«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Менингит несімен қауіпті, қалай қорғану керек?

Менингит несімен қауіпті, қалай қорғану керек?
Автор
Менингит – ми мен жұлынды қорғайтын қабықтардың қабынуы. Бұл ауру өте қауіпті, себебі ол тез дамып, дер кезінде ем көрсетілмесе ауыр асқынуларға, тіпті өлімге дейін әкелуі мүмкін. Менингит кез келген жастағы адамға жұғуы ықтимал, алайда әсіресе балалар, жасөспірімдер және иммунитеті әлсіреген адамдар жоғары қауіп тобына жатады.

Менингиттің ең басты қаупі – оның жылдам өршуінде. Ауру бірнеше сағат немесе бір-екі күн ішінде ауыр хәлге жеткізуі мүмкін.

Менингиттің салдары ретінде:

• есту немесе көру қабілетінің төмендеуі,

• жүйке жүйесінің зақымдануы,

• есте сақтау қабілетінің нашарлауы,

• сал немесе ұстамалар,

• ауыр жағдайда өлім қаупі туындайды.

Бактериялық менингит әсіресе қауіпті болып саналады, себебі ол өте тез таралып, жедел медициналық көмекті талап етеді.

Менингиттің қоздырғыштары – бактериялар, вирустар немесе сирек жағдайда саңырауқұлақтар.

Ауру көбіне:

• ауа-тамшы жолымен (жөтелу, түшкіру, сөйлесу кезінде),

• жеке гигиена сақталмаған жағдайда,

• лас қол, ортақ ыдыс-аяқ арқылы жұғады. Аурудың негізгі белгілері Менингиттің алғашқы белгілері тұмауға ұқсас болуы мүмкін:

• дене қызуының күрт көтерілуі,

• қатты бас ауруы,

• жүрек айну, құсу,

• мойынның қатаюы (басты еңкейте алмау),

• жарықтан қорқу,

• әлсіздік, ұйқышылдық. Мұндай белгілер байқалса, дереу дәрігерге қаралу қажет. Қалай қорғануға болады?

Менингиттің алдын алудың ең тиімді жолдары:

• Вакцинация – менингиттің кейбір түрлерінен сенімді қорғаныс береді;

• Жеке гигиенаны сақтау – қолды жиі жуу, жеке заттарды ортақ пайдаланбау;

• Иммунитетті күшейту – дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы, дене белсенділігі;

• Ауру адамдармен байланысты шектеу;

• Суық тию мен жұқпалы ауруларды дер кезінде емдеу.

Менингококтық инфекция бойынша негізгі қауіп тобы Менингококтық инфекцияға шалдығу қаупі адамдардың тығыз орналасқан жерлерінде жоғары болады. Әсіресе балабақша, мектеп, жатақхана, әскери бөлімдер сияқты ортақ кеңістіктер инфекцияның таралуына қолайлы орта болып саналады.

Халық арасында негізгі қауіп тобына:

• жас балалар,

• жасөспірімдер мен жастар,

• қарт адамдар жатады.

 Статистикалық деректерге сәйкес, менингококтық инфекцияның басым бөлігі 1 жасқа дейінгі балалардың үлесіне тиеді. 2-10 жас аралығындағы балалар арасында аурушаңдық деңгейі салыстырмалы түрде төмен болғанымен, жасөспірімдік кезеңде қайтадан өсе бастайды. Бұл жастағы адамдардың әлеуметтік белсенділігі мен адамдармен тығыз қарым-қатынаста болуы ауру жұқтыру қаупін арттырады.

Сақтық шаралары: Менингококтық инфекцияның алдын алу үшін келесі сақтық шараларын сақтау қажет:

1. Денсаулықты нығайту – дене шынықтырумен тұрақты айналысу, салауатты өмір салтын ұстану;

2. Жоғарғы тыныс жолдары мен көмекей бездерінің ауруларын (жіті респираторлық жұқпалы аурулар, ангина, тұмау тектес аурулар) дер кезінде емдеу;

3. Осы аурулармен ауырған кезде бетперде тағу;

4. Жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде ауыз бен мұрынды беторамалмен немесе бір реттік сулықпен жабу;

5. Жоғарғы тыныс жолдары мен көмекей бездері ауруларының белгілері бар науқастарды оқшаулап, емдеу;

6. Бөлме ішін үнемі ылғалды тазалау;

7. Бөлмені жиі желдетіп, күн сәулесінің түсуін қамтамасыз ету;

8. Жеке бас гигиенасын сақтау, тағамды дұрыс дайындау және сақтау, таза ауыз суды пайдалану;

9. Тек белгіленген, қауіпсіз орындарда ғана шомылу. Менингит – аса қауіпті, бірақ алдын алуға болатын ауру.

Өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау, профилактикалық шараларды сақтау және ауру белгілері байқалғанда уақыт оздырмай дәрігерге жүгіну – өмірді сақтаудың басты кепілі. Ең бастысы өз бетімен емделуден бас тарту, дереу медециналық көмекке жүгіну қажет!

 

Г.РАХМАНБЕРДИЕВА

Тараз қалалық санитариялықэпидемиологиялық Бақылау және қадағалау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы.

Ұқсас жаңалықтар