Бір шаңырақ астында болған соң, әркімге де пайдалы болу міндетті. Үй шаруасына көмектесу, баласын бағысу немесе үйге азық-түлік алу, еттей, заттай, ақшалай үлесімізді тигізген жөн. Туыстардың, әсіресе бірге тұратын жандардың бір-біріне жанашыр болуы, өздеріне тапсырылған іске мұқият қарауы да – сүйкімділік. Айқайлап сөйлемеу, үнемі жымиып жүру, барлық нәрсеге түсіністікпен қарау, үлкендерді сыйлау – мұның бәрі көпшілік білетін қарапайым қағидаттар болса да, әр отбасының ауызбіршілігін нығайтуға септеседі. Бауырлардың, туыстардың бір-біріне деген сүйкімін арттырады.
Қазақта жас баланы, сұлу қызды, әдемі келіншекті жан-жануардың төлін сүйкімдіге балаймыз. Алайда нағыз сүйкімділік адамның дінінде, кішіпейілділігінде, ар-ожданында, яғни ұятында, ибалылығында, қолы ашық жомарттығында. Түрі сүйкімді болғанмен, ісі сүйкімсіз жандар да бар. Сүйкім деген не? Жаратқан иеміз күллі тіршілік иесін сүйкімімен жаратқан. Яғни дүниеге келген әр пенде сүйкімді. Адам түгілі жануарлар да сүйкімді болып туылады екен. Мәселен биенің құлыны, мысықтың марғауы, иттің күшігі, сиырдың бұзауы, есектің қодығы да сүйкімді емес пе?! Осы жануарлар да, адамдар да есейгенде неге сүйкімсіз болып кетеді?! Сонда сүйкіміңді сақтау қиын болып тұр ма? Кейбіреулер бар әрине, қартайса да ажары таймай, ақ жүзі жалтылдап, сүйкімді болып жүретін. «Сүйкімді» деген бір кірпияз ұғым. Ендеше адам несімен сүйкімді? Әдеттерімен бе, ісімен бе, әлде сөзімен бе? Осы орайда психолог Кәмшат Бекжігітова сүйкімді адамның ісі, қылығы, әдеті қандай болатынын айтты.
– Сүйкімді болып қалану үшін адам бойында жақсы әдеттер қалыптасуы керек. Кең дүниетаным, ашық көзқарас, адамзатқа деген пейіл туралы көп айтамыз. Алайда, қазақ қоғамына жалпақ тілмен, қарапайым әдеп туралы көбірек айту керек секілді. Әдеп бала кезде отбасынан, үйде басталады. Жуырда әлеуметтік желіде балаларымыздың еркін өсуі туралы жазбаммен бөлістім. Алайда еркіндік әдепсіздікке жол бермеуі тиіс. Сәлемдесу, рақмет айту, ешқандай ұл-қызды ұрмау, мазақтамау, өзгенің нәрсесіне тиіспеу, үлкендердің сөзін бөлмеу, барлығын бала кезінен үйрету керек. Біз түсіндіруге ерінеміз, немесе балаға дұрыстап түсіндіруге өзіміздің түсінігіміз жетпейді. Нәтижесінде «Бала ғой, өскен соң қояды» деп, баламен бірге өзімізді ақтаймыз. Қызымызға, ұлымызға достарының үйіне барарда: «Құрбыңның бөлмесі болса да төсегіне керіліп жатып алма, кешкі 8-ден аспай үйге қайт. Ол үйдегілер ертеңгі күнді жоспарлауға дайындалады. Кедергі болма деп үйрету қажет», – деп кеңес айтты.
Ал жазушы, саяхатшы Динара Болат: «Сүйкімді болу үшін менің арнайы қағидаларым бар» дейді.
– Өзім көтере алмайтын жүкті мойныма алмаймын. Бұл өз шамаңа қарай өмір сүр дегенге саяды. Содан кейін өмірде ешкімге бауыр баспауға тырысамын. Ата-анамның қартайып келе жатқанын түсінемін. Балаларым үйімдегі уақытша қонақтарым. Ешқандай қатынасты еркінен тыс уысымда ұстамаймын. Менің бақылауымнан шығып кетпесін деп шаршамаймын. Айналамдағылардың бәрі еркін. Мен қаламасам да әркім белгілі бір уақыт қатынастан демалуға, үзуге, қаласа қайта жаңғыртып көруге құқылы. Миыма артық ақпарат жинамаймын. Өзгелердің өмірін тіміскілеу мен үшін түк те қызық емес. Үйге келіп қалған бөтен сөмкені ашпаймын. Көшеден біреуді басқа біреумен көрсем, олар ыңғайсызданбасын деп өзім көрінбеуге тырысамын. Кім болғанын іздемеймін. Туыстардың арасындағы әңгіме, қатынасқа араласпаймын. Әркім өз алдына ересек адам. Өздері шешсін. Әркім өз өмірінің қожайыны. Бәсеке алаңында жоқпын. Көріп тұрсам да бәйгеге қатыспаймын. Менен асып кетіп жатса да өз орнымда, өз ырғағыммен өмір сүремін. Салқынқандымын. Байбаламға салынбаймын. Ұзақ уайымдай алмаймын. Өлімнен басқасы қорқынышты емес. Әлі жағдайды түзетуге, көп қуануға мүмкіндік бар. Мен өз сүйкімімді осылай сақтаймын, – деді ол.
Өзіңе адал болу, арман-мақсатыңа берік болу, бағыт-бағдарыңнан айнымау, еш насиxатқа берілмей өз дауысыңа ие болу, тек өз жолыңмен жүру үлкен қайсарлықты, табандылықты, күресті талап етеді және ол адамды сүйкімді етіп көрсетеді. Өз орныңды білу – сүйкімділікті арттырады. Әр қадамымыз, қимылымыз, сөзіміз ретсіз, орынсыз шығып, ыңғайсыз жағдай тудырмайтындай оларды өте дәл, нақты жұмсау керек. Орнын біліп сөйлеп, жөнімен әрекет еткен адам не көзге түсіп сүйкімді, не кенеттен сүйкімсіз болып кетеді.
Сондықтан орнымызды біліп, сүйкімді болайық!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
«Өлді» дегені өтірік болып шықты
- Бүгін, 11:12
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




