«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Туризммен айналысатындарға мемлекеттік қолдау күшейді

Туризммен айналысатындарға мемлекеттік қолдау күшейді
Ашық Дереккөз
Облыс кәсіпкерлеріне туризм саласында жаңа мүмкіндіктер ашылды. Мемлекеттік қолдау шаралары туристік инфрақұрылымды дамытуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және облысқа келетін туристер санын көбейтуге бағытталған. Бұл кәсіпкерлерге өз жобаларын іске асыруға, жаңа нысандар салуға немесе туризм бағытындағы бар нысандарды жаңартуға тиімді қолдау болмақ.

Туристік объектілерді салуға немесе қайта жаңғыртуға кеткен шығындардың 10 пайызы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан өтеледі. Бұл шара жаңа туристік жобаларды жүзеге асыруға ынталандырады және облыстың туристік инфрақұрылымын жақсартуға септігін тигізеді.

Туристік көлікті жаңарту мақсатында сыйымдылығы 8-ден астам орындық автобустар мен шағын автобустар сатып алған кәсіпкерлерге шығындардың 25 пайызы қайтарылады. Бұл жүргізушінің орнын есепке алмай жүзеге асырылады. Мұндай қолдау туристік көлікті жаңартуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және туристерге жайлы саяхат жасауға мүмкіндік береді.

Жол бойындағы сервис нысандарын дамыту бағытында да қолдау көрсетіледі. Жанармай бекеттері, қонақ үйлер, дәмханалар, дүкендер және басқа да жол бойындағы сервис нысандарын салуға кеткен шығындардың 10 пайызы өтеледі. Бұл шара кәсіпкердің нысан құрылысын жүргізу мен инфрақұрылымын тартуға кеткен шығындарын өтеу арқылы нысанның Ұлттық стандарт талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Санитарлық-гигиеналық шығындарды субсидиялау бойынша туристік нысандардың санитарлық-гигиеналық шығындары мемлекет тарапынан қолдау табуда. Ай сайын 83300 теңгеге дейін субсидия беріледі. Бұл шара туристік тартымдылықты арттыруға, сапалы санитарлық қызмет көрсетуге және туристердің сенімін нығайтуға бағытталған.

Осы қолдауларды қажет еткен кәсіпкерлерден барлық өтінімдер мен қажетті құжаттар 1 маусымға дейін қабылданатынын ескертеміз. Оларды пошта арқылы, қағаз нұсқада немесе электрондық түрде де ұсынуға болады.

Жомарт ХАЖЫ,

Туризм саласын мемлекеттік қолдау,

дамыту және мониторинг бөлімінің басшысы.

 

Ұқсас жаңалықтар