Аталған спорт клубы 2012 жылдың 27 желтоқсанында облыс әкімдігінің №439 қаулысының негізінде құрылған. Бұл мекемеде 55 қызметкер бар болса, оның ішінде 5-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Мұнда Паралимпиадалық спорт түрінен 35 жаттықтырушы бірнеше спорт түрінен еңбек етеді. Оның ішінде басқа спорт түрлерімен қатар біздерге жақсы таныс Пара жеңіл атлетика, Пара жүзу, Пара үстел теннисі, Пара футбол, Пара оқ ату және волейболды отырып ойнау бар. Жалпы, Паралимпиадалық спорт түрлерімен 405 спортшы шұғылданады. Сонымен қатар Сурдлимпиадалық спорт түрлері бар. Бұл есту қабілеті бұзылған немесе есту қабілеті төмен спортшыларға арналған спорт түрлері «Сурдлимпиадалық спорт түрлері» деп аталады.
Аталған спортта күрес түрлері бойынша – 3, сурдо жеңіл атлетикадан – 1, сурдо таеквондодан – 2, сурдо футзалдан – 1, сурдо шахмат – 1, үстел теннисінен – 1 жаттықтырушы бар. Мұнан бөлек Паралимпиадалық емес спорт түрлері бойынша – 3, Ұлттық спорт түрі тоғызқұмалақтан 1 жаттықтырушы еңбек етеді. Мұнда көру қабілеті, есту қабілеті төмен, тірек-қимыл аппараты зақымданған, интелектуалды дамуында ерекшеліктер бар азаматтар да есепке алынып, клубтың жанашырлығын, қамқорлығын көріп отыр.
Мекеменің міндеті мүмкіндігі шектеулі спортшы азаматтарға барынша қолдау көрсету. Ол қолдау көрсетіліп те келе жатыр. Соның нәтижесінде жекелеген спортшылардың қол жеткізген табыстары өте қомақты. Олар ел намысының әрқашан жоғары тұратынын түсінеді. Себебі олардың бойында патриоттық сезімі алаулап, отаншылдық сезімі атойлап тұр. Ол әр жарыс кезінде үнемі байқалады. Себебі бұл азаматтардың мақсаты биік, оған жету жолындағы еңбектері өте жоғары. Олардың жеңіс жолына деген құштарлықтарын естен шығаруға болмайды. Сондықтан көк байрағымызды желбіретіп, талай додада топ жарып жүр. Оған арнайы тоқталуға да болады. Аталған спорт клубты тәжірибелі маман Нұржан Жолдасбеков басқарады.
СПОРТ КЛУБЫН ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН САТТАР
Аталған спорт клубының ашылғанына биыл 13 жылдан асты. Мекеменің қалыптасуына еңбегі сіңген азамат – Саттар Бейсембаев. Ол аталған клубтың тұңғыш директоры, жүзу спортынан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Құрмет» орденінің иегері. Ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері Зүлфия Ғабидуллинаның Рио Паралимпиада ойындарында алтын медаль алуына тікелей ықпал етті, қолдау көрсетті. Қазіргі таңда да атқарып жатқан еңбегі өте бағалы. Тағы бір шәкірті Нұрдәулет Жұмағали екі Паралимпиада ойындарында олжа салды.
Атап айтқанда ХVІ Токио жазғы Паралимпиада ойындарында қола, ХVІІ жазғы Паралимпиада ойындарында күміс медаль иеленді. Мұнан бөлек Нұрдәулет екі дүркін Азия Паралимпиада ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Әлем кубогының жеңімпазы. Азия және Азия Паралимпиада ойындарының ректордын жаңартушы. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағына да қол жеткізген. Нұрдәулет осы жетістіктің барлығына жеке жаттықтырушысы Саттар Бейсембаевтың тікелей бағыт беріп, тәрбиелеуінің нәтижесінде жетті. Әрине, өзінің де аянбай жаттығып үнемі дайындықта болғанын білеміз. Дегенмен, мұндай ірі жетістікте бапкердің де қомақты үлесі болатыны белгілі. Біз білікті бапкер Саттар Ерғалиұлымен де әңгімелескен едік.
– Жетістік ешқашан оңайлықпен келмейді. Әр жетістіктің артында ұшан-теңіз еңбек тұрады. Шәкіртім Нұрдәулет Жұмағали екі Паралимпиада ойындарының жүлдегері. Нақты айтқанда күміс, қола медалі бар. Биыл наурыз айында Италияда әлем кубогы өтеді. Қазіргі таңда Нұрдәулетпен бірге сол әлем кубогына дайындалып жатырмыз. Бұйырса, тағы бір Паралимпиада ойындарына қатысып, жеңімпаз атанса деген ойым бар. Шәкіртімнің оған мүмкіндігі молынан жетеді деп ойлаймын. Әрине, сәттілік тілеймін. Тер төгіп дайындаламыз. Нұрдәулеттен бөлек Зарина Мырзағалиева, Азамат Мырзахметов, Александр Стречнов секілді шәкірттерімді жарыс жолына дайындап жүрмін. Олардан басқа тағы 4-5 шәкірттерімнен үміт күтемін. Бұл шәкірттерімнің баршасы да – батыр. Себебі, өздері қиын жағдайда жүріп, спортты жандарына серік етіп, ірі нәтижеге қолдары жеткендер. Ондай жетістікке қол жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол үшін үлкен сенім, жігер, темірдей төзім керек. Бұл спортшылардың бәрі қиындықтың баршасын жеңіп, шын мықтылығын дәлелдегендер. Мүмкін емес нәрсені мүмкін еткендер. Сол үшін де мұндай жағдайда жүріп, жеңіске жеткендерге құрметпен қарап, еңбектерін бағалауға болады. Ал мұндай азаматтармен бапкер ретінде жұмыс істеу де жеңіл емес. Олардың әр мінезін көтеріп, көңіл күйіне қарауға тура келеді. Олар кейде жаттығуға жігерленіп келеді. Кейде көңіл күйлері болмайтын сәттері бар. Оның барлығынан жол табуың керек. Себебі сен – сол үшін бапкерсің. Мен осыны ерекше түсініп, олармен барынша мәнді жұмыс істеуге күш саламын. Ол үшін кейде кішірейесің, кейде жылы сөз айтасың, жігерлендіресің. Қалай болғанда да сол қиын, көңілсіз жағдайдан шәкіртіңді алып шығасың. Мұндай жағдай басымыздан талай өтті. Менің басымнан қуанышты жағдайлар да көп өтті. Алғаш осы спорт клубы құрылғанда бірнеше жыл директоры болып қызмет атқардым. Ол кезде жүзден астам спортшылармен және 20-30 жаттықтырушымен бірлесіп жұмыс істедім. Өзім де спортшыларды жаттықтырдым. Жұмыс оңай болған жоқ. Сол қиындықты жеңе жүріп, спорт клубының жұмысын қалыптастырып, бір арнаға түсірдік. Қазір сол еңбегім бағаланып жатыр. Спорт саласының барша азаматтары құрметтеп тұрады. Өзімнің шәкірттерімнің көңілінен де алғыс пен ризашылықты байқаймын. Жаттықтырушы үшін мұнан асқан бақыт жоқ деп есептеймін, – дейді ол.
ЕРКІН КҮРЕСКЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ЕРНАЗАР
Ерназар Қонысбаевтың есімі жаттықтырушы ретінде көпшілікке біраз жылдардан бері белгілі. Жаттықтырушы болғанда мүмкіндігі шектеулі спортшылармен жұмыс істейді. Әсіресе, есту қабілеті төмен азаматтармен көбірек жұмыс істеп, нәтижеге жетіп жүр. Ол айтуға ғана оңай дер едім. Жалпы, кез келген спортшымен жұмыс істеп, оны жақсы нәтижеге жетелеу оңай шаруа емес. Ал есту, көру қабілеті төмен спортшыларды жаттықтыру екі есе ауыр. Бірақ таңдаған жолың бапкерлік болған соң, барлық ауырлығына төзуге тиіссің. Оны Ерназар жақсы түсінеді. Осылайша, ауырлыққа шыдап, табандылық танытқан Қонысбаевтың қазіргі таңда жеткен жетістігі жаман емес. Ол туралы өзі де мақтанышпен айтады.
– Спорт жолы оңай емес. Бапкерлік жұмыстың да қиындығы көп. Оны жеңіл деп қарауға болмайды. Кез келген баланы чемпиондық жолға дайындау оңай емес. Ал ерекше жағдайдағы азаматтармен жұмыс істеу бірнеше есе ауыр. Құлақтары естімейді. Күрес тәсілдерін түсіндіру де қиынға соғады. Ерекше төзім, жігер керек. Дегенмен, сол жігер бойымыздан табылып, ерекше жағдайдағы балалардың арасынан чемпион шығарып жатқанымызға қуанамын. Мәселен, елге есімі белгілі шәкіртім – Ғабит Есжанов. Ғабит Тұрсынханұлы еркін күрестен бірнеше дүркін ел чемпионы, 2024 жылғы ел чемпионатының қола жүлдегері. Оның алдындағы табыстары да көңіл қуантты. 2012 жылы Болгария елінде өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2013 жылы Болгария мемлекетінің София қаласында өткен Сурдлимпиадалық ойындардың жеңімпазы, 2022 жылы Бразилияның Кашиаяс-ду-Сул қаласында өткен Сурдлимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері. 2023 жылы Бішкек қаласында өткен Азия – Тынық мұхит ойындарының жеңімпазы. Міне, шәкіртім Есжановтың осындай жетістіктері бар. Одан бөлек Әділет Дәуренұлы деген шәкіртім 2024 жылы ел чемпионы атанды. 2024 жылы Малайзияда өткен Азия – Тынық мұхит ойындарының жеңімпазы. Тағы бір шәкіртім Шыңғысхан Әлдибаев – ел чемпионы, 2024 жылы Ресейдің Владимир қаласында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Шәкіртім Бағдат Сәбитов ел чемпионатының күміс жүлдегері. Нұрсұлтан Дүйсембиев 2016 жылы Иран республикасының Тегеран қаласында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Мырзахмет Нышанбек 2023 жылы Бішкек қаласында жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы. Ғасыр Тұрғынбай деген шәкіртім әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері. Бірінші қоласына 2018 жылы қол жеткізсе, екіншісіне 2023 жылы Бішкек қаласында өткен әлем чемпионатында осы жеңісін қайталады. Ғасыр Тұрғынбайдың ғасыр бойы айтыла беретін осындай жетістіктері бар. Онан да басқа болашағынан үміт күттіретін шәкірттеріміз бар. Нұрдәулет пен Ғасырдың ініқарындастары жетіліп, өсіп келе жатыр. Әрине, еркін күрестің өз әдістері, өз салмағы, өз қиындықтары бар. Әр жетістік, әр медаль қиындықпен келеді. Әр сәттіліктің артында бапкер мен балуанның тынымсыз ізденісі, төгілген тері тұрады. Бір жағынан осы спорт клубында жұмыс істеп жүргенімді үлкен жауапкершілік деп есептеймін. Себебі, өмірге құштар, спортқа бейім ерекше жандарға күрестің қыр-сырын, сан қырлы әдістерін үйрету маңдайымызға жазылған екен. Біздер бапкер мен шәкірт ғана емес, аға мен іні, тіпті жақсы достарға да айналып кеттік. Жаттығу залынан шыққан соң, әңгімелесіп, әзілдесіп еркін отыратынымыз бар. Себебі, спортшыға ол керек. Спортшы залда талмай жаттығу қажет, залдан тыс жердегі сәттерде де өзін жақсы қырынан, ізгілігімен, көркем мінезімен көрсете білуі керек. Біз спортпен қоса осындай адал іске, жақсы мінезге қолымыздан келгенше тәрбиелейміз. Шәкірттеріміздің ата-аналары келіп, алғыстарын айтып жатады. Оған да қуанамыз. Себебі, ерекше жандардан алғыс алу – ерекше қуаныш. Клуб басшылығы да еңбегімізді бағалап, қолдау көрсетіп тұрады. Оның бәрі спортты серік еткен ерекше жағдайдағы балуандарға – демеу. Спортпен шұғылдану – денсаулық кепілі. Оның ішінде күрес түрлері, еркін күрестің өз тарихы бар. Кейде шәкірттерімізге күрес тарихынан да мәлімет айтып, еркін күрестен шыққан Олимпиада, Әлем чемпиондарын, аңыз балуандарды айтып отырамыз. Оның өзі шәкірттерімізге оң әсер етеді деп ойлаймыз. Себебі жаттығу залына келген әр балуанның мақсаты – чемпион болу. Чемпион болу үшін мықты физикалық дайындықпен қатар, спорт жолына, өзің қатысып жатқан күрестің жолына бағдар жасай алуға тиіссің. Сол күрестің тарихы қандай, қазір кімдер мықты, сенің салмағыңда кімдер бар? Қазіргі өзіңнің деңгейіңде айналаңда кімдер жақсы күреседі? Оның бәріне бағдар жасай алған адам үнемі жеңіске жетеді. Біз күрес тәсілдерімен қатар осындай қажетті мәліметтерді, құндылықтарды да үйретеміз, – дейді бапкер Қонысбаев.
СПОРТ КЛУБЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ БИІК
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арна лған спорт клубы жайлы айтып өттік. Құрылғанына бар болғаны 13 жыл ғана уақыт өтсе де мекеменің қол жеткізген жетістіктері үлкен. Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша әлемдік деңгейде бірнеше чемпиондарды шығарып үлгерді. Мұнда ерекше жағдайдағы спортшылар өмірге құштарлықтарын арттырып ғана қоймай, чемпиондық тұғырға жетіп, облыс абыройын көтеріп келеді. Бұл жағынан алғанда клубтың жұмысын бас бармақпен бағалауға болады. Клубтың бас маман, әдіскерлерінен бастап, жаттықтырушылары мен спортшылары да өз міндеттерін жақсы түсінеді.
– Мұнда әр спортшыға жоғары талап қойылады. Залға келген кез келген спортшының мақсаты солай деп ойлаймын. Біз олардың жолын ашып, жағдайларын жасап тұрамыз. Жалпы еңбек ететін 55 қызметкердің ішінде мүмкіндігі шектеулі 5 қызметкер жұмыс атқарады. Біз де жетістік өте көп. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерінің өзі отызға жуықтап қалады. Клубтың теңгерімінде арнайы спорт зал жоқ. Дегенмен, ол мәселе толығымен басқа спорт залдары арқылы шешілген. Атап айтқанда, Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында жүзу, еркін және грек-рим күресі, дзюдо, таеквонда, футбол, волейболды отырып ойнау, бочка, үстел теннисі, қол күресі, оқ атудан жаттықса, «Тараз» орталық футбол стадионында жеңіл атлетика, шахмат, тоғызқұмалақ спорт түрлері бойынша алаңсыз жаттығады. Тараз қаласындағы «Дельфин» жүзу бассейнінде жүзу, «Жекпе жек» орталық залында голбол, Тараз қаласындағы «Атлетик» спорт кешенінде пауэрлифтинг, қол күресі спорт түрлері бойынша шеберліктерін шыңдайды. Ал Талас ауданы Қаратау қаласындағы «Үміт» арнайы мектеп интернатында волейболды отырып ойнау түрі дамып келеді. Бұл аудан, ауылдарда да ерекше азаматтардың спортпен шұғылдануына белгілі дәрежеде көңіл бөлініп, назарға алынып, отырғанын көрсетеді. Ерекше спортшыларға осылайша мүмкіндік беру өте маңызды. Оны жақсы түсініп отырмыз. Мінекей, о сылайша, ерекше азаматтардың спортпен шұғылдануына, алаңсыз дайындығына барлық жағдай жасалған. Қай кезде де оларға қолдау көрсету басты назарымызда тұрады. Олардың жанарынан қуаныш көру – біз үшін үлкен қуаныш. Осы залдарда жаттығып жүрген азаматтар мен азаматшалардың көпшілігінен жақсы спортшы, жақсы маман, жақсы келешек шығады. Біз сол жолда тер төгіп келеміз. Ерекше спортшылармен әлемнің қалаларына спорт жарыстарына бару да ерекше маңызды. Олардың бойында отаншылдық сезімі өте жоғары. Біз үнемі оны байқаймыз. Бағалаймыз. Оларға риза боламыз. Отаншылдық сезімі – ең асыл қасиет. Себебі, Отан баршамызда – біреу. Оны да ерекше жағдайдағы спортшылар сезінеді. Сондықтан олардың әр жеңісі, әр қадамы біз үшін маңызды. Алдағы уақытта да бұл спорттың дамуына барлық жағдай жасалады. Себебі олар мүмкін еместі мүмкін етіп жүрген нағыз ержүрек батырлар. Біз оларға әрқаша сенеміз, сенім артамыз, – дейді аталған орталықтың директоры Нұржан Қырықбайұлы.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




