«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шахмат жасқа қарамайды

Шахмат жасқа қарамайды
Автор
Таразда классикалық шахматтан Қазақстан чемпионатының жартылай финалдық кезеңі аяқталды. Бәсеке 14 жастағы Айару Алтынбек пен 15 жастағы Дінмұхаммед Түлендиновтың жеңісімен аяқталды.

Соңғы тур алдында Қазақстан чемпионатының финалына жолдама беретін үш үздік орынға үміткерлер әйелдер арасында 8 адамға, ерлер арасында 11 адамға дейін қысқарды. Айару Алтынбек Кристина Киммен әдеттегі шабуыл стилінде ойнап, 7-ші жеңісіне қол жеткізді. Ал 2-орынды 13 жастағы Ақнұр Мамакова иеленді. Сондай-ақ 2009 жылғы Қазақстан чемпионы Мадина Давлетбаева мен 20 жасқа дейінгі (U20) жасөспірімдер чемпионатының жеңімпазы Жанбота Камарованың партиясы ұзақ күреске қарамастан, толық позицияда тең аяқталды.

– Қазақстанның әр аймағынан келген 173 мықты шахматшы Open және Women атты екі санатта бақ сынады. Қатысушылар құрамында өршіл жасөспірімдерден бастап, халықаралық деңгейдегі танымал шеберлер мен гроссмейстерлер бар болғаны таңғалдырды. Турнир 27 ақпанда басталған. 120 әйел, 60 ер адам қатысқан жарыста жасқа шектеу қойылмады, – дейді бас төреші Сергей Ким.

Ерлер арасында соңғы тур алдында Сәтбек Ахмединов, Асман Баянтас және Дінмұхаммед Түлендинов үшеуі көш бастады. Құрметті тұғырға Дінмұхаммед Түлендинов көтерілді. Халықаралық гроссмейстер тараздық Мадина Давлетбаевамен сөйлестік.

– Мен он жылдай декреттік демалыста отырып, спортқа қайта қадам бастым. Осы жолы үшінші орын алдым. Бес баламен үйде отырып, аналық міндетімді атқардым, енді толыққанды шахматқа көңіл бөлмекпін. Финалға өттім. Алдағы уақытта халықаралық жарыстарға қатысу ойымда бар. 12 жасымнан бері шахматпен шұғылданамын. Алғашқы бапкерім – әкем Мұхит Давлетбаев. 2016 жылы халықаралық гроссмейстер атағын алдым. 2010-2014 жылдары қатарынан үш олимпиададан жүлде алдым. 2012 жылы Стамбулда өткен олимпиадада тамаша өнер көрсеттім. Қайта жарқырайтыным сөзсіз, – деді Мадина Мұхитқызы.

Турнирдің жалпы жүлде қоры – 3,3 миллион теңге. Екі жеңімпаз әрқайсысы 750 000 теңгеден бөліп алды, 2-орын иегерлері – 550 000 теңге, 3-орын иегерлері 350 000 теңге иеленді. Ақшалай сыйлықтардан бөлек, әр санаттағы үш жеңімпаз 2026 жылғы Қазақстан Республикасы чемпионатының финалына қатысуға жолдама алды.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар