«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көзілдірік арқылы мас адамның күйіне еніп көреді

Көзілдірік арқылы мас адамның күйіне еніп көреді
Aq jol
Тараз қаласында жол қауіпсіздігін насихаттаудың тың форматы қолға алынды. Қала полицейлері ел бойынша алғаш рет мас күйде көлік жүргізудің салдарын виртуалды шындық арқылы көрсететін профилактикалық іс-шара ұйымдастырды. Бұл бастама құқықтық мәдениетті арттыруға және жүргізушілердің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.

Іс-шара барысында арнайы VR-көзілдіріктер қолданылды. Қатысушылар интерактивті форматта жол қозғалысы ережелерімен танысып қана қоймай, алкогольдік масаң күйдегі жүргізушінің жағдайын сезінуге мүмкіндік алды.

Көзілдірікті киген сәтте адам өзін рөлде отырғандай сезінеді: бейне бұлыңғырланып, қозғалыс үйлесімі бұзылады, реакция уақыты баяулайды, ал жолдағы арақашықтық дұрыс қабылданбайды. Бір қарағанда қауіпсіз симуляция болғанымен, оның әсері қатысушыларға ерекше эмоциялық күй сыйлаған. Көпшілігі тәжірибе барысында үрей мен абыржу сезімін бастан өткергенін жасырмады. Олар виртуалды ортадағы әрбір қате әрекеттің өзі қауіпті көрінгенін айтып, шынайы өмірде мұндай салдардың орны толмас қайғыға ұласуы мүмкін екенін түсінгендерін жеткізді.

Виртуалды сценарийде жолкөлік оқиғасының ықтимал көрінісі де ұсынылды. Бұл құқық бұзушылықтардың салдарын құр сөзбен емес, нақты сезім арқылы ұғынуға жол ашты. Қатысушылар мұндай тәсілдің ой салатынын, мас күйде көлік жүргізу мәселесіне деген көзқарасын өзгерткенін атап өтті.

Жиынға жас жол инспекторлары жасақтары да қатысып, тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға, рөлге мас күйде отырмауға және жолда барынша мұқият болуға шақырды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері азаматт арды қабылдап, жол қауіпсіздігіне қатысты сұрақтарға жауап берді.

Тараздағы бұл бастама – профилактикалық жұмыстың жаңа кезеңі. Виртуалды шындық форматы құқық бұзушылықтың нақты қаупін қауіпсіз жағдайда көрсетіп, адамның санасына тікелей әсер етеді. Тәртіп сақшылары мұндай әдістер алдағы уақытта да жалғасатынын айтады. Жолдағы бір сәттік жауапсыздықтың құны тым ауыр. Ал заманауи технологиялар сол қатерді алдын ала сезінуге мүмкіндік берсе, бұл – қауіпсіз қоғам құру жолындағы маңызды қадам.

Мақпал Сүйінбай

Ұқсас жаңалықтар