Бұл кісінің есімін алғаш рет мектепте оқып жүрген кезімде естіген едім. Жазусызуға жақын болған соң, мерзімді басылымдарды оқып жүресің. Белсенді кісілердің есімі көңіліңде жаттала беретіні бар. Ол уақытта Тұрсынхан Бейсебайұлы – Т.Рысқұлов (бұрынғы Луговой ) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы.
Тұрсынхан Мүсірәлиев 1936 жылы наурыз айында Тараз қаласында өмірге келген. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірісімен 1957 жылы Жамбыл аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып еңбек жолын бастады. Аталған аудандық партия комитетінің хатшысы, Оңтүстік Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан өлкелік комсомол комитеті бірінші хатшысының көмекшісі қызметтерін 1965 жылға дейін атқарды. Ал 1965 жылы облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызметінде болыпты. Бар болғаны 29 жасында. Партияның күші жүріп тұрған шақта облыстық деңгейдегі мұндай жұмысқа бару – азаматтың алғырлығы мен сауаттылығын көрсетсе керек. Ол кезде көзге түскен сапалы кадрларды Жоғарғы партия мектебіне жіберіп, шыңдайды. Аталған Жоғарғы партия мектебін екі жыл оқып келген Мүсірәлиев қызметтің келесі сатыларында еңбек етті. Облыстық партия комитетінің лекторы, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты партия комитетінің хатшысы, Ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы директорының орынбасары, Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары. Осы қызмет жолдарынан өткеннен кейін ғана 1973 жылы 37 жасында Жамбыл ауданының «Аса» кеңшарына директор қызметіне жіберіледі. Міне – бұл партияның үлкен сенімі. Себебі, аумағы үлкен, сан салалы тірлігі бар шаруашылыққа басшы болу – өте жауапты жұмыс. Ол уақытта кеңшарға абыройлы директор болған басшы шыңдалған, тәжірибелі маман болып саналады. Арада үш жыл өткенде, қамал бұзар 40 жасында Мүсірәлиев Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Он жыл бойы аталған ауданды абыройлы басқарып, әлеуметтік - экономикалық жағын едәуір көтеріп, көзге түсті. Елуді еңсерген шағында Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне жіберілуі де бекер емес. Табан аудармай 15 жыл ішінде екі ауданды басқаруы – оның үлкен іскерлігі мен табандылығын, партия жұмысында үздік кадр болып қалыптасқанын көрсетті.
Оның іскерлік қабілеті 1991-1994 жылдары облыстық нан өнімдері бірлестігінің директоры, облыстық агроөнеркәсіп комитетінің төрағасы, облыс әкімінің орынбасары қызметінде жарқырап көрінді. Біздің аймақ аграрлық аймақ болғандықтан, облыс әкімінен кейінгі екінші адам ретінде биік орында өзін жақсы қырынан танытып, болмысын жоғары ұстады. Нақтылап айтқанда, қай жауапты жұмысқа барса да қызмет Мүсірәлиевті емес, Мүсірлиев қызметті көтеріп тұрды. 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде де өзінің биік қолтаңбасын қалдырды. Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек еткен тұлға ретінде қатардағы еңбекшінің, шопан мен диқанның мәселесін көтеруге күш сала бастаған еді. Бірақ, Жоғарғы Кеңестің ол шақырылымы бір жыл мерзімде тарап кеткен болатын. 1995- 1996 жылдары Тұрсынхан Мүсірәлиев Меркі ауданының әкімі қызметін атқарды. Бұрын партияның кезінде екі ауданды басқарса, Тәуелсіздігімізді алған тұста да аудан басшысы ретінде өзін жақсы қырынан көрсетті. Себебі, партия және әкімшілік жұмысында жинаған тәжірибесі өте мол болатын. Осы жылдары ол асқаралы 60 жасқа толды. Осы жасқа зор абырой, беделмен, өзінің биік орынымен, үлкен құрметпен жетті. 1996-2000 жылдары «Астық – Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық кәсіпкерлер одағы атқару комитетінің төрағасы қызметтерін абыройлы атқарып, құрметке бөленіп, зейнетке шықты. Ұзақ жылғы сіңірген еңбегі «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, бірнеше медальдармен және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен бағаланды. Біз білетін Мүсірәлиев міне, осындай азамат. Тұрсынха Бейсебайұлы туралы естелік айтқысы келетін кісілер өте көп. Себебі кісілік болмысы, ұзақ жыл қызмет жолындағы адалдығы оны биіктетіп тұрады. Мәселен, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза біз айтып отырған азаматтың «Ұрпағыма хат» атты кітабының алғысөзін тебірене жазуы бекер емес. Сол жазбасында Шерхан Мұртаза: «Тұрсынхан Мүсірәлиевтің есімі Жамбыл жұртшылығына тегіс таныс. Жүріс-тұрысынан, киім киюінен, өзін-өзі ұстауынан тектіліктің лебі есіп тұратын азамат өмір бойы баршылықта, тоқшылықта өскендей көрінетін. Шын мәнінде әкеден ерте айырылып, өз сөзімен айтқанда, «бір ана, бір бала болып» жетімдікте өскен ол жоқшылықтың кермек дәмін аяусыз-ақ татыпты. Ұзақ жылдар басшылық қызметте болған, өзі де қияс баспайтын, өзгелерді де бо саңсытпайтын темірдей тәртіптің адамы, анаумынау сентиментализмнен ада, нағыз партократтай көрінетін. Шын мәнінде темірдей тегеурінді мінездің ар жағында әке, ана, отбасы, елжұрт дегенде езіліп кететін, өзгенің жақсылығына ақжарылқап қуана алатын, қайғы-қасіретіне көкірегі қарс айырыла қайғыра білетін нәзік те сырлы жүрек, кең пейіл жатыпты. Олай болмаса, анасы туралы дәл осылайша толғана, тебірене алар ма еді? Олай болмаса, сталиндік жазықсыз жазалаудың құрбаны болып кеткен әкесінің бір жапырақ суретін іздеп шарқ ұрар ма еді? Олай болмаса, Абайды жата-жастана жүріп оқыр ма еді? Олай болмаса, Қадыр Мырза Әлі, Мұхтар Мағауин, Әкім Тарази, Райымбек Сейітметов секілді қазақтың сұңғыла қаламгерлерімен достаса, сыйласа алар ма еді? Тұрсынхан сүйіп оқыған, жастанып жатып оқыған Абай хакім «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» демейтін бе еді. Көзі тірісінде елі үшін аянбай еңбек етіп, туған жерде өшпес ізін қалдырған аялы жан өзінің ұрпағына аманат мемуарымен өлмейтұғын артына сөз қалдырып, бақилық болғаннан кейін де халқына пайдасын тигізіп отыр. Әке аманатын орындап мемуарды кітап қылып шығарып отырған ұрпағына рахмет» деп ағынан жарылыпты.
Ал облыс журналистикасының ардагері Бекет Момынқұлдың естелігі де әсерлі.
«1981 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп келіп, Жамбыл аудандық «Шұғыла - Радуга» газетіне тілші болып жұмысқа қабылдандым. Арада бір жылдан астам уақыт өткенде мені коммунистік партия мүшелігіне кандидат қып қабылдайтын болды. Ол кезде коммунистік партия қатарына өту деген – үлкен мәртебе. Тұрсынхан Мүсірәлиев ағай – аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. Кабинетіне кіргенімізде алдында жатқан қоңыр дәптерді байқадым. Кейіннен білгенімдей, болашағынан үміт күттіретін, келешекте жауапты қызметке бара алады-ау деген жас азаматтарды сол қоңыр дәптеріне түртіп алады екен. Аудандық газетте жұмыс істегеніме 2 жыл 6 ай болған уақытта мені аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне шақырып алды. Қасында талай бірге жүрдік, кабинетінде де болған сәттеріміз аз емес. Сол қоңыр дәптерден өз аты-жөнімді байқап, қуандым. Партия мүшелігіне кандидаттыққа қабылданарда Тұрсекең бюро мүшелерімен бірге мені де ұзақ қабылдады. 43 минут бойы жібермей, түрлі сұрақтар қойғаны есімнен кетпейді. Сөйтсем, болашағы бар жігіттерді солай сынайды екен. Осылайша, Тұрсекең кадр мәселесіне ерекше назар аударатын. Сапалы кадрлардың көп мәселені шешетіні де рас. Салыстырып отырсам, қазіргі жас кадрларға қарағанда, біздің заманның кадрлары басқаша еді. Әрине, заман да басқа ғой. Бірақ, жаныңның тазалығы, қолыңның тазалығы бірінші орында тұратын. Сенен сәл күдіктенсе, жолатпайтын еді. Тұрсекең бәрімізді тазалыққа тәрбиеледі. Тағы бір айтары, Тұрсекең әкесінен ерте айырылған кісі. Анасы жеткізді. Сондықтан анасына деген құрметі ерекше еді», – дейді Бекет Момынқұл.
Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Райкүл Омарованың да белгілі тұлға жайлы айтары аз емес. «Тұрсынхан Бейсебайұлы біздің Жамбыл ауданы халқының есінде ерекше қалды. Бұл кісі баяндама жасағанда қағазға қарамайтын. Түрлі саладағы аудан көрсеткіштерін жатқа айтатын. Өресі өте биік басшы болды. Мен басқарған мектепке жасаған жақсылықтарын еш ұмытпаймын. Сол кезде менің оқушым болған Ержан Мүсірәлиевтің сабағы жақсы болғанымен, өзі еркелеу болды. Апайы Н.Шевякова күнделігіне қызыл сиямен толтырып, тәртібі туралы жазып, ата-анасына көрсетуді талап етіп отырған ғой. Ұят болмасын деп Ержанмен мен өзім сөйлесіп жүрдім. Жас бала жас шыбық қой, қалай исең солай иіледі. Көп ұзамайақ Ержан күнделігіндегі қызыл сиямен жазылатын ескертпелерінен құтылды. Ауданның басшысы екеніне қарамастан, Ержанның мұғалімі деп үйіне шақырғаны бар. Мысы да, сұсы да басып, дастарханнан әрең дәм татқаным есімде. Жеке кітапханасы бай екен. Ел басқарып жүрген ауыл шаруашылығы маманы бола тұра, руханиятқа көңіл бөлетіні таңдандырды. Дастарханынан дәм татқан соң, кітапханасына апарып, «Қалаған кітабыңызды алыңыз», – деді.
«Джордж Санд бар ма?», – деп сұрадым. «Бар», - деді. Алдым, сол кітап маған естелік болып қалды үлкен кісіден. Ол кісіні Парламентке депутаттыққа сайларда сөз сөйлеп, пікірімді айтып, мұғалімдердің жағдайын ұмытпауын өтінген едім. Сөзімді жерге тастамады, Парламенттің бір отырыстарында айтты. Облыс әкімінің орынбасары кезінде 1992-1993 жылы мектептің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында мектептің күрделі жөндеуіне сол кездегі аудан әкімі Ю.Морозовқа телефон шалып, 2,5 миллион теңге қаржы бергізді. Алдында сол Морозовқа өзім кіріп, 450 мың теңгені зорға алған едім. Бұл күнде жас үлғайды. Кезінде елге қызмет еткен азаматтардың халықтың құрметіне бөленгенін қалайсың. Төрт ұл, бір қызы бар еді. Үш ұл, бір қызы мен басқарған мектепте оқыды. Тұрсынхан Бейсебайұлы сынды азамат та атаусыз қалып барады-ау десем жалған емес шығар. Жақында облыстық басылымдардың бірінен аға жайлы қысқа хабарламаны оқып, қуанып қалдым. Бәрімізге қадірлі Тұрсынхан Бейсебайұлының алды пейіш, арты кеніш болсын, иманды болсын», – деді.
Елдің жүрегінен ерекше орын алған белгілі тұлға жайлы естеліктер легі мұнымен толастамайды. Алдағы уақытта да бұл кісінің жақсылығын еске алатындар аз емес сияқты.
***
Мен бұл кісіні сырттай ғана білуші едім әуелі. 7-8 жыл бойы белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әлдихан Қалдыбаев ағаймен бір газетте қатар еңбек ету маңдайыма жазылыпты. Әлдихан ағай кең пейілді, мейірімді, терең ойлы кісі еді. Маңайына шуағын шашып, жылылығын таратып жүретін. Ол кісі ұзақ жылдар бойы облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы болған. Өзінің достары да ірі. Зейнетке шыққан бірнеше азаматтар өзара араласып, бильярдқа барып, әңгімелесіп, сырласып жүреді. Сол достың бірі – белгілі қаламгер, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосын ағай. Ол кісі де ұзақ жыл «Ақ жол» газетін басқарған. Әлдихан ағай мені сәті келгенде Әлмұхан Исақов, Тұрсынхан Мүсірәлиев, Әмірбек Дәуреновпен таныстырды. Тұрсынхан Мүсірәлиев ағаймен осылай танысқан едім. Көп ұзамай ол кісі өмірден озып кетті. Ол кісі өмірден озғанына бірер жыл өткенде Жаңабай Миллионов басқаратын облыстық «Ғұмыр – дария» газетіне Тұрсынхан ағай туралы көлемді мақала жазу үшін ағаның шаңырағында болып, Еркін апайымен әңгімелескен едім. Еркін Шаданова апай қуанып қарсы алды. Жақсы әңгімелесті. Еркін десе, еркін екен. Тұрсекеңді аса қатты құрметтейтіні көрініп тұр. Еркін апай күбіжіктемей турасын айтты. Тұрсекеңнің алғашқы жары Тәжікүл апамыз жайлы да жақсы пікір білдірді. Әңгімесінде Тәжікүл өмірге әкелген балаларды да «балам, қызым» деп бауырына тартып отырғанын айтты.
– Өзім белгілі азамат Тұрсынхан Мүсірәлиевтің жары ретінде қара шаңырағын қастерлеп ұстап отырмын. Ол кісі байлық жиған жоқ, кітап жиды. Тұрсекеңнің жинап кеткен 3 мыңдай кітабы бар. Жазбалары бар. Өзі өмірден озған соң, жазбаларын жинақтап «Ұрпағыма аманат» атты кітабын шығардық. Осы кітапқа жанашырлық танытып, редакторы болған белгілі журналист Қуаныш Иембердиевке үлкен ризашылығымды білдіремін. Суреттері, марапаттары бар. Әр суреттің тарихы бар. Әр сурет – бір-бір дәурен күндер. Қайта оралмайды. Асыл жарым Тұрсекең өмірден озғанда: Көз алдымнан бір жарқ етіп көшті елес, Кездесіп ек, ерте де емес, кеш те емес. Бірге өткізген 20 жыл 3 ай тәтті өмір, Ғасырмен тең, кетпейді енді естен еш, - деп өлең шумақтарын жазған едім.
20 жыл 3 ай бірге ғұмыр кештік. Иш-шай деп сөзге келіп, өкпелеспеген екенбіз. Үлкен адам деп бағаладым, ол кісінің қабағына қараумен болдым. Жолдасымды ренжіткім келмейтін. Ол да мені бағалады, еркелетті, құрметтеді. Балаларын да өте жақсы көрді. Өмірді жақсы көрді. Көркем әдебиетті көп оқитын. Жаны көркем еді. Өмірде атаққа ұмтылмады. Енді өзім ойлаймын, Жамбыл ауданында 14 жыл қызмет етті. 10 жыл бірінші хатшы болды. Аса ауылындағы бір көшеге есімі берілсе деймін. Тараз қаласындағы Тұрсекең тұрған қара шаңыраққа «Бұл үйде қоғам қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Тұрсынхан Мүсірәлиев тұрған» деген тақтайша орнатылды. Оны ұйымдастырған азаматтарға рахмет. Асадағы Тұрсекең тұрған үйді 2016 жылы аудандық ардагерлер кеңесіне ғимарат ретінде берді. Ашылу салтанатына қатыстым. Асыл азамат Тұрсекеңнің есімі ұмытылмайды, – дейді жұбайы Еркін Жұмалықызы.
«Ұрпағыма аманат» кітабының соңғы мұқабасына Тұрсынхан ағаның терең ойлы сөздері жазылған екен. «Дүниеде ең оңай жұмыс – ақыл айту, тапсырма беру. Адам басқару, ұжым басқару, халық басқару – өнердің өнері. Ол – үлкен құпия, шым –шытырық, қилы-қилы бұрылыс, қиғаш жолдары көп тұңғиық жұмбақ. Осы жұмбақ құпия жолды таба алам ба, таба алмай сергелдең болам ба деген ойлар мазалай берді. Шығыс ғалымдарының айтуынша, адам бойында тағылық рух басым түссе, ол сөзсіз жаманшылықтарға бастайды. Ал тазалық пен періштелік рух басым түссе, екі дүниеде жақсылық көбейе бермекші» дейді әл-Ғазали. Дұрыс айтылған даналық сөз», депті.
...Тұрсынхан Мүсірәлиев – биік тұлға. Ондай асқар таудай кісіге деген құрмет те аласа болмауы керек. Көзі тірі болғанда 90 жасқа толып, ортамызды толтырып отырар еді. Аса ауылы емес, Тараз қаласынан бір көшені Тұрсынхан Мүсірәлиевтің есімімен атаса да артық емес. Бәлкім алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табар.
Тұрсынхан ағай өз үйінің ауласына жеміс ағашын, түрлі талдар еккен екен. Жайқалып өсіп тұр. Ұл-қызы, немере, шөбере, ұрпақтары да өсіп келеді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы да.
Есет ДОСАЛЫ, журналист,
Мәдениет саласының үздігі.
Ұқсас жаңалықтар
Ұлық мерекені қалай тойлап жүрміз?
- 21 наурыз, 2026
Елімізде Наурыз есімді 1453 адам бар
- 21 наурыз, 2026
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




