Орыстың әйгілі балалар жазушысының танымал туындысын қазақ тілінде сөйлетуге бастамашы болған жоба жетекшісі Майра Айжарықова балаларға білім беру саласында еңбек етіп, бүгінде балалар әдебиетінің жанашырына айналған ұстаз.
– Мектепте біраз жыл жұмыс істегенде, сабақтан тыс әдеби оқу тізімін жасайтынмын. Сондайда орта және жоғары сынып оқушыларына орыстың классик жазушысы Владимир Железниковтың «Чучело» атты керемет туындысын оқуға ұсынатынмын. Балалар шығарманы оқып, өз әсерімен бөлісіп, қаламгер көтерген тақырыпқа пікірлерін айтып, «Туындыда көтерілген мәселе өз сыныбында орын алса, оны қалай шешер еді?» деген сұрақтарға жауап іздейтін. Әлемдік балалар әдебиетінің шедеврі болып табылатын осы бір повесті қазақ балалары да оқыса екен деген тілекпен рухани жанашырым әрі ақылшым Зеберкүл Шардарбековамен ақылдаса келе, «Чучело» кітабын аударуды қолға алғанбыз. Зеберкүл ханым – менің әріптесім, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 28 жыл ауыл мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет еткен. Журналистер одағының мүшесі, «Қоңыр» жыр жинағының авторы, публицист, аударма саласына да батыл қадам жасап жүрген сөз шебері. Міне, соның жемісі – «Ербике» кітабы. Тәржімалаған Зеберкүл Шардарбековаға, кітапты редакциялаған белгілі жазушы Заря Жұмановаға және шығарманың аудару ақысын, иллюстрация қызметін, баспахана шығынын толықтай өз мойнына алған, қаржылай көмек берген еліміздің беделді кәсіпкерлерінің бірі, қазақ руханиятын қолдаушы және жанашыры Гауһар Қаппарова ханымға шексіз алғысымызды білдіреміз, – деген Майра Айжарықова кітаптың мазмұны жөнінде айтып берді.
– Бұл туындыда бұрын кеңестік кезеңде де болған, қазір де балалар арасында өршіп тұрған әлімжеттік, яғни буллинг туралы баяндалады. Әңгіме сыныпқа жаңадан келіп қосылған Ленканың ұсқынсыздау кескініне қарай сыныптастары әжуалап «Ербике» деген қосалқы атты таңудан басталады. Кейіпкер әбден қорлық көреді. Ең бастысы, әңгіме әдемі аяқталады. Сотқар сынып ең соңында өзінің ақкөңіл, адамдарды қалай жақсы көруге болатынын дәлелдеген Ленка-Ербикеден кешірім сұрап, тіпті ол кетіп бара жатқанда көздеріне жас алып, қимай қалады. Заманында атақты кинорежиссер Ролан Быков «Чучело» киносын түсірген. Қазақ тіліндегі атауына байланысты айтсақ, «Ербике» сөзінің төркіні мазақ есімге ие болған кейіпкердің қанша қорлық көрсе де, ең бастысы жеңілмегенін, ерлерше күресе білгенін аңғартады. Қалай күресті? Адалдығымен қайсарлық танытты. Сатқындық жасағандарға көмектесе отырып, адал достықты, өзінің қамқорлығын мойындатады. Жалғыз өзі бүкіл сыныпқа, сынып жетекшісіне жақсылық жасай жүріп, қиналса да соңында жеңіп шығады. Әрине, атасы екеуі басқа жаққа көшіп кетеді. Біздің сүйікті Ленамыз, нағыз ержүрек Ер бикеге айналады. Бәрін жеңеді. Ал оны, нағыз досты жоғалтудың не екенін түсінген сыныптастары қимай, кешірім өтініп, осы істен үлкен сабақ алады. Қимастық сағынышқа айналады, – деді кітап туралы өз пікірін білдірген ұстаз Майра Айжарықова.
Орыс жазушысының туындысын қазақ тіліне аударып қана қоймай, қазақ оқырмандарына түсінікті әрі тіл көркемдігін, оқиғаны дәл беру ұтқырлығын сақтап жазған Зеберкүл Шардарбекова «Чучело» деген атауды қазақылаудың өзі біраз ойландырғанын айтты.
– Кез келген шығарма оқырманын әуелі тақырыбымен шақыра білуі керек. Ал «Чучело» тікелей аударғанда, қазақшада бақша қарақшысы дегенді білдіреді. Майра екеуіміз ақылдаса келе, шығарманың басты кейіпкері Ленканың кескін келбетіне және шашын екі айырып, өріп қоятынына қарап «Ербике» деп атадық. Себебі әлгіндей етіп өрілген шашты қазақта «ербиген шаш» дейді және адам келіссіздеу болып тұрған кісіні жақтырмағанда «Ербимей былай тұршы» дейді. Міне, повестің басында бас кейіпкердің сыртқы сұлбасына қарай ербиген қыз екенін көрсетсе, оқиға соңында оның ер мінезді күрескерлігін Ербике деген атау байқатып тұр. Негізі атауын қоюда көп кеңестік, бірқатар жазушылардан сұрадық, көп нұсқалар айтылып, әбден зерделедік. «Ұсқынсыз» дегенде айтылды, бірақ баланың санасында кейіпкерді төмендетпеуіміз керек. Ал Ербике өте ақ көңіл, досшыл, адал пейілімен қанша қорлық көрсеткендермен күресті. Күлгенде екі езуі екі құлағына жететін ақ жарқын, сүйегі көрініп тұратындай тырбиған, арық қыз. Сондықтан да сыныптастарының мазағына іліккен. Ал атасымен арасындағы байланыстан тұнып тұрған мейірім байқалады. Атасы бұл қыздан көп үміттенеді. Өзінің атаанасы тұрған, талай оқиғаға куә болған тарихи үйіне осы қыз ие болып қалса деп күтеді. Бірақ соңында атасы мен немересі үйлерін музейге айналдырып, басқа жаққа кетеді. Кетерінде Ленка достық күткен сыныптастарының әрқайсысының қателіктерін дәлелдеп айтып, кетеді. Сонда ғана олар Ленканың адалдығын мойындап, кешірім сұрап, оны сол сәтте-ақ сағынады. Яғни, балалар арасында ізгі достық болғанын қалап, сол үшін барлық қорлыққа төзіп, тіпті кейбір батылсыз сыныптасының сатқындығын өз мойнына алып, оны құтқарып, сол үшін өзі түртпекке ұшыраған Ленка сағынышқа айналады. Сыныптастары «Ленканы қалай бағаламағанбыз? Неге түсінбедік?» деген өкініште қалады. Ол қаншама қорлыққа душар болса да, суицидке ұрынып қалмай, қатыгездікті мейірімімен жеңіп, қиын ортадан аман шықты әрі қатал сыныптастарына адал достықты мойындатып кетті, міне осынысымен біздің «Ербике» деген атауымыз «Чучело» деген атаудан әлдеқайда маңыздырақ болып шықты. Біз бастапқыда бұлай болар деп ойламаған едік, ұтымды атау болғанын соңында көріп, қатты қуандық. Бұл кітап оқырман балаларға «Кез келген қиындықта өзіңді адалдығыңмен дәлелде, қаталдыққа мейіріммен жауап бер, сонда жеңімпаз боласың» деген ой тастайды, – дейді шығарманы аударған Зеберкүл Кеңесқызы.
Халқымызда «Таспен атқанды аспен ат» дегенде, қатыгездікті мейіріммен жеңуге үндесе керек. Оқырманды көркем тілімен, оқиғаны ұтқыр беруімен қызықтыра отырып, мағынасымен терең тәлім беретін қазақ тіліндегі жаңа аударма кітапсүйер оқырман үшін қолжетімді, яғни сатылымға шықты.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




