Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы – бүгінде еліміздегі екі миллионнан астам адамды біріктіретін ірі қоғамдық ұйым. Федерация еңбек қатынастарын әділ реттеу, жұмысшылардың құқықтарын қорғау, ұжымдық шарттар мен әлеуметтік әріптестік аясын кеңейту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп келеді.
2025 жыл – кәсіподақ қозғалысының құрылғанына 120 жыл, ал Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрылғанына 35 жыл толды. Бұл – үлкен тарихи белес.
Федерацияның бастамалары халықаралық ұйымдар тарапынан да қолдау табуда. Қазақстанда Халықаралық Еңбек Ұйымының (ХЕҰ) «Лайықты еңбекке қолдау көрсету» Жол картасы қабылданды. Бұл – еліміздің еңбек саласындағы жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалуының айғағы. Тарихта алғаш рет ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбо Қазақстанға ресми сапармен келіп, алғашқы кездесуін Кәсіподақтар федерациясында өткізді. Сонымен қатар, Қазақстан Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына қайта мүше болып, халықаралық аренадағы беделін арттырды. Федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталин – Түркі мемлекеттері кәсіподақтар ұйымының Бас хатшысы болып сайланды.
Жергілікті деңгейде де кәсіподақтардың қызметі нақты нәтижелерге бағытталған. 2025 жылы «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, еңбек адамдарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ әлеуметтік әріптестікті дамыту бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыс жүргізді. Кәсіподақтар қызметі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Әділеттілік пен дамуға бірлікте!» стратегиялық даму бағдарламасының негізгі бағыттарына сәйкес жүзеге асырылуда.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы облыс аумағында экономиканың әртүрлі салаларын қамтитын 15 салалық кәсіподақ ұйымының жұмысын үйлестіреді. Бұл ұйымдар білім беру, ауыл шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, мәдениет, спорт және өзге де салалардағы мыңдаған еңбеккерлердің мүддесін қорғап келеді.
Үйлестіру кеңесі: кәсіподақ қозғалысының басқарушы тетігі
2025 жылы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы Үйлестіру кеңесі кәсіподақ қозғалысының негізгі бағыттарын айқындау, салалық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін үйлестіру, еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді қарау бойынша жоспарлы әрі жүйелі жұмыс жүргізуде.
Есепті кезеңде Үйлестіру кеңесінің 5 отырысы өткізіліп, онда:
• кәсіподақ ұйымдарының ұйымдастырушылық қызметі;
• әлеуметтік-еңбек қатынастары;
• құқықтық қорғау;
• ақпараттық және түсіндіру жұмыстары;
• еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік жарақаттану мәселелері кеңінен талқыланды.
Жыл басында аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің 2024 жылғы қызметі қорытындыланып, Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауына байланысты алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспары бекітілді. Бұл жоспар еңбек адамының мәртебесін арттыруға, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге, әлеуметтік әріптестікті дамытуға және бастауыш кәсіподақ ұйымдарын нығайтуға бағытталуда.
Еңбек қауіпсіздігі – басты басымдық
Үйлестіру кеңесінің тұрақты бақылауында болған негізгі бағыттардың бірі – еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік жарақаттанудың алдын алу мәселелері. ҚР Кәсіподақтар Федерациясына мүше кәсіпорындардағы еңбек жағдайы жүйелі түрде қаралып, алдын алу шараларын күшейту, жұмыс орындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы және әлеуметтік әріптестермен бірлескен іс-қимыл мәселелері талқыланды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста:
• 40 өндірістік жазатайым оқиға тіркелді;
• 46 адам зардап шекті;
• оның ішінде 8 адам қаза тапты.
2024 жылмен салыстырғанда жазатайым оқиғалар саны 22,3 пайызға, зардап шеккендер саны 14,5 пайызға азайған. Бұл көрсеткіштер еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесін көрсеткенімен, қаза тапқандар санының артуы аталған мәселенің өзектілігін әлі де сақтап отырғанын аңғартады.
Талдау нәтижесінде жазатайым оқиғалардың:
• 21-і жұмыс берушінің еңбекті дұрыс ұйымдастырмауынан;
• 10-ы жұмыскердің қауіпсіздік талаптарын бұзуынан;
• 9-ы екі тараптың ортақ жауапкершілігінен болғаны анықталды.
Оқиғалардың 40 пайызы биіктіктен құлау, 15 пайызы қозғалмалы механизмдер әсерінен, қалған бөлігі өзге факторлардан туындаған.
Өндірістік жарақаттануды азайту мақсатында облыста:
• «Vision Zero» жобасы – 29 кәсіпорында;
• «Халықтық бақылау» жобасы – 15 кәсіпорында енгізілді;
• 1185 өндірістік кеңес құрылып;
• 1315 техникалық инспектор жұмыс атқаруда.
Сонымен қатар 2024-2026 жылдарға арналған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы қабылданып, ірі кәсіпорындарға QR-кодтар орнатылды. Еңбек құқықтарын қорғау және түсіндіру мақсатында 191 еңбек ұжымында кездесулер өткізіліп, 1892 адам қамтылды, жыл ішінде 314 мақала жарияланды, 875 жұмыс орны аттестаттаудан өтті.
Бастауыш ұйымдар: нақты өсім мен қамту
2025 жылы облыста бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде 24 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, олардың қатарына 1716 адам тартылды.
Салалар бойынша:
• Білім беру саласы – 7 ұйым, 432 адам;
• Ауыл шаруашылығы – 7 ұйым, 52 адам;
• Мәдениет, спорт және ақпарат саласы – 3 ұйым, 70 адам;
• Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 2 ұйым, 808 адам;
• «Казфосфат» ЖШС Жаңа Жамбыл фосфор зауты – 2 ұйым, 324 адам;
• Құрылыс, мұнайгаз кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 3 ұйым, 30 адам.
Бұл көрсеткіштер кәсіподақ қозғалысының әлеуметтік маңызы бар салаларда кеңейіп келе жатқанын және еңбек адамдарының өз құқықтарын қорғауға деген сұранысының артқанын айқын көрсетеді.
Алайда, кейбір кәсіпорындардың басшылығы өз ұжымдарында кәсіподақ ұйымын құруға құлықсыз болып отыр. Мұның бір себебі – кәсіподақ ұйымы басшылық шешімдеріне қарсы шығып, ұжымда тұрақсыздық туғызады деген қате пікір.
Шын мәнінде, кәсіподақ ұйымы Мемлекет Басшысының саясатын қолдайтын, еңбек адамының әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауда жұмыс берушімен бірлесе қызмет атқаратын, сондай-ақ кәсіпорын экономикасының өркендеп дамуына нақты үлес қосатын сенімді әріптес болып табылады. Өкінішке орай, көптеген кәсіпорын басшылары бұл маңызды рөлді әлі толық түсіне бермейді.
«Халың қалай, бастауыш?» – тікелей диалог алаңы
2025 жылы еңбек ұжымдарымен тікелей байланыс орнатуға бағытталған «Халың қалай, бастауыш?» акциясы кәсіподақ жұмысының маңызды құралына айналды. Акция аясында облыстың барлық аудандарында орналасқан 20 кәсіпорын мен мекемеде кездесулер өткізіліп, 800-ден астам қызметкер қамтылды.
Кездесулер барысында көтерілген негізгі мәселелер:
• мәдениет және техникалық персонал жалақысын көтеру;
• базалық лауазымдық айлықты ең төменгі жалақы деңгейіне теңестіру;
• сауықтыру жәрдемақыларын төлеу;
• коммуналдық төлемдерді өтеу;
• зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша төлемдер;
• еңбекақыны жыл сайын инфляцияға сай индекстеу.
Кейбір мәселелер жұмыс берушілер деңгейінде шешімін тапты, ал жүйелі сипаттағы сұрақтар бойынша Үкімет деңгейіне ұсыныстар жолданды.
Әлеуметтік әріптестік және ұжымдық шарттар
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Жамбыл облысында 12 515 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 1 639-ы мемлекеттік (13,1 пайыз), 11816-сы жекеменшік (86,9 пайыз). Облыс бойынша барлығы 11785 ұжымдық шарт жасалып, кәсіпорындардың 94,1 пайызы ұжымдық-шарттық қатынастармен қамтылған. Мемлекеттік секторда ұжымдық шарттармен қамту деңгейі ірі кәсіпорындарда – 96,4 пайыз, ортада – 92,0 пайыз, шағын кәсіпорындарда – 96,0 пайыз болса, жекеменшік секторда бұл көрсеткіш тиісінше 100 пайыз, 94,0 пайыз және 94,5 пайыз құрады. Ерекше атап өтерлігі, облыстағы 388 ірі және орта кәсіпорынның барлығы ұжымдық шарттармен толық қамтылған.
2025 жылы Жамбыл облыстық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның жұмысы аясында 4 отырыс өткізілді. Комиссияда еңбекақы бойынша берешектің алдын алу, ұжымдық шарттардың орындалуы, еңбек дауларының алдын алу, өндірістік қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылық, неформалды жұмыспен қамтылған тұлғаларды анықтау және олардың еңбек қатынастарын заңдастыру, сонымен қатар аймақ кәсіпорындарында қызметкерлерді апаттан қорғауға міндетті сақтандыру келісімдерін жасау бойынша мәселелері қаралды.
Комиссия шешімдері негізінде облыс аумағындағы кәсіпорындарда ұжымдық шарттар жасалып немесе қайта бекітіліп, 50 миллион теңгеден астам жалақы берешегінің өтелуіне ықпал етілді. Сонымен қатар, еңбек қатынастарын цифрландыру, әлеуметтік және зейнетақы аударымдарының уақтылы жасалуы бойынша мониторинг жүргізілуде.
2025 жылы Жамбыл облысы кәсіподақ ұйымдары еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, әлеуметтік қолдау көрсету және олардың әл-ауқатын арттыру бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар атқарды. Өткен жыл қорытындысы кәсіподақ қозғалысының өңірдегі қоғамдық-әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудағы маңызды рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарының бірі – мүшелердің денсаулығын нығайту және сауықтыру шараларын ұйымдастыру. 2025 жылы 4476 кәсіподақ мүшесі емдеу-сауықтыру шипажайларына жолдама алып, бұл мақсатқа 735,3 миллион теңге жұмсалды. Сонымен қатар 3336 адам туристік-танымдық экскурсияларға қатысып, аталған бағытқа 190,0 миллион теңге бөлінді. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру да назардан тыс қалған жоқ: 303 бала жазғы лагерьлерде демалып, оған 12,6 миллион теңге қарастырылды. Жалпы алғанда, сауықтыру және демалыс шараларына 938 миллион теңге бағытталды. Бұл көрсеткіштер кәсіподақтың еңбек адамдарының денсаулығын сақтау мен олардың отбасылық әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлетінін көрсетеді.
Құқықтық қорғау жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Есепті кезеңде сот органдарына 12 талап арыз жолданып, 31 жағдайда сотта өкілдік етілді. Медиация тәртібімен 3 көмек көрсетіліп, келісім комиссияларында 122 мәселе қаралды. Сонымен қатар кәсіподақ тарапынан барлығы 12116 құқықтық кеңес берілді, оның ішінде 926 жазбаша және 11190 ауызша кеңес. Бұл көрсеткіштер кәсіподақ мүшелерінің құқықтық қолдауға деген сұранысының жоғары екенін және көптеген еңбек дауларының сотқа дейінгі тәртіпте шешілгенін аңғартады.
Әлеуметтік қолдау аясында материалдық көмек көрсету жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асырылды. Кәсіподақ мүшесі қайтыс болған жағдайда 25,8 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілсе, жақын туыстары қайтыс болғанда 44,6 миллион теңге бөлінді. Үйлену тойы мен баланың тууына байланысты 24,6 миллион теңге, ал ақылы ота жасалғанда немесе оңалту жүргізілгенде 35,6 миллион теңге қаражат қарастырылды. Мерейтой иелеріне 80,3 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетілсе, қиын өмірлік жағдайға тап болған мүшелерге 83,8 миллион теңге бағытталды. Жалпы материалдық көмек көлемі 294,7 миллион теңгені құрады.
Осылайша, 2025 жылы Жамбыл облысы кәсіподақ ұйымдары әлеуметтік қолдау, сауықтыру және құқықтық қорғау бағыттарына барлығы 1232,7 миллион теңгеден астам қаражат жұмсады. Бұл – кәсіподақ ұйымдарының еңбек адамдарының сенімді тірегі екенін, олардың әлеуметтік тұрақтылығы мен құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуде маңызды күш болып отырғанын айқын көрсететін нақты нәтиже.
Жалпы алғанда, 2025 жыл Жамбыл облысы кәсіподақтары үшін нақты нәтижелерге толы жыл болды. Кәсіподақ ұйымдары еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік әріптестікті дамыту, бастауыш кәсіподақ ұйымдарын нығайту және еңбек адамының құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыс атқарды.
Нақты статистикалық мәліметтер кәсіподақ қозғалысының өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудағы маңызын айқын көрсетеді. Алдағы кезеңде де Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы еңбек адамының сенімді тірегі бола отырып, әділетті еңбек қатынастарын қалыптастыру жолындағы жұмысын жалғастыра бермек.
Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ,
«Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы»
аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылдың жауһар жырлары
- Бүгін, 10:53
Міржақып Дулатов Әулиеатаға қашан келді?
- Бүгін, 10:38
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




