«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тараз» келер жылы премьер-лигада ойын көрсете ала ма?

«Тараз» келер жылы премьер-лигада ойын көрсете ала ма?
Автор
Қазақстан чемпионатында «Тараз» футбол клубы бір кездері супер-лигада, енді бірде премьер-лигада әртүрлі нәтижелерге қол жеткізіп жүрді. Тіпті премьер-лигадан шығып қалып, бірінші лигада өзінің мықты екендігін дәлелдеп, премьер-лигаға қайта оралған кездері де аз болған жоқ. Ел чемпионатындағы үздік шабуылшылардың бірі болған марқұм Олег Литвиненко жасыл алаңда қай кезде де кәсібилігімен дараланған еді. Бұдан бөлек ел чемпионатында 142 гол соққан Нұркен Мәзбаев, қарсыластардың қақпасын 131 мәрте дәл көздеген Мұрат Тілешев секілді сұрмерген ойыншылардың да есімдері клуб тарихында алтын әріптермен жазылды. «Тараз» футбол клубының президенті болып тағайындалған Дидар Сыдықбектің айтуынша, ендігі жерде клубтың жеңісті жорығын жалғастыру мақсатында стратегиялық шешімдер қабылдап, толайым табыстарға жету көзделіп отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз-брифингінде клуб басшысы даңқты түлектердің туған жеріне оралуына бар жағдай жасалатынын атап өтті.

– Тарихы терең «Тараз» футбол клубының Қазақстан Премьер Лигасында болуын көпшілік жұрт қалайтынын білеміз. Осы ретте біздің тарапымыздан әбден пысықталған стратегиялық қадамдар қолға алынбақ. Бұл туралы алдағы уақытта тарқатып айтатын боламыз. Бір қуанарлығы, қазіргі таңда біздің клубтан түлеп ұшқан көптеген белді ойыншылар туған жеріне қайта оралуда. Атап айтқанда, олардың қатарында Бауыржан Байтана, Жақып Қожамберді, Берік Айтбаев, Нұрлан Дайыров және Әлішер Сүлей бар. Бұдан бөлек өткен жылы жасыл алаңда жасындай жарқ еткен жас футболшылар да клубтың құрамына кіреді. Сондай-ақ жақын арада жанкүйерлерімізге ұлттық құрамада ойнаған өзге өңірлердің футболшылары да таныстырамыз деген жоспар бар. Ең маңыздысы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, футболды коммерцияландыру жұмысын бастап жатырмыз. Бұл бағытта жүйелі жоспар құрылып, нақты жұмыстар жүргізіледі, – деді Дидар Бақытбекұлы.

Ал аталған клубтың бас менеджері Мұрат Агибаевтың сөзінше, өткен жылы команда құрамында легионерлер болмаған. Оның айтуынша, 18 бен 33 жас аралығында 25 футболшының бәрі қазақстандық мектептердің түлегі. «Тараз» футбол клубы өткен жылы екі жаттығу жиынын өткізді. Нақтылай түссек, оқу-жаттығу жиындары қаңтар айында Тараз шаһарында, ал ақпан айында Түркістан қаласында өтті. 2025 жылы футбол маусымының қорытындысы бойынша бірінші лига командалары арасында 14 құрама өнер көрсетсе, «Тараз» командасы 8-ші орынды иеленді.

Команда өз алаңында 12 матч өткізсе, әр ойынды орта есеппен екі мыңға жуық көрермен тамашалады. Клуб басшылығы биылғы маусымда бірінші лига командалары арасында чемпионатта үздіктер қатарынан көрінуді, 2027 жылы премьер-лигада өнер көрсетуді мақсат етіп отыр, – деді Мұрат Жұмақожаұлы. Еске салайық, бүгінгі таңда аталған клубта футбол орталығы жұмыс істейді. Мамандар теңбіл допқа телмірген балалармен жүйелі түрде жұмыс жүргізуде. Мұнда 9-18 жас аралығында 320 балалар мен жасөспірімдер дайындалады. Оның ішінде үш топта жаттығатын 36 қыз бала бар.

Жалпы, Жамбыл футболының әуелгі жеңісті жорығы тәуелсіздіктің елең-алаңындағы тоқсаныншы жылдармен тұспа-тұс келді. Бастапқыда «Фосфорит» атауымен топқа түскен жамбылдық команда 1992-1993 жылдары ел кубогының финалына шықса, 1994 жылы сары құрлықтың үздік сегіз ұжымының қатарынан көрінді. Бұл күнде жанкүйерлер «Тараздың» бұрынғы қарқынын сағынып-ақ жүр. 1995 жылы әулиеаталық команда ел чемпионатында күміс жүлдегер атанса, араға жыл салып чемпион болған еді. Сол жылдары команданың бас бапкері болған Ваит Талғаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді.

Сонымен қатар клубтың футболшылары «спорт шебері» атанды. Шын мәнінде, жерлес команданың даңқты түлектерінің толайым табыстары қай кезде де мақтануға тұрарлықтай болған. Кәсіби мансабында оннан астам футбол командасының сапында жасыл алаңға шыққан Олег Литвиненконың техникалық шеберлігі мен шабуылдағы тамаша ойын үлгісі ешқашан жанкүйерлердің жадынан шықпайтын шығар. Сол шақтағы футболшылардың барлығы да түрлі клубтардың сапында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенімен мақтана алады. Жанкүйерлер жасыл алаңда қызба мінезімен танылған Мұрат Тілешевті әлі күнге ұмыта қойған жоқ.

Кейінгі жылдары басынан бақайшағына дейін қарызға батқан «Тараз» футбол клубы 2022 жылы еркінен тыс бірінші лигаға сырғыды. Қарыздан құтылудың жолын қарастырған жергілікті атқамінерлер клубта жамбылдық жас футболшыларды ойнату туралы шешім қабылдады. Жергілікті жігіттер жасыл алаңда барын салып баққанымен, тәжірибенің жоқтығы көзге ұрып тұрды. Нәтижесінде, таланттарды тәрбиелеуден алдына жан салмаған «Тараз» футбол клубы бірінші лиганың өзінде оқ бойы оза шаба алмай жүр.

Кезінде талай талантты түлеткен Жамбыл футболы әзірге көш соңында жүре тұруға мәжбүр.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

 

Ұқсас жаңалықтар