Мәселен, жергілікті мердігер компания салған Мойынқұм ауылының М.Мәметова көшесіндегі бас-аяғы он екі тұрғын үйдің кейбірінің қабырғалары қақырап, төбелерінен су кетуде. Екі жыл бұрын ғана көпбалалы, жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жалға берілген үйлердің бірі өртенсе, енді бірінің едені көтеріліп тұрғындардың мазасын қашырған. Ал бюджет қаражаты есебінен сатып алынған қосарланған үйдің әрқайсысы 19 миллион теңгеге бағаланып отыр. Бүгінгі таңда аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің меншігіне өткен жаңа ныс андар көпбалалы отбасыларға үлестірілгенде жұрт балаша қуанған. Тіпті ол үшін атқамінерлерге айтқан алғыстары да шексіз. Дейтұрғанмен, көп уақыт өтпей-ақ үйлерінің төбесінен сорғалап су ағып, қабырғалары көгере баст ағанын көргенде қуаныштары су сепкендей басылыпты. Пайдаланатын алаңы 68,9 шаршы метрді құрайтын үйге ай сайын 12 мыңға жуық теңге төлеп тұратын олар осынау нысанның басыбайлы өз меншіктеріне берілерберілмесін де білмей дал.
Дәл осы мәселенің мәнжайына көз жеткізейік деп, өткен аптада ауданға арнайы бардық. Біз кірген бірнеше үйдің расымен де сапасыз салынғаны көзге ұрып тұр. Нақтылай түссек, қабырғалары сыз тартқан, терезе жақтаулары көгерген. Тұрғындардың айтуынша, нысан сейсмикалық тұрғыдан қауіпті.
«2024 жылдың қараша айында үй алғанымызда қуанышымыз қойнымызға сыймады. Мәз-мейрам болдық. Өкініштісі, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Үйдің іші ылғал, сапа жоқ. Қызым бірінші топтағы мүгедек. Бұл үйді соған берген. Бірақ келген кезде-ақ едені опырылып түсті. Содан былтыр жазда бақырып-шақырып жүріп, құрылысын жүргізген жігітке жағдай айтып жатып жөндетіп алғандай болдық. Үйіміз суық, алты ай қыста от жаққанымыз заяға кетеді. Түні бойы от жағып шығамын деп қолымды сындырып алдым. Сексенге келген адамға от жағу да оңай емес қой», – дейді Рымкүл Асқарова.
Ал кейуананың көршісі, көпбалалы ана Айгүл Жұманованың сөзінше, олар қоныстанған үйдің қабырғалары қопарылып, терезелерінен жел уілдейді. Жаңбыр суы ішке ағатындықтан, терезе алдына үнемі шүберек тастап қоюға мәжбүр. Оның үстіне қыстыгүні үйді жылыту үшін тонналап көмір жағып келеді екен. Салғырттықтың әсерінен сергелдеңге түскен ол олқылықтың орнын толтырамын деп әуреге түскенін айтады.
«Бұл үйде негізінен әлеуметтік осал топ өкілдері тұрады. Осы санаттағы азаматтарға сапасыз үй беру – әділетсіздік әрі құрылыстың дұрыс қадағаланбағанының айғағы. Өзгесін айтпағанда, үйіміз тым суық. Бетон үстіне линолеум төсей салу қайдан шыққан стандарт?! Міне, осыдан кейін қыста 5-6 тонна көмір жағуға тура келеді. Ал ол аз ақша тұрмайды ғой. Біздің осы уәжімізге «ұнамаса тұрмай-ақ қой» деп сөге-жамандайтындар да табылар. Сіздерге пікір айтқанымыз үшін қысымға ұшыраймыз ба деген қорқынышымыз да жоқ емес», – дейді Айгүл Нұрлыбекқызы.
Бұл жайттан хабардар аудан әкімінің орынбасары Алибек Нурадинов өңірге келгеніне небәрі бір жыл болғанын алға тартса да, тұрғын үй құрылысында кемшілік кеткенін жоққа шығармады. Ол уақытында өзі де құрылыс саласында аздыкөпті тер төккенін жеткізіп, нысанның бой көтеруінде олқылықтар орын алғанын мойындады.
«Аталған үйді қабылдап алған кезде өз басым бұл қызметке тағайындалмаған едім. Иә, үйдің сапасына байланысты айтылған сын-пікірмен келісемін. Алайда кез келген үй жаңадан салынғанда әп-әдемі болып тұратыны белгілі. Былайша айтқанда, қабырғалары жарылмайды, едені көтерілмейді дегендей. Оның үстіне салынып жатқан үйлерді мамандар өз бақылауына алады. Ал бұл жерде дайын нысан сатып алынып, уақыт өте оның кем-кетіктері пайда бола бастаған. Десе де, біз қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ. Мәселен, бұған дейін құрылысын жүргізген жауапты мердігер компанияның өкіліне айтып, сондағы бір ақсақалдың үйін жөндеп бердік. Шын мәнінде, бұл нысанға мердігер тарапынан кепілдік берілмейді. Ал біз құрылыс компаниясымен тиісті келіссөздер жүргізіп, бұл істің оң шешілуіне ықпал етіп келеміз. Тағы бір айта кететін жайт, алдағы уақытта өртке оранған және едені көтеріліп кеткен үйлерге де жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Нәтижесін, бір-екі айдан соң көретін боламыз», – деген Алибек Нагыметуллаұлы жергілікті билік қарапайым халықтың мұң-мұқтажына бейжай қарамаймыз деп сендіруге тырысты.
Ал аудан әкімдігінің тұрғынүй - коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Жазира Жанәділованың айтуынша, азаматтар өздеріне берілген тұрғын үйді кез келген уақытта жекешелендіріп ала алады. Бұл ретте бірқатар құжаттарды жинап, үйдің құнының 10 пайызын құюға міндетті. Содан соң арнайы комиссияның шешімі негізінде үй олардың меншігіне өтеді екен.
«Бұрынғы талап бойынша тұрғын үй 10 жылға жалға берілетін. Осы мерзімнен кейін ғана оны жекешелендіріп алу жұмыстары мүмкін еді. Ал қазір мұндай талап жоқ. Тұрғындар кез келген уақытта жекешелендіріп алады. Ол үшін 1 миллион 900 мың теңге көлемінде алғашқы төлем жасалуы тиіс. Содан кейін қаражаттың қалған бөлігін бөліп төлейді. Сондай-ақ мұнда көпбалалы ана немесе осал топтағы жан екенін растайтын анықтамаларды жинаумен қатар коммуналдық қызметтерге қарыз еместігін дәлелдейтін құжаттарды өткізуі керек. Егер алғашқы төлем жасауға шамасы жетпесе, ай сайын 11804, 64 теңге төлеп, өмір бойы тұра берсе де болады», – дейді Жазира Ержігітқызы.
Осылайша, біз пікірле скен қо с мемлекеттік қызметкер сапасы сын көтермейтін осынау үйдің аудан әкімдігінің балансына қалайша өтіп кеткеніне нақты жауап бере алмады. Бірі ол уақытта бұл өңірде қызмет етпегенін тілге тиек етсе, кейінгісі нысанды сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі сатып алғанын ғана айтумен шектелді. Осы тұста сіз бен біздің көкейімізде «сапасыз құрылыстың сұрауы кімде?» деген заңды сұрақ туындайды. Бәлкім, оның нақты жауабын кезекті еңбек демалысынан шыққан соң аудан әкімі Ермек Карентаев айтар…
Айтпақшы, бүгінгі таңда Мойынқұм ауылындағы М.Мәметова көшесінде тағы да 10 үй бой көтеруде. Тиісінше, бұл нысандар да тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілмек. Өкінішке қарай, бұл нысандардың да халі мүшкіл. Анығырақ айтсақ, тұрғын үйді қоршап тұратын сыртқы қоршауы қирап қалғанын көз көрді. Осыдан-ақ құрылыстың қаншалықты сапалы орындалғанын аңғаруға болады ғой. Аудан әкімінің орынбасары Алибек Нурадиновтың сөзіне сүйенсек, кемкетік түзелмейінше нысан тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің меншігіне өтпейді. Бұл туралы мердігер компанияға ескертіліпті. Демек, мойынқұмдық атқамінерлердің сөзінің расөтірігіне уақыт төреші. Тек жергілікті билік өкілдері өңірімізде қазына қаржысына сатып алынатын ғимараттардың соңы сотқа дейін барып, көбінде құзырлы органдар сыбайлас жемқорлық әрекеттері орын алғанын естен шығармаса игі. Ал мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады ғой.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Экобокс мәселесіне әкімдер неге енжар қарап отыр?
- 2 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




