«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отан қорғау – әр азаматқа парыз

Отан қорғау – әр азаматқа парыз
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында ел қауіпсіздігінің тірегі саналатын әскери саланың өзекті мәселелеріне арнайы тоқталып, қоғам назарын алаңдатқан түйткілдерге ашық әрі салмақты баға бергені белгілі. Президент ең әуелі кейінгі жылдары жұртшылықты толғандырған сарбаздардың қаза табуы мен түрлі жарақат алу оқиғаларына айрықша назар аударып, әскери қызметтің беделін көтеру тек ұранмен емес, нақты іспен жүзеге асуға тиіс екенін, сарбаздың әлеуметтік жағдайы, құқықтық қорғалуы мен адами қадір-қасиеті толық сақталғанда ғана әскерге деген сенім нығаятынын жеткізді.

Бейбіт заманда әлімжеттік секілді теріс үрдіс болмауға тиіс екенін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылығын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алғанын да айтты. Сондайақ ол әскерде бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ екенін, ондай жайттарға жол берілмейтінін жеткізді. Ал тексеру жұмыстары әскердегі тәртіп қатаң сақталатынын көрсеткенін, танымалдыққа ұмтылған кейбір блогерлер әскердегі шынайы ахуалға мүлдем жанаспайтын сөз таратып жүргенін де жасырмады.

Президент армияны сарбаздар күн сайын дерлік қылмыскерлердің құрбанына айналып, қаза табатын жер ретінде көрсеткісі келетіндерді сынға алды.

«Армияда тәртіп болуға тиіс. Сарбаздар ант бергенде айтатын «Әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеремін» деген сөзден әскери өмірдің қатаңдығын айқын аңғаруға болад ы. Әскери қызметтің абырой-беделін көтеру және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – мемлекеттің басты басымдығының бірі», – деген Мемлекет басшысы Қарулы Күштерімізді технологиялық тұрғыдан жаңғырту жұмысы қарқынды жүргізіле бастағанына да тоқталып өтті.

Былтырғы әскери шеру армиямыздың заманауи қару-жарақпен және техникамен, соның ішінде өз елімізде жасалған өнімдермен толық жабдықталғанын, сондайақ әскери қызметшілеріміздің дайындығы жоғары деңгейде екенін айқын көрсеткенін жеткізді.

«Президенттің бұл сұхбаты армияның мемлекеттің қорғанысын қамтамасыз ететін институт қана емес, маңызды әлеуметтік әрі тәрбие тетігі екенін тағы бір мәрте айқындап берді. Әскери қызметшілер үшін бұл жай ғана абстрактілі сөздер емес, бұл – олардың күнделікті қызметі», – дейді Қорғаныс министрінің көмекшісі Айгүл Төлембаева.

Әскери саланың беделін көтеру туралы пікірге ой қосқан ол 2025 жылы әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау жүйесінде орын алған өзгерістер шын мәнінде айқын көрініс тапқанын айтады. Сөзінше, офицерлердің де, қатардағы жауынгерлер мен сер-жанттық құрамның да лауазымдық жалақыларын көтеру – жай ғана санның артуы емес, олардың мойнына артылған жауапкершіліктің мемлекет тарапынан мойындалуы. Сондайақ ол далалық қызмет үшін төлемдердің қалпына келтірілуі де айрықша маңызды болғанын, өйткені далалық жағдайда, оқу-жаттығуда және теңіз жорықтарында қызмет өткеру әскери еңбектің ең күрделі формасы екенін еске салды. «Дегенмен армия дегеніміз – тек материалдық ынталандырудан тұрмайтыны белгілі. Ол ең біріншіден сарбазды тәрбиелейді.

Мінезді, тәртіпті, парыз бен жауапкершілік сезімдерін қалыптастырады. Бұл жерде командирдің орны ерекше. Ол сөзбен тәрбиелеп қана қоймай, іспен де үлгі болуға тиіс. Сарбаз командирдің өз қызметіне, қарамағындағы ұжымға, қиындықтарға қалай қарайтынын көреді. Сол себепті де Президенттің армиядағы адам капиталының маңызы туралы сөзі әскери ортада қызу қолдау тапты», – дейді ол.

Сонымен қатар А.Төлембаева әскери қызметшілер үшін жасалып жатқан жеңілдіктер, атап айтқанда, тұрғын-үй бағдарламасының дамуы, мерзімді әскери қызмет сарбаздарын қолдау жайында пікірін білдірді. Айтуынша, «Отбасы банк» арқылы арнайы ипотекалық өнімдердің іске қосылуы әскери қызметшілер үшін шынайы әлеуметтік өсудің тетігіне айналған.

«Баспана алу мүмкіндігі – отбасы тұрақтылығының негізі әрі әскери қызметшіге көрсетілген анық қолдау. Сарбаздар мен офицерлер өз жақындарының ертеңі жарқын екеніне сенімді болғанда ғана армияның күшқуаты артады. Ал мерзімді әскери қызмет өткеретін жастарға арналған «Мерзім 2.0» жобасына келсек, ол армияда Отан алдындағы борышыңды өтеу – жоғары білім алу мен болашақ кәсіби өрлеу жолының бастауындағы алғашқы баспалдақ бола алатынын көрсетті. Гранттардың ашық іріктелуі сарбаздар үшін әскердегі тәртіп, физикалық және жауынгерлік дайындық олардың болашағына тікелей ықпал ететіні туралы түсінік қалыптастырды. Бұл – қуатты тәрбие құралы», – дейді ол.

Сондай-ақ ол әскери қызметтің өзі қиындықтардан тұратынын, жас жігіттер соның бәрін жеңе білгенде ғана нағыз жауынгерге айналатынын жасырмады. Бүгінде мемлекет тарапынан жасалып жатқан жан-жақты жағдайдың арқасында бұл қиындықтар жөнжосықсыз ауыртпашылық емес, жеке тұлға ретінде өсіп-дамудың мүмкіндігі екенін көрсетіп отырғанын жеткізді.

«Президент сұхбатынан байқағанымыздай, біз қуатты, кәсіби әрі әлеуметтік жағынан қорғалған армия құруға бағыт алдық. Бұл бізге бір нәрсені ұқтырады: армия мемлекеттің тәуелсіздігі мен қорғаныс қабілетінің кепілі, сондай-ақ маңызды әлеуметтік өсім тетігі әрі азамат ретінде кемелдену мектебі екенін түсіне отырып, адал қызмет етуге, өзімізге де, өзгелерге де талапшыл болуға серт етуіміз керек», – деп сөзін түйіндеді Қорғаныс министрінің көмекшісі.

«ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы сұхбатында еліміздің Қарулы Күштеріндегі жағдайға әділ баға берген. Әсіресе әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиындықтарын көтере білу туралы жастарға құлаққағыс етуі көпшілікке ой салғанын жеткізді. «Әрбір облыс орталығынан еліміздің болашақ патриоттарын дайындайтын мамандандырылған арнайы әскери мектептер ашу туралы Президент тапсырмасын біз ерекше қуанышпен қарсы алдық. Онда негізінен әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасылардан шыққан балалар оқымақ. Бұл – сөз жоқ, жақсы бастама. Осынау игілікті іске Қарулы Күштердің ардагерлері де белсене араласып, өскелең ұрпаққа оң бағыт-бағдар береді», – деген Халық қаһарманы ардагерлер әскери бөлімдерге барғанда өздерінің өмірлік бай, кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, жас командирлерге іс жүзінде де көмек көрсетіп тұратынына тоқталды.

Мұхтар Алтынбаевтың сөзінше, құрылғанына 15 жылдан асқан республикалық қоғамдық бірлестіктің филиалдары еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді. Атап айтқанда, 17 аймақтық және Астана, Алматы және Шымкент қалалық филиалдары бар.

«Қазіргі таңда әскери зейнеткерлердің көбі әлі де – мемлекеттік қызметте. Сонымен қатар бірқатары – аудандардың, облыстардың құрметті азаматтары. Аймақтық филиалдардың төрағалары ел дамуын айқындайтын стратегиялық құжаттар мен Мемлекет басшысының Жолдаулары бойынша әскери қызметшілер мен әскерге шақырылушы жастар арасында әскери-патриоттық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Өңірдегі өкілдер облыстық, қалалық, аудандық әскерге шақыру комиссияларының жұмысына тікелей қатысып, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлестерін қосып жатыр», – деді Халық қаһарманы.

 

 Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар