Бір айта кетерлігі, мұнда өнер мен спортқа ерекше көңіл бөлінген. Оқушылардың арасында ерекшеліктеріне қарай түрлі жарыстар мен байқауларға қатысып жүрген үздіктер бар. Олардың ішінен жасөспірімдер арасында Әлем және Азия чемпиондарын кездестіруге болады. Мәселен, 10-сынып оқушысы Ринат Машықов қол күресінен Әлем чемпионы, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы атанған.
Спортқа да, биге де бейім
Мансия Көздерінің көру мүмкіндігі төмен болғанымен, мұндағы балалардың көңілдері Алатаудай асқақ. Мәселен, 12 сыныптың оқушысы Мансия Айтжан осында бірінші сыныптан бастап білім алады. Интернат қабырғасында өзін тек ғана жақсы қырынан көрсетіп келеді. Қол күресі спортымен айналысады. Қол күресінен жасөспірімдер арасында облыс жеңімпазы, ел чемпионы.
2024 жылы Молдава елінде өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында қола жүлдені еншіле се, 2025 жылы Дубайда ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы Азия кубогында алтыннан алқа тағыпты. Ал биылғы жыл бастала салысымен, қаңтар айында Ташкент қаласында жалауын желбіреткен жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогында күміс жүлдегер атаныпты. Мансия Нұрайдинқызының мүмкіндігі тек спорт саласымен шектелген емес, өнерге де бейімі бар. Бірнеше жылдан бері би үйірмесіне қатысады. Мектеп интернаттың «Әсем-ай» бишілер тобының қатарында өнер көрсетіп, түрлі жетістіктерге жетіп жүр.
Атап айтқанда, 2023 жылы Астана қаласына барып, республикалық бишілер байқауында «Әсем-ай» тобы жеңімпаз болып оралған.
«Мектеп-интернаттың мұғалімдері мен тәрбиешілері, үйірме жетекшілері бізді үнемі қолдап, тәрбиелеп, қанаттандырып отырады. Қандай өнерге бейіміміз бар, соны дамытуға мүмкіндік жасайды. Ағай-апайларға алғысым шексіз. Отбасымыз Байзақ ауданы, Түймекент ауылында тұрады. Алты бауырдың ішінде ең кішісімін. Әпкем мен ағаларым бар. Анам Гүлнар үнемі қабағыма қарап жүреді. Мен де анамның көңілін аулап, анамды үнемі қуантып жүргім келеді. Сол үшін де жаттығудан қалмай, қиындықты жеңіп, чемпион болуға бар күшімді салып келемін. Жаттықтырушы апайлар мен ағайларға да ризамын», – дейді Мансия Айтжан.
Жеңіске лайықты Лола
12 сыныптың оқушысы Лола Ахмедова да – «Әсем-ай» би тобының белді мүшесі. Интернатта тәрбиеленген биші қыздармен бірге Астана қаласында өткен республикалық байқауда жүлде алған. Мың бұралып билейтін өнерінен бөлек спорттан да алшақ емес. Бір өзі спорттың шахмат, қол күресі, голбол түрлерімен айналысады. Шахмат спортынан жасөспірімдер арасында облыс чемпионы, ел чемпионатының күміс жүлдегері.
Мектеп-интернаттың голболшылар құрамасы сапында республикалық турнирдің қола жүлдесіне қол жеткізген. Қол күресінен жасөспірімдер арасында ел чемпионы, Әлем кубогының күміс жүлдегері. Домбырашылар үйірмесінен де талай жыл тәлім алған. Мектеп – интернаттың «Мұрагер» орке стрінің мүшесі. Нақ осы оркестрдің домбырашы өнерпаздары мен бірге республикалық байқауда жеңімпаз атаныпты.
«Спортпен де, өнермен де айналысып жүрмін. Өзімнің мүмкіндіктерімді байқап көрдім. Жеткен нәтижеме көңілім толады. Болашақта танымал биші болғым келеді. Би өнері маған ерекше ұнайды. Ата-анам Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында тұрады. Төрт бауырдың ішінде кенжесімін. «Болашақ» мектеп-интернатының қамқорлығына әрқашан ризамын. Оны мемлекеттің қамқорлығы деп есептеймін. Мұнда барлық мұғалім, тәрбиешілер жылы сөйлеп, мейірімдерін төгіп тұрады. Апайларымыз екінші анамыздай болып кеткен. Біз мұнда өзімізді шыңдап, жақсылық жолында жарысып, күндерімізді көңілді өткіземіз, – дейді ол.
Елдің құрметіне бөленген Еламан Арнайы мектеп-интернатына екінші сыныпта қабылданған Еламан Салауаттың осында білім алып жүргеніне тоғыз жыл. Жуалы ауданының Түктібай ауылынан келген. Апта сайын ауылына барып келу оған аса қиынға соқпайды. Әкесі Дәулет пен анасы Жазираның ыстық құшағына асығып тұратын сәттері аз емес. Өзінен үлкен үш бауырын көріп қайту да – бақыт. Еламан спорттық үйірмелерге барып, ән айтуға машықтанып жүр. Қол күресінен жасөспірімдер арасында облыс чемпионы, халықаралық турнирдің қола жүлдегері. Әнге бейімділігі өте жоғары. 2018 жылы Алматы қаласында өткен оқушылар арасындағы халықаралық ән байқауында бас жүлдені иеленсе, 2023 жылы оқушылар арасындағы «Жұлдызай» республикалық өнер байқауында «Ән» аталымы бойынша бірінші орынға лайық деп танылды.
«Бұл интернаттың балалары ерекше талантты. Бәлкім, үйімізден алыстау жүрген соң, ерекше жағдайдағы оқушылар қатарында болуымыздан шығар, мұндағы оқушылардың өмірге құштарлығы өте жоғары. Тіпті ерте есейіп кеткендейміз. Біз бір мақсатқа жету жолында табандылық танытамыз. Ол жақсы қасиет. Ұстаздар мен тәрбиешілер анамыздай мейірімді. Олар «біздерге тату болыңдар», – дейді. Бұл арнайы мектепте менің достарым көп, – деді ол.
Әр жетістіктің мәнісін түсінген Мәншүк
Білім ордасының тағы мақтаулы шәкірттерінің бірі – Мәншүк Әмірбек. Оны мектеп интернатқа ең алғаш рет әкесі Мәди әкеліп табыстапты. Сабақ үлгерімі өте жақсы. Анасы Айнұрды, барлық бауырларын мұнда жүріп сағынады. Өзге балалар секілді Мәншүктің де спортқа да, өнерге де бейімділігі жоғары. Спорт бойынша голбол, шоудаун үйірмелеріне қатысып, алдағы жарыстарда жеңіске жету жолдарын қарастыруда. Мектеп ұстаздары әр жетістіктің еңбекпен, төгілген термен, үлкен ізденіспен келетінін үнемі айтып жүр. Мәншүктің көркемсөз оқуға, белгілі ақындардың өлеңдерін көпшілікке нақышына келтіріп жеткізуге деген қабілеті жоғары. Көркемсөз, поэзия оқу бойынша республикалық «Жарық жұлдыз» байқауында жүлделі екінші орынды иеленіпті. Әрине әр оқушының мұндай жетістіктері арнайы мектеп-интернат үшін мақтаныш. Мектебінің мерейін көтеріп жүргендердің арасында Мәншүк Мәдиқызы да бар. Ол драма үйірмесіне де қатысып, қабілетін шыңдап келеді.
2023 жылы білім ошағының драма үйірмесі облыстық байқауға Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» қойылымын ұсынған екен. Сол қойылымда Мәншүк Әмірбек басты кейіпкер – Айшаның рөлін сомдап шығыпты. Облыстық байқау Асқар Тоқпанов атындағы академиялық драма театрында өтіпті. Аталған театрдың белгілі актерлері қазылар құрамында отырған. Міне, осылайша облыстық академиялық драма театрының киелі сахнасында өнер көрсеткен аталған үйірме мүшелерінің жолы болыпты. Бұлар сахналаған «Ай мен Айша» қойылымы байқаудың «Ең үздік спектаклі» аталымын иеленген. Бұл да табанды еңбектің жемісі екені анық.
«Ерекше жағдайда болсақ та, үнемі өмірге құштарлық танытамыз. Әкешешеміздің қабағына қараймыз. Өнер мен спортқа бейім болу өз болашағымыз үшін де керек. Бізді «Ай мен Айша» қойылымын сахналауға сол кездегі үйірме жетекшісі Гүлзада Таласбаева апайымыз дайындады. Сол кісінің еңбегі зор. Актрисалық өнерімнен бөлек, Тараз қалалық аспазшылар байқауында да арнайы аталыммен марапатталдым. Ол кезде салаттың бірнеше түрін жасап көзге түстім. Бұл біреулер үшін ештеңе емес сияқты көрінуі мүмкін. Ал өзім үшін салаттың түрлерін жасай алу – жетістік, ол болашақ өмірімде де өзіме қажетті болады деп есептеймін. Бізді біліммен қатар, өнерге де, спортқа да бейімдеп жатқан мектеп-интернаттың жұмысын шынайы қамқорлық деп бағалаймын», – дейді Мәншүк.
Аяқдоптың шебері Алмас
Жоғарыда айтып өткеніміздей, арнайы мектеп-интернатта босқа қарап жүрген бала жоқ. Барлығының бір салаға бейімділігі бар. Сол жолда тыным таппай ізденіп келеді. Солардың бірі – Алмас Сүйінбай. Оның отбасы Тараз қаласында тұрады. Бес бауырдың ішінде екіншісі болып дүние есігін ашыпты. Анасы Балнұр Көбегенова бес баланы жеткізу жолында жанталасып, алға ұмтылып жүргені анық. Алмастың да жолы болып, өмірден өз орнын тапқанын қалайды. Алмас Бағдатұлы да ана тілегін жақсы түсінеді. Қолынан келсе, өзін өмірге әкелген адамды үнемі қуантуға күш салады. Сол мақсат жолында мектептің бірнеше спорт үйірмесіне қатысып, шеберлігін шыңдап жүр. Қол жеткізген нәтижелері де көңіл қуантады.
Атап айтқанда, парафутболдан спорт шеберлігіне үміткер. Облыстың оқушылар құрамасы сапында ойнап, республикалық чемпионатта қола жүлдеге қол жеткізген. Бұдан бөлек шахматтан да жетістіктері жаман емес. Қалалық жарыста жеңіске жетіп, облыстық жарыста да сәтті өнер көрсеткені бар. Әрине шахмат спортын алдағы уақытта да шебер меңгеріп, жақсы нәтиже көрсетуге бар күшін салатыны анық. Шахмат деген ойлы адамдардың ойыны. Оны жаныңа серік етудің өз жетістігі бар.
«Спорт жағынан өзімді көрсетсем деп ойладым. Сол мақсат жолында ізденіп келемін. Биыл 12 сыныпта оқимын. Осы жазда мектеп бітіріп, ұстаздарымыз және тәрбиешілерімізбен қоштасамыз. Бірге оқыған ортаны қию да оңай емес. Ең бастысы, менің сыныптастарым және достарым өмірден өз орындарын тауып, білімдері мен өнерлерін, спорттағы жетістіктерін одан әрі шыңдай берсе деген тілегім бар. Интернат ұжымының барлық қамқорлығына көңілім толады. Апайлар мен ағайлардан мейірім мен жанашырлық көрдім. Үнемі біздерді жақсы жолға жетелеп, өмір сабақтарын, спорт тәсілдерін үйреткілері келіп тұрады. Осы интернаттан ойлы, түрлі мақсаттары бар көптеген достар таптым. Сол достарыммен болашақта да байланысымды үзбеймін, өмірдің әртүрлі белесінде бір-бірімізді ұмытпаймыз деген ойдамын, – дейді ол.
Кейіпкерлерді шебер сомдаған Шархат
Шархат Байгөбек – арнайы мектеп-интернаттағы арманшыл, өзіне жоғары талап қоятын балалардың бірі. Биыл 12 сыныпта оқиды. Парафутболға да қатысады. Домбырашылық өнері де бар. Күй тартудың нағыз шебері. Интернаттың домбырашылар оркестрі құрамында республикалық «Жұлдызай» байқауына қатысып, бірінші жүлдені иеленген. Ол оркестр мүшелерімен бірге «Қосалқа», «Ерке сылқым», «Тепеңкөк», «Ата толғауы» күйлерін шеберлікпен орындайды. Бұдан бөлек актерлік жағынан да бейімділігі бар.
Біз жоғарыда айтып өткен облыстық байқауда мақталған, «Болашақ» интернатының оқушылары Асқар Тоқпанов атындағы академиялық драма театрында сахналаған Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармасында Барысханның рөлін Шархат Шубайұлы ойнап шығыпты. Бұл жерде оның актерлік өнерге де бейімділігі жоғары екенін байқауға болады. Ол мұнда Мойынқұм ауданы, Қылышбай ауылынан келген.
– Мұнда біз үлкен қамқорлықты сезініп жатырмыз. Менің сыныптастарым шетінен ойлы, салмақты. Өмірге үлкен жауапкершілікпен, құрметпен қарайды. Анам Бейбіткүл зейнет жасында. Әпкелерім мен ағаларым бар. Барлығы маған жанашыр. Мұндай интернаттың қамқорлығына жауап ретінде біз оқуда озат, тәртіпті, спорт пен өнерде жүлделі болуымыз керек. Менің сыныптастарым және іні-қарындастарым бұл жауапкершілікті жақсы сезінеді. Олардың көпшілігі сабақтарын жақсы оқумен қатар, түрлі спорттық жарыстардың, өнер байқауларының жеңімпазы. Ұстаздардың бәрі жақсы. Бірақ ұйымдастырушы педагог Гүлжаһан Өсербаева апайдың орны бөлек. Ол кісі біздің баршамыздың қабағымызды да, сабағымызды да, тамағымызды да қадағалап, үнемі қолдап отырады. Алыс демей Мойынқұм ауданы, Қылышбай ауылына айына екі-үш рет барып тұрамын. Мұндағы балалармен де достасып кеттік. Талай жылдарымыз бірге өтті. Биыл мектепті бітіріп жатырмыз, бір-бірімізге деген қимас сезім бар. Бәлкім, ол жақсы қасиет шығар. Мен өз достарыма, сыныптастарыма тек қана табыс, жеңіс, өмірдің әр белесінде сәттілік тілеймін. Мектепті бітіріп кетсек те, олармен байланысты үзгім келмейді. Алдағы уақытта шынымен байланысымыз үзілмей, кездесіп жүрер күндеріміз өте көп болар деп ойлаймын. Бұл білім және тәрбие ошағынан үйренгеніміз көп, – дейді ол.
– Мұндағы балаларды қабілеттеріне қарай бейімдеп отыру өте маңызды. Сол себепті спорт және өнер үйірмелері тұрақты жұмыс істейді. Үш жыл бұрын басшы болып ауысып келгенімде домбырашылар оркестрін құрдым. Оны білікті маман ұстаз Бақытбек Жантаев басқарды. Оркестр мүшелеріне демеуші тарапынан бірдей арнайы киім тіккізіп бердік. Арада 7-8 ай өткенде мектептің домбырашылар оркестрі республикалық «Жұлдызай» өнер байқауынан бас жүлде алды. Мұндай жетістіктер өте көп. Бұл интернатта ерекше санатқа жататын балалар оқиды. Көздері көрмейтін немесе нашар көретін балалармен жұмыс істеу, оларға сабақ үйрету оңай емес. Соған қарамастан олар өте талантты.Олардың барлығы менің өз баламдай ыстық, – дейді мекеме директоры Эльмира Жақсылықова.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




