«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алғыс – адамдар арасындағы алтын көпір

Алғыс – адамдар арасындағы алтын көпір
Aq jol
Алғыс айту күні – тағдыр тоғыстырған түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айқындайтын мереке. Бұл күн – өткенге тағзым, бүгінге шүкіршілік, болашаққа сенім білдіретін ерекше дата. Осыған орай «Достық үйі» ғимаратында «Бірлігіміз жарасқан» атты мерекелік іс-шара өтті.

Мерекелік жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері мен этномәдени бірлестіктер, әр саланың жетекшілері қатысты. Қонақтарға қазақ халқының дархан дәстүрін айшықтайтын тайқазаннан ұлттық дәм ұсынылды.

Іс-шара аясында «Қайырымдылық керуені» акциясына старт беріліп, «Жомарт жан» орталығы тарапынан әлеуметтік осал топтар мен аз қамтылған отбасыларға «Азық-түлік» қоржындары табысталды. Бұл Алғыс айту күнінің басты идеясы – қайырымдылық пен жанашырлықты нақты іспен көрсетуге бағытталған маңызды бастама. Екінші қабаттағы алаңшаларда этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. «Ақбаян» қобызшылар, «Веснушки» қасықшылар, «Корё» этномәдени бірлестігінің барабаншылар ансамбльдері, сондай-ақ өзбек және күрді этномәдени бірлестіктерінің өнерпаздары ұлттық аспаптарымен көпшілікке мерекелік көңілкүй сыйлады.

Мерекелік іс-шараның негізгі бөлімі Достық үйінің қызыл залында өтті. Тараз қалалық жастар театры әртістері театрландырылған қойылым ұсынылды. Бұдан кейін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мерекеге орай құттықтау сөз сөйледі.

– Алғыс айту – бұл тек сөз емес, іс-қимылмен көрінетін сезім. «Алғыс – адам мен адамның арасындағы алтын көпір», сондықтан әрбір игі іс пен көмектің қадірін білуіміз маңызды. Бұл жарқын мереке азаматтарымыздың бір-біріне деген ризашылығы мен тілектестігінің, шынайы құрметінің символы саналады. Халқымыз ғасырлар бойы берекелі бірлігі мен туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында ең күрделі сынақтар мен қатерлерді еңсере білді. Осы іргелі құндылықтар жалпыұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды, – деді облыс әкімі.

Артынша этносаралық қатынасты нығайтуда белсенді еңбек етіп жүрген азаматтарға марапаттар табысталды. Облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Гавхар Таласов, Т.Рысқұлов аудандық орыс этномәдени орталығының мүшесі Любовь Герасимова, облыстық «Тұран» этномәдени бірлестігінің төрағасы Халил Алиев «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ал Талас аудандық кәріс этномәдени орталығының жетекшісі Людмила Тен, Байзақ аудандық түрік этномәдени орталығының жетекшісі Собиржан Аббасов, тағы да басқалар облыс әкімінің Құрмет грамотасын алды.

Алғыс пен ақ тілектен құралған мерекелік жиын Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы және облыстық этномәдени бірлестік өкілдерінің концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Эльмира Байназарова

Ұқсас жаңалықтар