«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өзге емес, өзім айтам өз жайымда...

Өзге емес, өзім айтам өз жайымда...
автор
Ұлыс күні ұлттық құндылықтар дәріптеліп, өз нақышындағы киім үлгілері, ою-өрнектер, тағам түрлері көптеп көрсетіліп жатады. Бұл мереке барлық ұлтқа ортақ деп ойлайтындықтан, өзім орыс ұлтының өкілі болсам да қазақы тәрбиемен өсіп, мемлекеттік тілде отбасымызбен жатық сөйлейтін қазақ елінің бір тұрғыны ретінде өзім туралы айтқым келеді. Біздің отбасымызда да Ұлыс мейрамында Наурыз көже пісіріліп, мерекелік дастарқан жайылады, көрші-көлеммен ақ тілектерімізді ақтарып, құшақтаса көрісеміз.

Адам өмірінде өзінің кім екенін, қайдан шыққанын, қандай ортада өсіп, қандай құндылықтарды бойына сіңіргенін тану өте маңызды. Кейде адамды ұлтына қарап бағалап жатады, ал шын мәнінде тұлғаны қалыптастыратын ең басты нәрсе – оның өскен ортасы, алған тәрбиесі, жүрек қалауына адалдығы. Менің өмір жолыма қарап, осы ойдың қаншалықты шын екенін анық байқауға болады.

Көшеде бейтаныс адам менен жол сұраса, түріме қарап, бірден орыс тілінде сөйлеп кетеді. Ал мен қазақша жауап берген сәтте, оның жүзінде таңданыс пайда болады. Сол бір қысқа ғана мезетте мен өзім туралы ұзақ түсініктеме бермей-ақ, түріме қарап басқа ұлттан екенімді, бірақ қазақша таза сөйлегеніме сүйсінеді. Мұндай сәттер менің өмірімде аз болған жоқ. Қайта солар мені өз болмысым туралы көбірек ойландырды. Ұлтым – орыс. Бірақ өскен ортам, жүрегіме жақын тілім, таңдаған жолым мені мүлде басқа қырынан танытты.

Туып-өскен жерім – табиғаты тамылжыған Меркі ауданы. Ел ішінде «Жердің көркі – мерейлі Меркі» деп бағаланған туған ауылым қазақы тәрбиемен, бойыма әдеп жиып өсуіме үлкен әсерін тигізді. Туған жердің адамға әсері көзге көрінбегенімен, тағдырда қалдыратын ізі терең. Мен үшін Меркі – балалық шағымның бояуы өшпеген, мінезім қалыптасқан, өмірге деген алғашқы көзқарасым орныққан мекен. Сол орта, сол адамдар, сол тіршілік мені бүгінгі болмысыма жақындатты.

Отбасымызда әкем, анам және сіңіліммен бірге бақытты ғұмыр кешудеміз, шүкір. Әкем – орыс, анам – қазақ. Яғни, мен де орыстың қызымын. Бірақ үйдегі тіршілік, күнделікті қарым-қатынас, араласқан ортам мені қазақ тіліне ерте жақындатты. Өзімді танығалы анаммен көбіне қазақша сөйлесіп өстім. Ал сіңлім маған қарағанда орысшаға бейімдеу болды. Бір шаңырақ астында екі тілдің қатар өмір сүруі біз үшін тосын құбылыс емес, қалыпты тіршілік еді. Сол қалыпты көрінген дүниенің кейін менің өмірлік бағытыма әсер ететінін ол кезде өзім де толық аңғармаппын.

Балалық шағыма көз жүгіртсем, тағы бір анық нәрсе көрініс табады, яғни менің ортамның дені қазақ болды. Көршілеріміз аралас болғанымен, мен көбіне қазақ балаларымен ойнап өстім. Достарымның бәрі дерлік қазақ еді. Сырт көзге бұл жай ғана орта сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ адамды орта тәрбиелейтіні рас. Қазақ тілі маған мектептен немесе оқулықтан ғана келген жоқ. Ол маған ауладан, достарымның әңгімесінен, күнделікті тұрмыстан, қазақы мінезден сіңді. Сондықтан бұл тіл мен үшін сырттан үйренген дүние емес, бала күнімнен бойыма сіңген табиғи болмысқа айналды.

Кішкентайымда мен апамның қолында өстім. Әженің тәрбиесі – ерекше тәлім. Онда артық сөз де жоқ, бірақ терең мән бар, қатал талап та жоқ, бірақ үлкен мейірім бар. Апамның жанында жүріп көп дүниені үнсіз ұқтым деп ойлаймын. Жасы үлкенді құрметтеу, кішіпейіл болу, адамды сыйлау, тілдің қадірін түсіну – мұның бәрі менің бойыма сол кісінің тәрбиесі арқылы сіңді. Кейде адамға әсер еткен ең үлкен мектеп ресми білім емес, шаңырақтың ішіндегі тәрбие болып шығады.

Мектепті мен орыс тілінде тәмамдадым. Сол кезде болашақ мамандығымды орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болумен байланыстырдым. Бұл да кездейсоқ таңдау емес еді. Тіл мен әдебиетке деген қызығушылығым ерте оянды. Сөздің салмағын, әдебиеттің адам жанына әсерін, ойды дұрыс жеткізудің маңызын ерте сезіндім. Сондықтан өзімді сол бағытта көрдім. Алайда өмір кейде адамға өзі күтпеген бұрылыс дайындап қояды екен. Ұлттық бірыңғай тестілеуден өзім қалағандай балл ала алмай, армандаған мамандығыма түсе алмадым. Ол сәт мен үшін оңай болған жоқ. Көңілге қаяу түсті, жоспар өзгерді, арман алыстап кеткендей көрінді.

Бірақ уақыт өте келе бір нәрсені түсіндім, кейде жабылған есік адамды өзіне шын жақын жолға бұрады екен. Менің өмірімде де солай болды. Мұғалімдік мамандыққа емес, журналистикаға келдім. Әуелде бұл жол маған тағдырдың жай ғана бұрылысы сияқты көрінді. Кейін ұқтым, журналистика менің жаныма әлдеқайда жақын екенін. Себебі, бұл салада сөз де бар, ой да бар, ізденіс те, жауапкершілік те бар. Ең бастысы, қоғаммен үндесу, адам тағдырына бейжай қарамау, шындықты жеткізу сияқты қасиеттердің бәрі осы мамандықта тоғысады.

Университетке түсер кезде мен журналистиканың орыс тобына барамын деп ойладым. Тіпті соған іштей дайын болып жүрдім. Бірақ соңғы сәтте қазақ тобына түстім. Бұл шешімді бір ғана ақылмен түсіндіру қиын. Кейбір таңдау есеппен емес, жүрекпен жасалады. Мен үшін бұл да сондай шешім болды. Ең бастысы – мен сол таңдауыма бір сәт те өкінбедім. Керісінше, қазақ тобына түскеніме ерекше қуандым. Бірінші курст а бұл жағдай көпшілікті таңғалдырды. «Орыс қызы қазақ тобына қалай түсті?» деген сұрақты кейбірі сөзбен айтпаса да, көзқарасынан аңғаруға болатын. Бірақ мен өзімді ол ортада бөтен сезінбедім. Өйткені қазақ тілі мен үшін жаңа әлем емес еді. Қайта сол ортада өзімді еркін ұстадым. Топтастарым да, оқытушыларым да маған үлкен қолдау көрсетті. Көпшілігі менің орыс ұлтынан болсам да, қазақша еркін сөйлейтініме сүйсініп, «қазақшасы судай екен» деп айтып жататын. Мұндай сөздер мені қуантатын, бірақ сонымен бірге жауапкершілік те арттыратын. Себебі сенім артылған жерде адам өзіне де талапты күшейтеді. Дегенмен, университет мені тек қуантып ғана қоймай, ойландырған сәттері де болды. Дәл осы жерде мен өзім туралы бұрын байқамаған бір кемшілікті аңғардым. Сөйтсем, мен «ң» дыбысын дұрыс айта алмайды екенмін. Мектепте орыс сыныбында оқығандықтан, бұл маған соншалық байқалмаған, ешкім де арнайы ескертпеген.

Ал журналистикада тіл тазалығы, дыбыстың анықтығы, сөздің дұрыс айтылуы аса маңызды. Бір дәрісте мәтін оқып отырғанда осыны анық сездім. Сол сәтте ішімнен: «Мен қалай журналист боламын?» деген ой келді. Өйткені, менің арманым жай ғана диплом алып шығу емес, кәсіби тілші, жаңалықтар жүргізуші болу еді. Ол сәт мен үшін үлкен ішкі сын болды. Кей адам мұндайда именіп, өз арманынан алыстап кетер еді. Бірақ мен мойымадым. Керісінше, сол кемшілік мені шыңдай түсті. Мен оны тағдырыма өкпе қылатын себеп емес, өзіммен жұмыс істейтін жағдай деп қабылдадым. Арманымнан бас тартпадым. Бір дыбыстың өзі адамға үлкен сабақ бола алатынын ұқтым. Мен үшін «ң» әрпі жай ғана әріп емес, табандылықтың белгісіне айналды. Сөйтіп жүріп, әне-міне дегенше төртінші курсқа да келіп қалыппын. Көшеде маған орысша сөйлеп, менің қазақша жауап беруіме таңғалған адамдардың жымиысы, университет табалдырығын аттағанда сезілген тосын көзқарастар, өзім байқамаған бір дыбыстың мені ойға салуы – мұның бәрі менің өмір жолымды айқындаған сәттер болды. Осындай ұсақ көрінетін, бірақ мәні терең мезеттер адамды өзі туралы көп нәрсеге үйрететініне көзім жетті. Мен де сол сәттер арқылы өзімді тереңірек тани бастадым. Қазақ тілі мен үшін жай ғана қарым-қатынас құралы емес. Ол – менің өмірімнің табиғи үні. Бұл тілде мен өзімді еркін сезінемін, ойымды анық жеткіземін, кейде тіпті жанымды да осы тілде жақсырақ таныта аламын. Қазақ тіліне деген сүйіспеншілігім дәлелдеуді қажет етпейді деп ойлаймын. Өйткені, адам қай тілді шын жақсы көрсе, сол тіл оның сөзінен ғана емес, болмысынан да байқалады. Бүгінде мен журналистиканы кездейсоқ келген мамандық деп емес, өз жолым деп қабылдаймын. Бұл жолда күмән де болды, сын да кездесті, ішкі қорқыныш та көрініс берді. Бірақ солардың ешқайсысы мені тоқтата алмады. Керісінше, бәрі мені шыңдады. Қазір мен өз болашағымды қазақ журналистикасымен байланыстырамын. Ел алдына шығып жаңалық жүргізетін, сөздің салмағын түсінетін, тілдің тазалығына жауапкершілікпен қарайтын кәсіби маман болу – менің ең үлкен мақсаттарымның бірі.

Сырт көзге менің өмірімде қарамақайшылық бар сияқты көрінуі мүмкін. Себебі, ұлтым – орыс, бірақ жан дүниеме жақын тіл – қазақ тілі, мектепті орысша бітірдім, бірақ университетте қазақ тобына түстім. Бастапқыда мұғалім болуды армандадым, кейін журналистикаға келдім. Алайда мен үшін мұның бәрі қайшылық емес. Бұл – менің өз жолым, өз болмысым, өз таңдауым.

Ақын Қасым Аманжоловтың «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда...» дегеніндей, мен өзімді ұлтыммен ғана таныстырғым келмейді. Мен өзімді өскен ортамен, алған тәрбиеммен, жақын тартқан тіліммен, таңдаған жолыммен танытсам деймін. Өйткені, адамды шын мәнінде айқындайтын нәрсе – оның төлқұжатындағы жазу емес, жүрегіне жақын дүниеге деген адалдығы. Мен үшін сол адалдықтың аты – қазақ тілі, қазақы орта және журналистикаға деген берік сенім.

Снежана АЛЬЖЕВА,

М. Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 4-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар