Бала күнімізде ауылда бір кісі қайтыс болса, бір жылға дейін ешбір үйде тойтомалақ өтпейтін. Тіпті, ол дүниеден өткен кісі туысы болмаса да тұтас ауыл жұрты бір жыл өткенше қуанышын думандатып атап өтпейтін. Егер той беруді ертерек жоспарлап, алыс-жақын ағайынды шақырып қойғандар болса, қаралы отбасына жасы үлкендер жиналып барып, рұқсат сұрайтын. Онда да тойын аса думандатпай, жеңіл-желпі өткізетін. Ал қазір ше? Тіпті, қайтыс болған кісінің туыстары да той тойлап, туған күн немесе басқа да жақсы жаңалықтарын мерекелеп жүре береді. Жақынын тірісінде ғана емес, өлгенде де құрметтейтін қазақылығымыздан алыстап, қайда барамыз?
– Рас, қазіргі қоғамда адамдардың бірбіріне жанашырлығы, мейірім танытуы, көңіліне қарап сөйлеуі азайып барады. Бұл адамгершілік болмыстың ғана емес, жеке бастың құнын да төмендетеді. Әрбір тұлғаға «Адам» деп құрметпен қарағандықтан көзі тірісінде ғана емес, дүниеден өткен соң да қадірлеген еді. Әрине, «Бұл өмірде жоқ адамды қалай құрметтейді?» деген сұрақ туатын шығар. Оның әруағын құрметтеп, отбасының қайғысын бөлісіп, олар қайғырып отырғанда той тойламай, сый көрсетеді? Осыдан 40 жылдай уақыт бұрын біздің де отбасымыздан осындай бір сынақ өткен еді. 1981 жылдың күзінде інім үйленіп, әкем қатты қуанып, ауыл-аймаққа ұлан-асыр той жасағысы келді. Той күні белгіленіп, шақыру қағазы таратылып қойған. Сөйтіп тойға үш күн қалғанда, әкем кенеттен құлап, миына қан кетіп, одүниелік болып кетті. Аяқасты келген қайғының соққысы ауыр болады ғой, қатты қайғырдық. Ағайын-туыс дағдарысқа түсті. Жегжатжұратқа қаралы хабар таратылды. Барлық рәсімдері атқарылып, той болады деп күткен күні әкемнің денесі жер қойнына тапсырылды. Тап сол күні құдалар жақтан хабар келді. Келіннің анасы жаман ауруға шалдыққан екен, қызының құтты орынға қонғанын көріп кеткісі келген болар. «Біз құданы көрген жоқпыз, иманы жолдас болсын. Біздің бетімізді қайыра көрмеңіздер, арты той болсын! Қызымның алдындағы міндетімнен құтылып, аналық парызымды өтейін, көрпе-төсегін апарып берейік» деп сәлем жолдапты құдағи. Көп ойланып жатпастан, әулетіміздің үлкені, жасы үлкен атамыз «Жарайды, құдалар келсе, келсін. Дастарқанды қаралы үйге емес, үлкен баласының үйіне жайыңдар. Ішімдік ішілмесін, ән айтып, би билеу болмасын. Келін қалыңдық көйлегін кимесін. Келгендер тек екі жасқа тілегін айтып, жоралғысын жасасын да қайтып кетсін», – деді.
Солай болды. Сөйтіп, інімнің тойы да болмады. Көп ұзамай келіннің анасы да дүниеден өтті. Бұл қайғыға беріліп, ұзақ уақыт аза тұту емес. Жақынынан айырылған қаралы үйге құрмет көрсету. Ал қазіргі қоғамда адамдардың бір-біріне көзқарасы мүлдем бөлек. Қанша жерден қайғыдан қан жұтып жатсаң да ешкімнің оған басы ауырмайды. Бұл – шындық.
Бұрынғы көреген ата-әжелеріміздің ұстанған салты бойынша қаралы үйде 7 күнге дейін қазан көтерілмейтін, жақын-жуық, ағайынтуғандары көңілдерін аулау үшін күнде әрқайсысы үйіне шақырып, ас-ауқатын беріп, сый-сияпатын жасап, қайғысын ұмыттыруға тырысатын. Бір жылға дейін ол үйде той болмайтын, артында жесірі қалса, жылдық асы өткенше үйінен аттап шықпайтын, босағасына қара шүберек байлап қоятын. Халқымыздың бұл әдетін «Абай жолы» эпопеясынан да кездестіреміз.
Бөжей қайтыс болғанда, киіз үйінің босағасына қара шүберек байлап, бір жылқыны жылдық асына сойылады деп, құйрық-жалын кесіп, қаралап қояды. Үлкендерге сәлем салатын келін күйеуі қайтыс болса, сәлем салмайды. Яғни, сәлем салмайтын келінді жесір деп таниды. Мұның бәрі де адамды көзі тірісінде ғана құрметтеп қоймай, дүниеден өткеннен соң да қадірлеудің, жанашырлықтың белгісі, – дейді көпті көрген әжей, ардагер ұстаз Баршагүл Баялиева. Ұстаз-ана айтқандай, қазіргі қоғамда жанашырлық, ар алдындағы парыз ұмытылып бара жатқанын басқалардың қайғысын пайда көзіне айналдырған кейбір пысықай блогерлерден де көреміз.
Көпбалалы, жанашыр жақыны жоқ, жалғызбасты жесірді, жетім баланы, мүгедек кісіні жыламсыратып бейнетаспаға түсіріп, елге жариялап, қайырымды іс жасауға шақырады. Әрине, егер халықтың берген садақасы сол мұқтаж жандардың өзіне жетсе, жақсы. Бірақ, жиналған қаржыны мүсәпір жанға бермей немесе болар-болмасын ғана беріп, өзіне жымқырап қалған біраз блогерлер ақиқаты ашылғанда заң алдында жауап беріп жатыр. Адамдықтан ада әрекетке барғанын түсініп, ар алдында жауап берді ме екен? Біреудің қайғысының үстінен пайда көздегендер өз басына нендей күй келерін ойламайтыны жанға батады.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Цифрлық ғасырдың басты кейіпкері – жастар
- 10 ақпан, 2026
Менингит несімен қауіпті, қалай қорғану керек?
- 10 ақпан, 2026
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




