«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аққу қайтса, су да қайтады деп еді...

Аққу қайтса, су да қайтады деп еді...
Автор
Қазақтың ежелгі соғымбасы дәстүрі бабалардан жалғасып келе жатқан тәрбие мектебі ғой. Әкелерімізбен соғымбасыға барғанда бір-бір жастықты меншіктеп алған ауыл ағаларының қызық әңгімелері мен шешен сөздері, арасында айтылып қоятын әуезді әндері әлі күнге дейін көз алдымызға келіп, сол ауылымызға, ауылымыздың тұтқасы болған әке-ағаларымызға деген сағынышымыз еселей түсетіні рас.

Жақында бір соғымбасыда Талас ауданы мәдениет саласының ардагері, сырнайшы Жасан Тілеубековтың әндері мен әңгімесін тыңдап, Жасекеңді жаңа қырынан танығандай болдық. Жасанның әңгімелері тек бір ән төңірегінде емес, қазақ өнерінің өткені мен бүгінгісі және өнердің дара тұлғалары туралы болғандықтан, жастарға өнеге болсын және болашақ өнер тарихы үшін қажет болар деп бөлісуді жөн көрдім. 1989 жылы Талас аудандық шикізат дайындау мекемесінде тауар сапасы бойынша бас маман болып қызмет атқарамын, – деп бастады әңгімесін Жасан Тілеубеков.

Бастығым Орынбасар Әбжаппаров әуесқой композитор, бірнеше әндердің авторы, мен де әуесқой әншімін. Соған байланысты арамызда шығармашылық байланыс қалыптасып сыйласып тұрамыз. Осы жылы бастығым аудандық шикізат дайындау мекемесінің директорлығынан Ильич совхозына бас зоотехник лауазымына ауысқан. Бірде ауданның бірінші хатшысы Ә.Жолшыбеков шақырып жатыр деген хабарды естіп, аудандық партия комитетінің ғимаратына келдім. Бұрын бұл жерге арнайы келген емеспін, жиналыс, басқосуларға бастығым қатысатын. Көбіне мұнда бюроға шақырылып, оған келген кісілер абыройсыз болып қайтатынын білемін. Тәуекел, әйтеуір бюро емес қой деп ішке ендім. Бірінші хатшының алдында отырған қарапайым қазақты көріп, «арызданушы болар, дайындаушылар бірдеңе бүлдірген екен ғой», – деп топшылап бірінші хатшыға амандастым, қарияның да қолын алып қойдым.

Хатшы орнынан тұрып қолымды алды да:

– Жасан, Шәмші Қалдаяқов ағаңды танисың ба? – деді. Шынымды айтсам, әндерін орындағаным болмаса бұрын соңды көрген адамым емес, оның үстіне ол кезде атағы, дәрежесі жоқ, қайда жүретіні, қайда тұратыны да белгісіз. Әйтеуір ұзынқұлақтан Жамбылда Дунгановка ауылында тұрып жатыр деп еститінбіз. Әндерімен ел арасында кең танымал Шәмшіні танымаймын деп қалай айтасың.

– Әрине, танимын, Шәмші ағаны кім танымайды? – деп жауап бердім.

– Ендеше Шәмші ағаңның бұрынғы бастығың Орынбасар Әбжаппаровта шаруасы бар екен, тауып бересің. Тапсырма алған соң көп тұратын жағдай жоқ, Шәмші ағамен сыртқа беттедік. – Жасан, сәл кідірші, – деген бірінші хатшы, өзі жедел түрде обкомның жиынына бара жатқанын айтып, «Шәмші ағаны дұрыстап күтіңдер», – деп пысықтады. Содан сыртта тұрған Шәмші ағаның әйгілі сары жигулиіне отырып, жанар жағармайды лық толтырып, Қызыләуітке тарттық. Жолда Шәмші аға «Аққулар» әнін естіп ұнатқанын және оның авторы Орынбасар Әбжаппаровты арнайы іздеп келе жатқанын айтты.

...Негізі бұл әнге менің де қатысым бар болатын, Ақкөлде Қаракөз Әуелбекова деген әнші қызымыз осы әнді алғаш орындағандардың бірі. Сырнаймен мен сүйемелдейтінмін. Әлі есімде, 1986 жылдың 16 желтоқсанында Алматыдан Шона Смаханұлы ағамыз хабарласып, «Тамаша» ойын сауық бағдарламасының режиссері Лұқпан Есенов ағамызбен келісіп, осы бағдарламаның жаңа жылдық қойылымына өзінің «Ана тілін ардақтайық» әні кіргізілгенін, жедел Алматыға жетуімізді сұранған. Содан Қаракөз, анасы Гүлсім үшеуміз пойызбен Алматыға шықтық. Таңертең Алматы-2 вокзалына түскенде тыныш сияқты еді, әлден соң көшелерде тәртіп сақшылары көбейіп, үлкен әбігердің басталғаны байқалып қалды. Шона Смаханұлы ағамыздың үйіне тоқтап, біраз жаңалыққа қанықтық. Осы күні Орталық комитеттің Пленумы өтетіні және Д.Қонаевты орнынан алатынын естідік. Ертеңіне «орталық алаңға есірткі шеккен, арақ ішкен қазақ жастары жиналып тәртіпсіздік әрекеттер жасап жатыр», – деген хабар тарап кетті, студияға барамыз деген жоспарымыз быт-шыт болды. Қаракөздің анасымен бірге Шона ағамыздың үйінде жатырмыз.

Көшеге шығармайды, телевизор өшкен. Ағамыздың түрі әлем-жәлем, өзі сабырсыз кісі, тыпырлап үйге сыймай кетті. Әлден соң, мен Лұқпанға барып мән-жайды білемін деп кеткен. Содан қас қарайғанда бір-ақ оралған ағамыз, бұрын соңды болмаған сұмдық басталғанын, Брежнев алаңында қазақ жастары мен тәртіп сақшыларының арасында қақтығыстар болып жатқанын айтып келді. Пойыз қатынасының тоқтатылғанына байланысты елге де қайта алмай, 23 желтоқсанға дейін Алматыда қалдық. Шамада сол күні болу керек, Сәтбаев көшесіндегі телестудиядан әнімізді жазатын болды деген хабар алып, «Тамаша» бағдарламасына келдік. Әнімізді естіген Лұқпан аға: «ойбай, бұл әнмен бізді шығармайды, айып етпеңдер, ән жақсы, бірақ дәл қазір орындау бәрімізге қауіпті», – деп үзілді кесілді бас тартты. Сол жерде Шона ағамыз: «Лұқпан, мына оқушы қыздың меселін қайтарма, репертуарында басқа да ән бар», – деп қолқа салды. Лұқпан аға да қоштап, жарайды бір ән орындап көріңдер, – деген соң, мен сырнаймен сүйемелдеп, Қаракөз жаңадан ғана шыққан «Аққулар» әнін орындады. Ән де, талантты ақын, марқұм Серік Томанов жазған мәтіні де Лұқпан ағаға бірден ұнады. Тіпті қуанып, «сендердің аққуларың әлі Қазақстанды айналып ұшатын болады», – деп батасын берді. Әнімізді жазып, 24 желтоқсанда елге қайттық. Жаңа жыл қарсаңында «Тамаша» бағдарламасы «Аққулар» әнінің тұсауын кесті.

Лұқпан аға айтқандай, бұл ән Жамбыл облысы емес, бүкіл Қазақстанға таралды, орындаушылары көбейді. Осындай қызық тағдыры бар әннің авторы Орынбасар Әбжаппаровтың ауылда екенін естіп, бірден үйіне келдік. Жұмыстан босағалы көрмеген бастығым, әрі шығармашылық әріптесімді, тосын сыймен қуантқым келіп, үйге кіре, «Ореке сізді Шәмші Қалдаяқов іздеп келіп тұр», – дедім.

– Әй, Жасан, енді сен мені күлкі қылмақсың ба, Шәмшің не, ол кісі мені неге іздейді екен? – деп бастығым шамданып қалды. Мен де тосылыңқырап қалдым да, «Ореке, қалжың емес шыным, нанбасаңыз қараңыз», – деп терезені нұсқап едім, көлігінің әйнектерін сүртіп жатқан Шәмшіні көріп, Орынбасар қалбалақтап сыртқа жүгірді. Шәмші ағамен төс қағыстырып амандасып, үйге кіргізді. Мал сойылды, қазан көтерілді, Қызыләуіт ауылында өнер мейрамы басталып кетті.

Шәмші ағамыз туралы айтқандар мен жазғандар ол кісінің ішкен жегені туралы әңгіме етуші еді, Шәмші ағамыз там-тұмдап тамақ ішкенімен, арақ-шарапты татып алмайды екен. Бәріміз сол кісінің ережесін қабылдадық. Орекең, үйдегі телефонмен Ақкөл ауылына шығып, аудандық «Ленин жолы» газетінің редакторы А.Әбдірәсіловқа хабарласып, сонда тілші болып істейтін ақын Серік Томановты шақыртты.

Әуені болып жаңа әннің,

Жетейін саған жан аға!

Сағынған да болармын,

Сия алмай үлкен қалаға.

Қалада өзім жүргенмен,

Далада менің бар ойым.

Сағынып шығып бұл жерден,

Сабылып тағы барайын.

Тірлікке күйкі қарама,

Тұрмыста билеп кетпесін.

Санаңда сенің жан аға ,

Сағыныш қана көктесін,– деп Ақкөлден Серік жетті, сонымен өнер мейрамы жалғасты. Түнімен әңгіме дүкен құрып, ән айтылды, өлең оқылды. Ертесіне Шәмші аға асығыс екенін айтып қайтпақшы болған, кішкентай ауыл құлақтанып қалған екен, ауыл ақсақалы Әбдіхалық Мүсірбеков бір топ қариялармен келіп, «әй, Шәмші, сен жалғыз Орынбасардың қонағы емессің, елдің, халықтың қонағысың, бұның не, тым тырыс кетіп бара жатқаның. Елдің сыйын көріп, дәмін татпай қайтпайсың», – деп кесіп айтты. Ақсақал сөзіне ешкім қарсы уәж айта алмады, ауыл тұрғындары мектеп клубына жиналып, кішігірім кездесу жасап, Шәмші әндерінен концерт бердік. Мен екі сағат сырнаймен Шәмшінің әндерін орындадым. Ара-арасында Серік арқаланып өлеңдерін оқыды. Концерттен соң Абдіхалық ағамыздың үйінен басталған қонағасы бірнеше үйден жалғасын тауып, түн жарымында үшеуіміз Орынбасардың үйіне келдік. Жатар алдында Шәмші аға: Жасан, менің «Теріскейімді» Нұрғали Нүсіпжанов ағаң жақсы орындап жүр, бірақ ол кісі шалғай аудандарға шыға бермейді ғой, саған өтінішім, осы әнді сен орындап, таратшы елге, – деді.

Жаңа шыққан ән болған соң репертуарымда бар болатын, концертте орындағаным Шәмші ағаның көңіліне қонған сияқты, «Шәмші аға рақмет, өте қуаныштымын сеніміңізді ақтаймын», – дедім да, баянымды алып «Теріскейді» орындап бердім. Үшінші күні Шәмші ағамызды шығарып салмақшы болып, Ақкөлге алып бардық. Суы тартылып, кей жерлерін сортаң басқан көлді көріп Шәмші ағамыз қатты қиналды, сол кезде экологиялық мәселе барлық жерде қиын, су тапшылығы едәуір проблемаға айналған кез. Кенет Шәмші аға ыңылдап «Аққуларды» айтып тұрды да, Орынбасарға жалт қарап, тез арада аққуларды көлге қайтару керек, – деп қойып қалды. Бәріміз аң-таң, қалжыңқой Серік: «Мен өлеңді қайта жазып, қайтарайын оларды», – деп қоштап кетті.

Осы жерде Шәмші ағамыз өзінің академиялық музыкалық талантын паш етіп, Орынбасардан ән композициясының соңғы қайырмасында созылып аққулардың қоштасып көлден ұшып бара жатқан сәтін білдіретін ырғақ динамикасын қысқартып, аққуларды қондыруға келетін қысқа ырғақпен ауыстыруын сұрады. Суалған көл орнындағы сортаңдарға қарап ойланып тұрып, «аққулар қайтса, су да қайтады», – деп бізге жымиып қарап қойды. Әрине, ол кезде біз бұл сөзге мән берген жоқ едік, арада көп уақыт өтпей 1991 жылдың көктемінде Ақкөлге көп жылдан бері жоғалып кеткен су келді, ойда орналасқан Ақкөл ауылын топан су алып кете жаздап, ел қырға қашты. Ең бастысы, балықшылар Ақкөлде аққулар пайда болғанын айтып жүрді. Көп ұзамай 1992 жылы ақпанда Шәмші аға өмірден қайтты. Әрине, ол кезде сазгердің атақты әні Тәуелсіз Қазақстанның гимні болатынын ешкім білген жоқ. Міне, ұлы адамның тылсым құдіреті». Әңгімесін аяқтаған Жасан, «Аққулар» әнін әуелетті. Бәріміздің көз алдымызға керімсал самалмен тербетілген Ақкөл көлінің толқындары арасында қалықтап жүрген қос-қос аққулар елестеді.

 

Әбиірбек ҚОНЫСБАЕВ

прокуратура ардагер

 

Ұқсас жаңалықтар