«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отандық ғалымдар су тартудың тиімді жолын тапты

Отандық ғалымдар су тартудың тиімді жолын тапты
Автор
Инемен құдық қазғандай машақаты көп әрі үнемі ой үстінде жүруді талап ететін ғылыми ізденістің басты мақсаты – адамдардың өміріне пайдасы тиетін, шаруашылыққа тиімді жаңа нәрсені ойлап табу. Осындай жаңалықты Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары тапты. Ол – құбырсыз су тарту технологиясы. Жаңа технология тік дренаж ұңғымаларын орнату мен пайдалану кезінде шығындарды едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

Бұл технологияда су көтеруге арналған құбырлар қолданылмайды. Сол себепті құбырларды сатып алуға, тасымалдауға және орнатуға кететін шығындар қажет болмайды. Оған қоса, сорғыны ауыстыру немесе жөндеу кезінде орнату мен бөлшектеу жұмыстары жеңілдеп, олардың бағасы да төмендейді. Ал су қысымының жоғалуы төмендегендіктен, электр энергиясын тұтыну да қысқарады. Осындай шығыны аз, пайдасы зор технологияны Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Түркістан облысының Мақтаарал ауданында далалық сынақтан өткізді.

– Қазіргі таңда мұндай құрылғылар Қазақстанда шығарылмайды және қолданылмайды. Сондайақ қарапайымдылығы, сенімділігі және өндіріске енгізуге дайындығы жағынан тең келетін баламалар да жоқ. Құбырсыз су көтеруге арналған технологиялық жабдықтар жиынтығы ведомстволық қабылдау сынақтарынан сәтті өтті. Бұл технологияны қолдану арқылы сорғы қондырғысының металл шығыны мен жалпы салмағы 50 пайызға дейін азаяды. Ал сұйықтықтың бір көлемін айдауға жұмсалатын электр энергиясы 20 пайызға дейін үнемделеді. Сонымен қатар судың ластану немесе жұқтыру қаупі толық жойылады, – дейді осы жобаның жетекшісі Тимур Устабаев.

Далалық сынақ «Қазсушардың» Түркістан филиалына қарасты диаметрі 426 миллиметр болатын ұңғымада жүргізілген. Сондай-ақ Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары филиал мамандарына арналған оқыту семинарын өткізіп, қажетті құрылғыларды пайдалану, монтаждау және бөлшектеу тәртібін түсіндірген.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар