«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жыл басынан бері 104 өрт оқиғасы тіркелген

Жыл басынан бері 104 өрт оқиғасы тіркелген
Ашық дереккөз
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері өңірдегі өрттен туындайтын қауіп-қатерлерді төмендету шаралары, жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар және заңнамадағы өзгерістер туралы ақпаратпен бөлісті.

Департаменттің мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында 104 өрт тіркелген. Өрт салдарынан 2 адам түрлі жарақат алып, 1 адам қаза тапқан. Өрттен келген материалдық шығын шамамен 10 миллион 200 мың теңгені құрады. Өрттің негізгі себептері – электр сымдарының қысқа тұйықталуы, электр желілерінің шамадан тыс жүктелуі және отты абайсыз пайдалану. Сонымен қатар өңірде профилактикалық жұмыстардың белсенді жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын үйлерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, көміртек тотығын анықтайтын датчиктер орнатылған.

«Жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі айлықтары ұйымдастырылып, департамент қызметкерлері 12 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, жылыту маусымы кезінде өрттен адамдардың қаза болуының алдын алу үшін 66 мыңға жуық азаматқа нұсқаулықтар таратты. Жылыту пештерін, электр қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша 700-дей жиын ұйымдастырылды. Департаментте өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша азаматтарға кеңес беру және ақпараттандыру үшін «Жедел желі» іске қосылған. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда», – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дархан Қалдырбек.

Брифингте  департаменттің техникалық нормалау бөлімінің бас маманы Ербол Несіпбай Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы мағлұмат берді. Аталған өзгерістер адамдар жаппай жиналатын нысандарды пайдалануға беру кезінде олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйке стігі туралы қорытынды алу тәртібіне қатысты.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

Ұқсас жаңалықтар