компаниясы». Ал арнайы экономикалық аймақты ашудағы басты мақсат – тікелей инвестицияларды тарту үшiн жағдай жасау, экспорт-импорт алмастыратын, бағдарланған жоғары технологиялы және бәсекеге қабілетті химиялық өнімді өндiрiске қол жеткізу. Сондай-ақ облыс әкімі бұл күні аталған арнайы экономикалық аймақтағы инвестициялық жобалардың құрылысымен танысты. Ал іссапар соңында «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» серіктестігінің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында тал отырғызу шарасына қатысты.

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар