«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әйелдің психикалық саулығы - отбасының бақыты

Әйелдің психикалық саулығы - отбасының бақыты
Автор
Соңғы уақытта елімізде отбасындағы жанжалдың соңы балаларға қарсы - зорлықпен, бейкүнә сәбилердің өміріне қауіппен аяқталатын жағдайлар жиілеп барады. Күйеуімен қарым-қатынасы ушығып, ұзақ уақыт психологиялық қысымда жүрген кейбір әйелдер өз ішіндегі ашу мен күйзелістің өшін ең қорғансыз жандар – балаларынан алуда. Айдың басында өз балаларын ұрып-соғып, күйеуіне ашуын көрсеткен тараздық әйелдің әлеуметтік желіге тараған видеосынан ес жия алмай отырғанда, күні кеше ғана туған анасы 4 және 2 жастағы балаларын бесінші қабаттан лақтырды деген қайғылы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Арасы жақын екі жағдай да біздің қалада орын алып отыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, төрт жастағы қыз түрлі дене жарақаттарымен, жабық бас-ми жарақатымен, ми ісінуімен және жамбас сүйегінің сынуымен ауруханаға түскен. Екі жастағы інісі де жабық бас-ми жарақаты және ми ісінуі диагнозымен ауруханаға жатқызылған. Қандай ана өз баласын өлімге қияды?! Бұл – жеке бір отбасының трагедиясы ма, әлде қоғам көз жұма қарап келген жүйелі мәселенің салдары ма? Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғалар кенеттен пайда болмайды. Оның артында айлар, тіпті жылдарға созылған психологиялық күйзеліс, жалғыздық, тұрмыстық зорлық, қолдаудың болмауы жатады.

Көп жағдайда әйел адам өз жағдайын ашық айтуға қорқады. «Отбасылық мәселе сыртқа шықпауы керек, ұят болады» деген түсінік оны үнсіздікке итермелейді. Ал оның арты өз балаларына қастандық жасаумен аяқталып отырғандығы өте өкінішті жағдай.

«Депрессия – әлсіздік емес, бұл диагноз. Алайда қоғамда ол әлі де еленбей келеді. Уақытында көмек алмаған әйелдің психикасы біртіндеп күйреп, ақыры бақылаусыз әрекеттерге алып келуі мүмкін. Қазақ қоғамында бір үлкен олқылық бар, біз депрессияны әлі күнге дейін толыққанды дерт ретінде қабылдай алмай келеміз. Әсіресе, депрессияға түскен әйелге қалай қолдау көрсету керегін білмейміз. Көп жағдайда ол атаененің, туыстың, тіпті өз жолдасының тарапынан да «маңызды мәселе» ретінде қаралмайды. «Өтіп кетеді», «өзін қолға алсын», «бәрі шаршайды ғой» деген жеңіл сөздермен жаба саламыз. Ал шын мәнінде, әйел адамның депрессиясы – назардан тыс қалдыруға болмайтын өте күрделі жағдай», – дейді психолог Ажар Медетқызы.

Әйелдердің әсіресе босанғаннан кейінгі кезеңде көңіл-күйін бағып, оған абай болу керек екен. Өйткені босанғаннан кейінгі депрессия жай ғана көңіл-күй емес, психиканың ауыр сынағы. Әйелдің өзі не болып жатқанын түсінбеуі мүмкін. Ішкі ойлары қорқынышты, өзіне де жат, өзі үшін де үрейлі болуы мүмкін. Кейде ана баласына қарағысы келмей қалуы, тіпті өз ойларынан шошуы да ықтимал. Бұл – оның жаман адам екенінің емес, көмекке мұқтаждығының белгісі. Жақында сондай бір тағдырды басынан кешірген әйелмен дастархандас болдым. 37 жасында ана атанған әйел босанғаннан кейін ауыр күйге түскен.

Нақтырақ айтсақ, әлгі әйелді «Газдың үстінде қайнап тұрған суды баламның үстіне құйып жіберсем бе екен» деген қорқынышты ойлар мазалаған. Жылдар бойы аңсап, әрең жеткен баласына қарағысы да келмеген. Ол өз жағдайын «депрессия» деп атай да алмаған, бірақ ішкі күйзелісін, мазасыз ойларын өзі де түсінбей, өзінен қорқып жүрген. Осындай сәтте әйелді кінәлау емес, керісінше, жанынан табылып, көмектесу керек. Қайта анасы қызының жағдайын түсініп, қызы күйзелістен немересін қарап берген. Депрессияны елемеу – өте үлкен қателік. Оған жеңіл қарау – жағдайды одан сайын ушықтырады. Әйел үнсіз қиналып, жалғыз қалады. Ал жалғыздық – депрессияның ең қауіпті серігі. Біздің қоғам осыны түсінсе екен. Әйелдің психикалық саулығы – отбасының, баланың, тіпті тұтас қоғамның саулығы екенін мойындасақ екен.

Депрессия – әлсіздік емес. Ол – көмек сұрауды қажет ететін дерт. Ал қолдау, түсіністік және жанашырлық – кейде ең мықты ем. Қоғамда орын алып жатқан ең әлсіз топ – балаларға қатысты қорқынышты жағдайларды тек біржақты – ананың мойнына арта салу үлкен қателік. Мұндай трагедиялар ешқашан бір адамның ғана әрекетінен тумайды. Бұл – отбасының ішкі ахуалының, психологиялық қолдаудың жоқтығының, жауапкершіліктің тең бөлінбеуінің салдары. Иә, ана – мейірімнің, жылулықтың, жанашырлықтың символы. Бірақ мейірім де сарқылады. Үнемі жалғыз қалған, қолдау көрмеген ана бір сәтте өз ішкі күйзелісінің тұтқынына айналуы мүмкін. Ал дәл осы жерде әкенің рөлі аса маңызды. Өйткені баланы, жалпы отбасын қорғау – әкенің болмысына тән қасиет емес пе? Әке – тек асыраушы емес, ол – тірек, қорған, жауапкершілік. Ол ананың күйін байқап, шаршауын көріп, дабыл қағатын алғашқы адам болуы керек. Ананың психикалық саулығы – баланың қауіпсіздігімен тікелей байланысты екенін түсіну – әкелік сананың белгісі.

«Бұл сенің ғана міндетің», «қарасаң өз балаң ғой» деп шетке ысыру – қорғау емес, жауапкершіліктен қашу. Балаға қол жұмсау сияқты ауыр жағдайлар болғанда, тек ананы айыптау арқылы біз мәселенің түбіне жетпейміз. Керісінше, қоғам ретінде өзімізді алдап, көзімізді жұмамыз. Біз бір отбасында жоғарыдағыдай қайғылы, қорқынышты жағдай орын ала қалса, ең алдымен әйелді, ананы кінәлауға асығамыз.

Тереңіне үңілмей жатып, айыптап, үкім шығарамыз. Ал шын мәнінде, мұндай жағдайлар ешқашан бір адамның ғана жауапкершілігінен туындамайды. Кінә тағу – ең оңай жол. Неге әйел жалғыз қалды? Неге оның күйі дер кезінде байқалмады? Неге отбасында қолдау болмады? Осы сұрақтар қойылмайынша, біз мәселені шешпейміз, тек салдарын қайталай береміз. Қоғам осыны түсінсе екен. Балаға шын жанашырлық – ананың ғана емес, әкенің де жауапкершілігін бөліп-жармай, екеуіне де бірдей қараудан басталады. Өйткені мықты отбасы – бір-біріне тірек бола алған екі адамның бірлігі, екі адамның одағы. Баланың амандығы да, ананың саулығы да сол одақтағы жауапкершіліктің тең бөлінуіне байланысты. Ана мейірім берсе, әке қорғауы тиіс. Бірі әлсіресе, екіншісі сүйеу болуы керек. Сонда ғана бала да, ана да қауіпсіз болады. Балалар – ең әлсіз, өзін қорғай алмайтын топ.

Психологтар мұны «қауіпсіз нысанға бағытталған агрессия» деп түсіндіреді. Әйел күйеуінен ала алмаған ашуын, еріксіз түрде баласына бағыттауы мүмкін. Әлбетте бұл ананы ақтау емес. Бұл – себепті түсіндіру. Мамандардың айтуынша, психикалық күйзеліс шегіне жеткенде, адамда аналық инстинкт әлсіреп, дұрыс пен бұрысты ажырату қабілеті төмендейді екен. Соның салдарынан да болса керек қоғамда орны толмас қателіктер белең алуда. Кейде үлкен өзгеріс алыстан емес, дәл қасымыздан басталады.

Айналамызға бір сәт мұқият қарап көрейікші, мүмкін сіздің жақыныңыз, туысыңыз, құрбыңыз немесе көршіңіз үнсіз күйзеліп жүрген шығар. Мүмкін оған дәл қазір ақыл емес, жай ғана түсіністік, жылы сөз, нақты көмек керек болар. Депрессия әрқашан айқайлап келмейді. Көбіне ол үнсіз күйзелтеді. Сондықтан жанжақты сақ болайықшы. Біреудің шаршағанын, тұйықталғанын, өзгергенін байқасақ, бейжай өтпейік.

«Бұл менің отбасым емес, маған қатысы жоқ» деген суық шекараны жүрегімізден алып тастайықшы. Кейде «Қалайсың?» деген бір сұрақтың өзі үлкен дабыл болуы мүмкін. Кейде қол ұшын беру, баласын бір сағатқа қарай тұру, дәрігерге баруына көмектесу немесе жай ғана оның ішкі күйзелісін тыңдау – адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Айналамызда біреуге көмек керек екенін сезсек, дер кезінде дабыл қағайықшы. Жауапкершілікті бір-бірімізге ысыра бермей, қоғам болып бөлісейік. Өйткені неқұрайлылық – ең қауіпті. Қоғамның мықтылығы – бір-біріне қарап, бір-бірін қорғай алуында. Ал адамға шын жанашырлық – дәл қазір, дәл қасымыздағы жаннан басталады.

 

Арна ЖҰМАТАЙ

Ұқсас жаңалықтар