Таразда жаңа Конституцияны қолдауға арналған ерекше матч өтті
- author «Ақ жол»
- 7 наурыз, 2026
- 746
Кештің басты оқиғасы – жаңа Конституцияны қолдауға арналған ерекше форматтағы футбол матчы болды. Ала доп додасына Олимпиада чемпионы Елдос Сметов, медиа кеңістікте танымал тұлғалар Арман Жаналиев, Темірлан Блушинов қатысып, жанкүйерлерге әсерлі ойын сыйлады. Сонымен қатар Тараз қаласының бірқатар танымал азаматтары да алаңға шығып, мерекелік атмосфераны қыздыра түсті.
Матчтың үзілісінде стадион сахнасы концерт алаңына айналды. Көрермендерге танымал әншілер Альтаир & Абби Женис пен Рик өздерінің хит әндерін орындап, жиналған көпшіліктің зор қошеметіне бөленді. Музыка мен спорттың үйлесімі кештің көркін қыздырып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Іс-шара барысында өңірлік коалиция мүшесі Уалихан Болатбек сөз сөйлеп, жаңа Ата Заң жобасының маңызы мен қоғам дамуына қосатын үлесіне тоқталды. Оның айтуынша, Конституция – ел болашағын айқындайтын негізгі құжат, сондықтан оған енгізілетін әрбір өзгеріс халықтың мүддесін қорғауға бағытталуы тиіс.
– Бүгінгі басқосу – жай ғана мерекелік шара еме с. Бұл – азаматтардың өз елінің болашағына бейжай қарамайтынын көрсететін маңызды кездесу. Жаңа Конституция жобасында әлеуметтік әділеттілік, азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік басқарудың ашықтығы сияқты маңызды бағыттар қамтылған. Біз халықтың пікірін ескеретін, әділетті әрі прогрессивті қоғам құруға ұмтыламыз. Сондықтан әрбір азаматтың референдумға қатысып, өз таңдауын жасауы – елдің ертеңі үшін үлкен жауапкершілік, – деді ол.
Сондай-ақ жиында жас айтыскер ақын Жанерке Қамбар да сөз алып, жаңа Конституцияның жастар үшін маңызына ерекше тоқталды. Оның пікірінше, бұл құжат – келешек ұрпақтың өмір сүру сапасын анықтайтын маңызды негіз.
– Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан біз еліміздің заңдық негізі қандай болатынына бейжай қарамауымыз керек. Жаңа Ата Заң жобасы қоғамның жаңаруына, азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Әсіресе жастардың бастамаларына қолдау көрсету, әділ қоғам қалыптастыру мәселелері маңызды орын алады. Мұндай шешімдер халықтың тікелей қатысуымен қабылданғаны дұрыс. Сол себепті тараздықтарды 15 наурызда өтетін референдумға келіп, өз азаматтық позициясын білдіруге шақырамын, – деді айтыскер ақын.
Спорт, өнер және азаматтық белсенділік тоғысқан бұл кездесу Тараз тұрғындары үшін нағыз мерекеге айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы шаралар қоғамды біріктіріп қана қоймай, маңызды саяси оқиғалар қарсаңында халықтың ақпараттануын арттыруға да ықпал етеді.
15 наурызда өтетін референдум – ел болашағына қатысты маңызды шешімдердің бірі болмақ. Ал Тараздағы бұл мерекелік кездесу тұрғындарды белсенділікке шақырған жарқын әрі мазмұнды басқосу ретінде есте қалды.
Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар
Скандинавия жүрісі – салауатты өмірдің өзегі
- 11 наурыз, 2026
Ербол Хамитов – қысқы Паралимпиаданың қола жүлдегері
- 11 наурыз, 2026
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




