Соған байланысты таяуда Үкімет отырысы болып, Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті министрліктің басшыларына тапсырма берді.
«Балалар фаст фудпен энергетикалық сусындарға тәуелді» Үкімет отырысында осылай деген Үкімет басшысы балалар мен жасөспірімдердің дұрыс тамақтануы мәселесін көтеріп, Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырма берді.
– Балалардың ішіп-жейтін тамағы маңызды мәселе. Бізде өкінішке қарай, балалар мен жасөспірімдердің көбісі фастфудқа, энергетикалық сусындарға құмар. Тіпті кей кезде оған тәуелді болып қалады. Осы қауіпке бүкіл ел, қоғам болып тойтарыс беруіміз керек. Бұл – өте қауіпті жағдай. Ұсыныстар енгізіңіздер», – деді О.Бектенов.
Сонымен қатар «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған іс-шаралар қарастырылған. 1 ақпаннан бастап барлық мектептерде «тосыннан кіріп тексеру» қағидаты бойынша ерекше бақылау енгізіледі. Тексерістер балалардың денсаулығы, дұрыс тамақтануы және қауіпсіздігіне қатысты. Мойындауымыз керек, соңғы кезде балалардың дұрыс тамақтану мәселесіне көңіл аудармайтын болдық. Соның салдарынан мезгіл-мезгіл әр өңірлерде балалардың тамаққа улану оқиғалары орын алып жатады. Таяуда сондай оқиғаның бірі Меркі ауданының демалыс орнында, спорттық ойындар өткізуге келген қызылордалық оқушылардың арасында тіркелді. Енді міне, Үкіметіміз бұл мәселеге көңіл бөліп, олардың алдын алу шараларын жүргізуді қолға алды. Ас – адамның арқауы. Себебі, адам ағзасы тамақты күнделікті қажетті мөлшерде тұтынады. Мысалы, медицинада дәлелденгендей, күніне 5 рет тамақтану қалыпты жағдай деп есептеледі. Ересектер ережені қатаң ұстанса, жастардың арасында дұрыс тамақтану тәртібі әлі қалыптаса қоймаған сыңайлы. Әрине, заманына қарай адам әртүрлі тағамды пайдаланады. Мектептердің асханасында тәртіп бойынша таңертеңгі уақытта жеңіл, асқазанға тез сіңімді тағамдар әзірленеді. Әрбір ата-ана баласының табиғи, таза тамақ ішкенін қалайды. Ал егер баласы мектепке асығып бара жатқан жағдайда күні бұрын даярланып қойған өнімдерді ата-анасы сөмкесіне салып береді. Ал кейбір ата-ана қалтасына баласы сұраған ақшасын беріп, «дұрыс тамақтан» деп ескерткенімен де ойын баласы тез дайындалатын асқа (фастфуд, қуырылған қытырлақ нандар мен картоптар, пирожныйлар және т.б.) жүгінуі мүмкін. Олай болудың өзіндік себептері де бар.
Біріншіден, әр баланың талғамына байланысты үйдің берген ақшасы таңертеңгі және түскі асқа жетпей, одан артық шығындануы мүмкін. Ондай жағдайда оқушылар неғұрлым тез пісетін, майлы, қуырылған тағамдарға әуестене бастайды. Осылай күнде жалғаса берсе, баланың тамаққа деген тәбеті құрып, ішкі ағзалары нашарлап, семіздік секілді ауруларға шалдығуы мүмкін. Ал таң атқаннан кеш батқанға дейін жұмыста, я болмаса үйде отырған ата-аналардың олардың не істеп, не қойып жатқанында шаруасы жоқ. Сол себепті баланың өміріне алаңдаған ата-ана біріншіден мектептердегі асханалардың жағдайы мен ондағы берілетін ас мәзіріне, әр баланың тамағына жұмсалатын қаражаттың соған сай болуына баса назар аударулары қажет.
Білім ордасында сапалы тағамдар тұтынғанда ғана оқушы еш алаңсыз сапалы білім ала алады. Тағамның маңыздылығы – ол баланың ақыл-ой өрісінің дамуы мен қалыптасуы, орталық жүйке жүйесінің дамуы, қоршаған орта факторларының қолайсыз әсеріне төзімділігіне жауап береді. Баланың жасына сай ағзаға қажетті пластикалық және энергетикалық материал үйлесімді тамақпен толық қамтамасыз етілуі керек. Тамақтың алуан түрлі болуын қадағалау керек. Тамақтану өнімдерінің құрамына әр түрлі мөлшерде және пропорцияда болатын қажетті қоректік құндылықтар кіреді.
Қоректік заттардың жетіспеуін болдырмау үшін, күнделікті ас мәзірінде барлық топтардан алынған өнімдерді ескеру керек: дәнді өнімдер, көкөністер мен жемістер, сүт және оның өнімдері, құрамында құнды белок бар тамақ. Астың құрамында өсімдік белоктарының және мал белоктарының қоспасы болуы тиіс, себебі сонда ғана біз бала организміне қажетті амин қышқылдарының түсетініне сенімді боламыз. Белоктан басқа, үлкендермен салыстырғанда балалар кальций, фосфор және темір сияқты минералдық компоненттерді, сондай-ақ негізінде A, D, B1, B2, C PP дәрумендерін көп қажет етеді. Балаларға ауыр қорытылатын өнімдерді – көп мөлшердегі майға қуырылған (котлеттер, фри, қуырылған картоп және т.с.с.) бермеңіздер, сондай-ақ қырыққабатты және қырыққабат тұқымдас көкөністерді (гүлді, брюссель қырыққабаты), пиязды, ірі бұршақ өсімдіктерін, әсіресе құрғақ (тек жасыл бұршақ пен үрме бұршағы) шамадан тыс көп бермеуге тырысыңыз.
Кішкентай балалар кремі бар пирожныйларды және майының мөлшері көп пісірілген тәтті нандарды (мысалы, француз бөлкелері) жемеуі керек. Сондайақ балаларға қуырылған картоп, «фастфуд» сияқты қатты өңдеуден өткен өнімдерді жегізбеуге тырысыңыз. Балалар тамағын әзірлеу үшін тағам концентраттар (құрғақ көжелер, сорпа текшелері, «вегета» және т.с.с.) пайдаланылмауы тиіс, себебі олардың құрамында жасанды қосындылардың, тұз бен консерванттардың мөлшері шамадан тыс көп.
Балаларға газдалған сусындарды немесе жасанды бояғышы бар сусындарды бермеген дұрыс. Олардың көкөніс және жеміс шырындарын ішкені абзал. 3 жасқа дейінгі балаларға міндетті түрде сертификаты бар, балалар тағамына рұқсат етілген шырындарды сатып алу керек. Себебі, олардың құрамында пайдалы емес қосындылар болуына мұқият тексерістен өткеніне кепілдік береді. Мектеп жасындағы балаларда ас қорыту ағзаларының созылмалы ауруы жиі кездескендіктен, бала организміне тағаммен дәрумендер мен минералдар толық түсіп тұру керек. Сондықтан, балаларды жастайынан дұрыс тамақтану тәртібіне үйрету керек.
Балаларға келесі тәртіппен тамақтанған жөн:
– көп тамақ ішпеу;
– тамақ ішіп отырған уақытта бөгде іспен айналыспау (кітап оқу, теледидар көру);
– майлы, тәтті, ащы тағамдарды, газдалған сусындарды көп пайдаланбау;
– тамақты тез ішпеу, бірыңғай құрғақ тамақтарды ғана қабылдамау, жүріп келе жатып тамақ ішпеу;
– чипсылар «киришкил ар», шоколадты батондар, гамбургерлер, чизбургерлер, пиццалар денсаулықты бірте-бірте бұзады.
Дұрыс тамақтану тәртібіне мыналар жатады:
– тамақты белгілі бір уақытта, күніне 4-5 рет қабылдау керек.
Тамақтардың әр түрлі болғаны жақсы.
– Таңертеңгі ас – міндетті түрде ыстық болсын (қарақұмық немесе сұлы жармасы), бұған қоса сүт өнімдерінің бір түрі, көкөністер салаты, қара нан.
– Екіншіден – жеміс немесе көкөніс шырындары, болмаса сүт, айран, жемістердің (банан, алма, алмұрт, апельсин, т.б.) біреуі.
– Кешкілік ас – жеңіл болуы керек. Оның негізінен сүт, айран өнімдерінен, жемістерден немесе көкөністерден, жармалардан болғаны жақсы.
– Балалар тамағының аса маңызды бөлшегі су. Негізінен қолданылатын табиғи сұсындар болуы керек.
– көкөніс пен жемістердің шырындарына, компотқа, морсқа, көк шайға, болмаса табиғи ауыз суға басымдық берілуі тиіс;
– қабылданатын тағамның температурасы қатты ыстық немесе суық болмауы керек, тамақтың құрамында жеткілікті мөлшерде витаминдер мен минералды заттардың болғаны дұрыс;
– тәулігіне қабылданатын шикі көкөністер мен жемістердің мөлшері 400 граммнан кем болмасын;
– балалардың тұрақты белгілі бір уақытта тамақтанғаны жөн;
– бала тамақтанып отырғанда жазалауға мүлдем болмайды;
– бір түрлі тамақты күн сайын ішпеген абзал;
– қысқа үзіліс кезінде жиі-жиі әрі тез (қамырға орап пісірілген сосиска, гамбургер) тамақтар қолдану, семіздікке, зат алмасу бұзылыстарына, қан тамырларының атеросклерозы мен ағзаның ерте қартаюына әкеліп соқтырады.
Балалар тамақтануында келесі кеңестерді сақтауға ұсынамыз:
– Ми клеткалары В тобындағы дәрумендер мен никотин қышқылынсыз (РР) дұрыс жұмыс істей алмайды, сондықтан, тағам құрамында балық, бұршақ дақылдастар, жарма, картоп, сүт өнімдері, жұмыртқа, ірі үгітілген ұннан пісірілген нан, ашытқының болғаны дұрыс.
– Майшабақ, нәлім, сардина, тунец балықтары балалардың ақпараттарды қабылдау қабілетін арттырады.
– Ауыр жұмыс істегенде, жаңғақ шаршағанды басады.
– Калий мен кальций ой қызметін жақсартады, ол минералдар кепкен өрікте, жүзімде, пісірілген алмада, йогуртте, ірімшікте, тағы басқа да сүт өнімдерінде көп кездеседі. Ас – шаян, кальмар, теңіз шаяны сияқты су жәндіктері зейін қабілетін жинақтауды күшейтеді.
– Банан баланы күйзеліс жағдайдан айықтырып, сергектік пен өзіне деген сенімділікті, ширақтылықты арттырады.
– Есте ұстаңыздар! Тамақ дәмді, пайдалы және әр түрлі болсын. Сонда балаларға тағам күш-қуат беріп, ақыл-ойды қуаттандырады. Дұрыс тамақтанған балалар – болашақтың сұлу да, сымбатты азаматы болып саналады. Ал енді сусындар жайлы айтатын болсақ, бұл да ерекше көңіл аударарлық мәселе.
Қазіргі жастардың басым көпшілігі газдалған (кокакола, пепси, фанта және т.б.) және энергетикалық сусындарға тым үйір. Онсыз олар мына жарқын дүниені көз алдарына келтіре алмайды. Олардың құрамында қант мөлшері басым болғандықтан өздеріне балаларды тартып тұрады. Сусын құрамында су мен қанттан бөлек консерванттар, қышқылдар, бояғыштар бар. Кейбір сусындар құрамындағы консерванттар екі жыл бойы сақталуы мүмкін. Ең көп таралған консервант – натрий бензоаты (Е211). Көптеген ғалымдар бұл зат асқазан-ішек жолдарының ауруларына және паркинсон ауруына әкелуі мүмкін процестерді тудырады деген пікірде. Сонымен қатар, егер балада демікпе болса, екі есе мұқият болыңыз, өйткені бұл қосылыс оның симптомдарын ушықтырады.
Құрамында қант бар сусын асқазанға ас қорытумен айналысатын ас қорыту баяулауы немесе жаңадан келген калориялар игерілмегенше мүлдем тоқтауы тиіс. Егер сіз газдалған сусын ішсеңіз, онда бұл үлкен мәнге ие болмайды. Бірақ егер бұл күніне бірнеше рет болса, онда ас қорыту баяулайды және асқазан шиеленісті сезінеді. Зерттеу көрсеткендей, тәтті газдалған сусындарды пайдаланатын балалардың тістерінде ішпейтіндермен салыстырғанда көп қуыстар, яғни тіс жегісі пайда болады. Жеміс шырындарына да қатысты. Осыған орай, «ас ішу» үшін тәтті сусындар мен шырындарды көп тұтынбау керек. Егер сіз мұндай сусындарды ұнатсаңыз, оларды орнын қайнаған сумен алмастырған жөн. Газдалған сусындар асқазанға түскеннен кейін асқазан сөлімен және қышқылдармен реакцияға түсіп, ас қорыту процесін бұзады.
Жиналған газ кері «теуіп», өңеш пен асқазан арасындағы сфинтержомның (клапанның) қызметін бұзып, рефлюксті дертке алып келеді. Ол ертелі-кеш өңештің кілегей қабығын күйдіріп, келе-келе обырға (ракқа) айналдыруы әбден мүмкін. Бүгінде Қазақстан нарығында «DIZZY», «Red Bull», «Monster Energy» секілді энергетикалық сусындар ашықтан-ашық сатылуда. Жастар да, мектеп оқушылары да осы бір «сиқырлы сусынға» құмар-ақ.
Энергетикалық сусындарды белгіленген мөлшерлемеге сай тұтыну қатаң талап етіледі. Максималды мөлшер – күніне 2 құты. Одан асыру – қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін. Өйткені оның құрамына кофеиннен бөлек, таурин, инозит, аминқышқылдары, рибоза және дәрумендер секілді микроэлементтер кіреді. Сергектік сыйлайтын сусындарды жиі пайдаланатын мектеп жасындағы балаларды тексеріп көретін болса, олардың бауыры 35 жаст ағ ы маскүнемдікіндей болып тұрады. Бұл улағыш сұйықтықты жасөспірімдер көп ішсе, олар түрлі ауруларға шалдыққыш келеді. Жүрек дертіне, жүйке жүйесі, асқазан, бауыр, тіпті қатерлі ісікке ұласады. Сондықтан балалар мен жүкті әйелдерге және қарт адамдар мен гипертониясы бар жандарға бұл сусынды ішуге мүлдем болмайды.
Энергетикалық сусындар ағзаны күш-қуатпен қамтамасыз етеді деген тұжырым – дәлелсіз. Сусында ондай қасиет жоқ, ол тек энергия қоздырушысы. Яғни, біз өз бойымыздағы қорымызды пайдаланамыз, қысқаша айтқанда, энергияны өзімізден «қарызға» ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе, бұл «қарызды» шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға тура келеді. Бір сөзбен айтқанда, ағзадағы өмір бойына жететін күш-қуатты тез арада сыртқа айдап шығаруға бағытталған сусын оны сарқа тауысып, әлсіздікке ұшыратып, тез қартаюға себеп болады. Бірқатар елде энергетикалық сусындарды сату және тұтынуға байланысты шектеулер де бар.
Мысалы, Америкалық педиатрия академиясы балаларымен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды мүлдем ішпеуге кеңес береді. Себебі бұл сусын түрлерінің қауіпсіздігі мен тиімділігі осы жас тобында анықталмаған. Канадада энергетикалық сусындар азық-түлік ретінде жіктеліп, аталмыш елдің азық-түлік және сусындар кодексімен реттеледі. Шектеулерге кофеиннің жоғары мөлшері (бір пакетте 180 миллиграмнан аспауға тиіс), сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу жатады. Ұлыбританияда да бұл сусын түрлері Еуроодақтың ішкі нарығы белгілеген шектеулерге кіреді, мұнда бір пакетте 150 миллиграмнан астам кофеині бар сусындарды 18 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынған. Бұдан бөлек Литвада кәмелет жасына толмағандарға энергетикалық сусындар сатылмайды. Сондай-ақ бұл елде энергетикалық сусындардағы кофеиннің құрамына қатысты шектеулер де бар, оған сәйкес бір пакетте оның мөлшері 150 миллиграмнан аспауы қажет.
Уругвайда 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуға және жарнамалауға мүлдем болмайды. Ал Сауд Арабиясында, Біріккен Араб Әмірліктерінде 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуға шектеу қойылған. ТМД елдерін алып қарасақ, Қырғызстан мен Өзбекстанда кәмелеттік жасқа толмағандарға энергетикалық сусынды сатуға тыйым салынса, Түркменстанда толығымен тыйым бар. Әзірге біздің елімізде мұндай шектеулер қарастырылмаған. Сол өкінішті... Балаларға күніне кем дегенде 60 минут физикалық белсенділік қажет. Неге көңіл көтермеске? Кешкі астан кейін серуендеу немесе жүзу сияқты бәрін қозғалысқа келтіретін отбасылық жиындарды жоспарлауға тырысыңыз. Мүмкіндік болғанда тосындылық танытыңыз, мысалы, радиода сүйікті ән естілгенде бірге билеңіз.
Сондай-ақ баланы экранның алдында өткізетін уақытын шектеуге үйрету маңызды (ДДҰ 2-4 жастағы балаларға күніне бір сағаттан асырмауға кеңес береді) және қозғалысты қажет ететін белсенді ойындарға назар аудару керек. Баланы күн сайын пайдалы тамаққа және көңілді іс-шараларға үйрету оның дамуына көмектеседі, денсаулығын жақсартады және оны өмір бойы оң, сау шешімдер таңдауға дайындайды. Халықтың денсаулығы – ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі. Сондықтан ата-бабамыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Сол себепті әрбір адам денсаулықтың маңызын, қадірін ерекше ұғынғаны дұрыс деп ойлаймыз.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, түрлі сырқаттың алдын ертерек алған абзал. Әсіресе, балаларға олардың немен тамақтанып, қандай сусын ішіп жүргеніне ерекше көңіл аударғанымыз жөн. Өйткені, дұрыс тамақтану мен дәрумендерді ұтымды пайдалану да ағзаның мықты болуына ықпал етеді. Денім сау болсын десеңіз, дұрыс тамақтанып, «сиқырлы» энергетикалық сусындардан аулақ болған жөн.
Сағындық ОРДАБЕКОВ
медицина ғылымдарының докторы, профессор.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Цифрлық ғасырдың басты кейіпкері – жастар
- 10 ақпан, 2026
Менингит несімен қауіпті, қалай қорғану керек?
- 10 ақпан, 2026
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




