«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мал басы көбейе түскен

Мал басы көбейе түскен
Автор
«Ауыл аманаты» жобасына Үкімет тарапынан жақсы көңіл бөлінуде. Мәселен, жыл басында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың қатысуымен өткен келелі кездесуде «Ауыл аманаты» жобасына 100 миллиард теңге қарастырылатыны айтылды.

Жалпы, 2026 жылы республикалық бюджетте жобаны жалғастыруға 100 миллиард теңге қарастырылған, оның шамамен 60 миллиард теңгесі 600-ге жуық кооперативті қолдауға бағытталмақ. Осы кеңесте Қанат Бозымбаев «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамымен бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобасы аясында кепілдік беру тетіктерін әзірлеу және тиісті нормативтікқұқықтық актілерге өзгерістер енгізуді міндеттеді. Ал облыс әкімдіктеріне екі апта мерзімде «Amanat Nesie» ақпараттық жүйесіне барлық өңірлердің толық қосылуын қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарына «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жеңілдікті несиелер беруді ұйымдастыру тапсырылды.

Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аудан тұрғындары тарапынан қолдау тауып келеді. 2019 жылдан бері облысымызда жүзеге асырылып келе жатқан жобаға Жуалы ауданынан алты ауылдық округ қатысуда. Жуалы ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, жоба іске асырылған сәттен бастап ауданда жобаға 6 ауылдық округ енгізілген. Оған барлығы 3263 аула қатысқан.

Бірінші бағыт бойынша 3263 ауланың 319 гектар жер телімін игеруге 14,7 миллион теңге қаралған.

Екінші бағыт бойынша 805 тұрғын 16140 бас мал сатып алуы үшін 4,5 миллиард теңге бөлінген. Сөйтіп бұл қаражатқа 3328 бас мүйізді ірі қара, 2543 жылқы мен 10269 бас қой-ешкі алынған.

Үшінші бағыт бойынша кооператив мүшелерінің ауыл іргесіндегі 4394 гектар егіс алқаптарын игеруге 155,5 миллион теңге бөлініп, мақсатты игерілген.

Төртінші бағыт бойынша 61 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Бұл мақсатқа 448,9 миллион теңге бөлінсе, оған 17 трактор, бір комбайн, екі шөп оратын комбайн, бір жүгері комбайны, бір сүт таситын көлік пен 39 ауыл шаруашылығы тіркемелері алынған.

Бесінші бағыт бойынша сегіз кәсіпкерге кәсібін дамыту үшін 102,1 миллион теңге несие берілген. Осының есебінен жобаға енген ауылдық округтерде кондитерлік цех, бал ара өсіру, наубайхана, жиһаз цехы, техникалық жөндеу орталығы, сүт өңдеу цехы, жылыжай, кілем тоқу цехы ашылып, жұмыс істеуде.

– «Ауыл аманаты» жобасы енген ауылдық округтерде өсім байқалады. Мәселен, мүйізді ірі қара саны 25907 басқа, жылқы 130 пайызға, яғни 9679 басқа, қой-ешкі 112 пайызға, яғни 96369 басқа өскен. Алты ауылдық округте 813 жеке кәсіпкерлік ашылып, алты ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 1130 жұмыс орны ашылды. Осының есебінен бұл округтерде 102 атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы саны 53-ке қысқарды, яғни 49 отбасы несие алып, өз кәсібін ашты. Ауыл шаруашылығы кооперативтері 61 жаңа техникамен қамтылып, 105 шағын шаруалар кооперативке бірікті. Биыл да «Ауыл аманаты» жобасы жалғасатын болады, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар