«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Арулар – мәңгілік махаббаттың тұнық жыры

Арулар – мәңгілік махаббаттың тұнық жыры
Автор
Әйел – өмірдің шуағы, отбасының берекесі, ұрпақ тәрбиесінің тірегі. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйел-аналар туралы қаншама жақсы өлең немесе жақсы шығарма жазылса да, осы бір асыл жандар туралы айтар әңгіме өмір бойы таусылмақ емес. Өйткені арулар мен Аналар мәңгіліктің жыры, бұл тақырып – түгесілмейтін мәңгілік тақырып.

8 наурыз – көктеммен бірге келетін үміт пен жаңарудың нышаны. Бұл күні әрбір жан өз анасын, жарын, қызын құттықтап, жылы сөзін арнап, гүл шоқтарын сыйлайды. Себебі қыз-келіншектерге, әйелге көрсетілген құрмет – адамгершіліктің айғағы. Тіршіліктің тірегі, отбасында да өзінің ер азаматқа мықты тірек болып жүрген аяулы жандарға қанша тағзым жасасақ та артық емес. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінің шығу тарихына зер салсақ, бұл атаулы дата, айтулы мерекенің тарихы сонау 1857 жылдан басталады. Дәл сол жылы 8 наурызда Нью-Йоркте тоқыма фабрикаларының жұмысшы әйелдері наразылыққа шыққан. Нәзік жандар 10 сағаттық жұмыс күнін және жалақыны ерлердің айлығымен теңестіруді талап еткен еді.

Жұмысшы әйелдердің жан айқайынан кейін алғашқы әйелдер кәсіподағы құрылады. Жарты ғасыр өткен соң, 1908 жылы ақпанда НьюЙоркте 15 мыңға тарта әйел өз құқықтары мен бостандығы үшін күресіп, митингке шығады. Олар еңбек саласында ерлер мен әйелдердің құқығын теңестіру, әйелдерге сайлауда дауыс беру құқығын беру туралы талап қояды. Ал араға екі жыл салып Копенгагенде Халықаралық социалист әйелдердің конференциясы өтеді. Сол жиында АҚШ-тан келген делегаттар белгілі коммунист, әйелдердің құқығы үшін күресіп жүрген Клара Цеткинмен кездеседі.

Неміс коммунисі қоғам назарын әйелдер проблемасына аударып, халықаралық әйелдер күнін бекітуді ұсынады. Бірнеше жыл бойы Халықаралық әйелдер күні әр елде әртүрлі мезгілде аталып өтті. Тек 1975 жылы Біріккен ұлттар ұйымы 8 наурызды ресми түрде мереке етіп бекітті. Уақыт өте келе, бұл мейрам саяси көрінісін жоғалтты.

«Арулар, аяулылар, ардақтылар, Өмірдің жылуы боп қалмақ бұлар, Арулар – тіршілікке күретамыр, Өмірді бір-біріне жалғап тұрар», – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жайдан жай жырламаса керек-ті. Өмірдің жылуы, тіршіліктің күретамыры болған қызкеліншектер мемлекеттің ісінде, оның ішінде, үлкен саясатта, отандық бизнес қауымдастықтарында, өндіріс пен шығармашылықта, ел дамуының басқа да көптеген саласында биік белестерді бағындырып келеді. Олар – мұғалім, ғылым, дәрігер, өнер иесі, кәсіпкер, мемлекеттік қызметкер. Әйелдердің табандылығы мен парасаттылығы – қоғам тұрақтылығының кепілі.

8 наурыз мерекесі елімізде ерекше ықыласпен тойланады. Отбасында аналарға құрмет көрсетіліп, білім беру мекемелерінде, балабақшалар мен мектептерде мерекелік ісшаралар ұйымдастырылады. Балалар аналарға арнап тақпақ айтып, ән шырқап, қолдан жасалған сыйлықтарын ұсынады. Бұл – ұрпақ бойына ізгілік пен сыйластық қасиеттерін дарытудың жарқын үлгісі. Бұл мереке – гүл сыйлап, жылы лебіз білдіретін күн ғана емес, жүректегі алғысты шынайы жеткізетін ерекше сәт. Анаға деген махаббат пен құрмет күн сайын көрсетілуі тиіс болғанымен, 8 наурыз сол сезімді айрықша атап өтетін мүмкіндік.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар