«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Цифрлық ғасырдың басты кейіпкері – жастар

Цифрлық ғасырдың басты кейіпкері – жастар
Автор
Бүгінгі әлемді жасанды интеллектісіз елестету мүмкін емес. Ол енді болашақтың емес, бүгіннің технологиясына айналды. Қарапайым тұрмыстан бастап, күрделі шешімдер қабылдауға дейін араласып жатқан жасанды интеллект (ЖИ) қоғамның барлық саласын өзгертіп отыр. Ал осы өзгерістердің ең алдыңғы шебінде – жастар тұр.

Қазіргі жас буын – технологиямен бірге өсіп, цифрлық ортада қалыптасқан ұрпақ. Олар үшін интернет, алгоритм, жасанды интеллект – үйреншікті ұғым. Алайда дәл осы үйреншіктілік кейде бейқамдыққа, кейде терең ойланбай қолдануға алып келіп жатқаны жасырын емес. Сондықтан ЖИ тақырыбын жастармен байланыстырмай қарастыру мүмкін емес.

Бүгінгі сұрақ біреу ғана: жасанды интеллект жастарды қайда бастап барады? Ол – дамуға жол ашатын мүмкіндік пе, әлде ойлаудан алыстататын қауіп пе? Бұл сұраққа біржақты жауап жоқ. Себебі бәрі жастардың өз таңдауына, жауапкершілігіне және санасына байланысты. Қазіргі жастардың күнделікті өмірі жас анды интеллектпен тығыз байланысты. Смартфондағы ұсыныстар, әлеуметтік желідегі контент, онлайн оқу платформалары, жұмыс іздеу сайттары – барлығы дерлік ЖИ алгоритмдері арқылы жұмыс істейді. Бұл – жастардың ақпаратты қабылдау, шешім қабылдау, тіпті армандау тәсілін де өзгертті.

Астана қаласының студенті, болашақ IT-маман Даниял Жасанбай өз тәжірибесімен былай деп бөліседі: «Жасанды интеллектіні мен құрал ретінде көремін. Ол менің орныма ойламайды, бірақ ойымды жүйелеуге көмектеседі. Уақыт үнемделеді, ал уақыт – жастар үшін ең қымбат ресурс». Бұл пікірді көпшілік жастар қолдайды. Олар ЖИ-ді қарсылас емес, серіктес ретінде қабылдайды. Алайда бұл серіктестіктің қалай құрылатыны – басты мәселе.

Білім саласындағы ЖИ: Жаңа мүмкіндік пен ескі мәселе

Жасанды интеллектінің білім саласына енуі жастар үшін үлкен мүмкіндік ашты. Онлайн курстар, цифрлық кітапханалар, интерактивті тапсырмалар – барлығы білім алуды жеңілдетті. Бұрын қолжетімсіз болған ақпарат бүгінде бір сәтте табыла кетеді. Дегенмен, о сы жеңілдіктің көлеңкелі тұсы да бар. Кейбір жастар ЖИ-ді білім алудың құралы емес, тапсырмадан «құтылудың» жолы ретінде қолдана бастады.

Тараз қаласындағы университет студенті Динара Оралбек былай пікір білдірді: «Шынымды айтсам, кейде тапсырманы өзім істегеннен гөрі ЖИ арқылы жасаған оңай. Бірақ содан кейін өзіме қанағат сезімі болмайды. Білім алғандай болмайсың».

Бұл – бүгінгі білім жүйесінің алдында тұрған үлкен сын. Мәселе ЖИ-ді пайдалануда емес, оны қандай мақсатта қолдануда. Егер жасанды интеллект студенттің ойлауын дамытуға көмектессе – ол пайдалы. Ал ойлаудың орнын басса – қауіпті.

Сыни ойлау және дайын жауапқа тәуелділік

Жастар арасында жиі айтылатын алаңдаушылықтың бірі – сыни ойлаудың әлсіреуі. Дайын жауаптың қолжетімді болуы кейбір жастарды терең ойланудан алыстатып бара жатқандай. Жас ұстаз, магистрант Айдос Сейтқали былай дейді: «Мен студенттерден бір тақырыпқа өз көзқарасын сұрасам, кейбірі бірдей жауап береді. Сөз саптауы да ұқсас.

Бұл – дайын мәтінге сүйенудің белгісі». Оның айтуынша, ЖИ-ді қолдануға тыйым салу – шешім емес. Керісінше, оны дұрыс қолдану мәдениетін қалыптастыру қажет. Студент ЖИ берген жауапты талдап, салыстырып, өз ойымен толықтыруы тиіс.

Еңбек нарығы: Жаңа талаптар, жаңа жауапкершілік

Жасанды интеллект еңбек нарығын түбегейлі өзгертті. Кейбір мамандықтар біртіндеп жойылып, жаңа кәсіптер пайда болуда. Бұл жастарға үлкен мүмкіндік те, үлкен жауапкершілік те жүктейді. Жас кәсіпкер Нұрдәулет Қабыл: «Қазір жұмыс берушілер дипломнан бұрын нақты дағды сұрайды. Егер сен ЖИ құралдарын меңгермесең, бәсекеге төтеп беру қиын».

Шынында да, болашақта жастардан тек кәсіби білім емес, икемділік, бейімделгіштік, үздіксіз үйрену қабілеті талап етіледі. Бұл – ЖИ дәуірінің басты талабы.

Шығармашылық және жасанды интеллект

Көпшілік ЖИ шығармашылықты жояды деп қорқады. Әсіре се журналистика, дизайн, музыка сияқты салаларда бұл мәселе жиі көтеріледі. Жас журналист Айгүл Аманқұлдың пікірі екіұшты: «Бір жағынан, ЖИ мәтін жазып, сурет салып, видео жасай алады.

Екінші жағынан, ол маған идея табуға көмектеседі. Барлығы оны қалай қолданатынымызға байланысты», – дейді ол.

Шығармашылық – тек нәтиже емес, процесс. Ал процесті толықтай машинаға тапсыру – адамның өзін жоғалтуымен тең. Сондықтан ЖИ шығармашылықтың орнын баспай, оны толықтыруы тиіс.

Этика, жауапкершілік және цифрлық мәдениет

Жасанды интеллектпен бірге этикалық мәселелер де қатар жүріп келеді. Жалған ақпарат тарату, авторлық құқықты бұзу, жеке деректердің қауіпсіздігі – жастар жиі тап болатын түйткілдер. Кейде ЖИ берген ақпаратқа сеніп қаламыз. Бірақ оның бәрі дұрыс бола бермейді. Тексермесең, өзің де, өзгелер де зиян шегуі мүмкін. Сондықтан цифрлық сауаттылық – бүгінгі жастар үшін міндетті дағды. Ақпаратты тексеру, дереккөзге сын көзбен қарау, жауапкершілікпен қолдану – ЖИ дәуіріндегі басты қағидалар. Жасанды интеллектінті тиімді пайдалану – тек жастардың ғана емес, мемлекет пен қоғамның да жауапкершілігі. Білім беру жүйесінде ЖИ-ді дұрыс енгізу, жастарға арналған бағдарламалар, оқыту курстары – болашақтың негізі.

Жастарды технологиядан қорықпауға, бірақ оған табынбауға үйрету – бүгінгі күннің басты міндеті. Қорытынды. ЖИ – құрал, ал таңдау – жастардың қолында. Жасанды интеллект – бейтарап құрал. Ол жастарды да, қоғамды да өзгерте алады. Бірақ бұл өзгерістің бағыты технологияға емес, адамға байланысты.

Саналы, ойлай алатын, жауапкершілікті жас қана ЖИ дәуірінде өз орнын табады. Ал дайын жауапқа үйренген, сыни ойлаудан алыстаған ұрпақ үшін бұл технология қауіпке айналуы мүмкін. Жасанды интеллект жастарды алмастырмайды. Бірақ жасанды интеллектіні меңгерген, оны саналы қолданатын жастар болашақты анықтайды.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар