Сіздің ақшаңызды иемдену үшін алаяқтар қандай айла-амалдарды қолданады?
Сондай сан соғып қалған Назерке Жолан есімді азаматша былай дейді.
– Мен кәдімгідей алдандым. Криптовалюта дегенді бұрынсоңды естуім жоқ. Әйтеуір, дұрыс нәрсе екен ғой деп аудар деген 20 мың теңгені аудардым. Сәл шыдаңыз, 500 мың ұтыс шығады, 70 пайыз сіздікі, 30 пайыз менікі деді. Қуандым. Әй, берекелді, жақсы болды ғой, несиемді жауып тастайтын болдым деп қуандым. Үш күн өтті, жоқ. Өз еркіммен салдым ғой. Әрі десе аз ғана сома ғой деп елге айтқанға да ұялдым, шыны керек, – дейді Назерке.
Міне, осындай қаржылық с ауат сыздықтың ке сірінен қаншама адам, тіпті сауатты оқыған, көкірегі ояу, көзі ашық деген адамдардың өзі алданып қалып жатыр. «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп ойланбайтын заман болды. Тегін дүниенің жоқ екенін түсінетін кез жетті емес пе?
Осыған байланысты журналистік зерттеу жасап әлгі «көмек көрсеткіштерге» шықтық. Парақшаға тіркеліп, мән-жайды сұрадық. Олар «Адал инвест» ЖШС атынан деп лицензия жіберіп, адал жұмыс істейтіндерін жекеге жазды. Дым білмеген адамға ұқсап ақша салуға дейін бардық. 874703225... деген нөмірге 15 мың теңгені единица етіп салыңыз, сонымен ойынды бастаймыз деді. Және спорттық ойындарға ақша тігіп, осылайша 1 сағаттың ішінде ұтыс шығып ақшаңызды көбейтіп береміз деп айтты. Мөрі мен мемлекеттік нөмірі бар лицензияны кәдуілгі шынайы деп қаласыз. Елдер осыған сенсе керек. Оның үстіне жоғары жағына «Қазақстан Халық банкі» деп жазып қойған.
Мемлекеттік банктің аты дардай боп тұрған соң халық сенеді де. Оның үстіне алаяқтар телефон нөмірге бірлік қылып салдыртады немесе «киви кошелек» арқылы «Мир картасынан» салдырады екен. Бұлай дейтініміз, тағы бір оқырманымыз айына бір түсетін балаларға дейтін жәрдемақысынан айырылғанын айтып жәрдем сұрады.
– Әлеуметтік желінің қайсысы болса да алаяқтар үшін таптырмас ақша табу құралы болып тұр. Бір күні несиелерін төлей алмай жүргендерге шынайы көмек дегенді оқып, жекелеріне жаздым. Бір қыз жауап берді. Дәл сол күні несиемді төлей алмай, қарыздар жан-жақтан қысып қиналып отыр едім. Оның үстіне алты балаға алатын жәрдемақым түсіп не қарыз қайтарарымды не несие жабарымды білмей, балаға деп төлеген мемлекеттің ақшасын қайсысына жаратарымды білмей жыларман халде отырған едім. Мына хабарламаға сендім. Оператор қыз айтқандай, орталықта орналасқан үлкен маркетте киви кошелок аппарат бар екен. «Мир» дегенді басып ақша салдым. Енді қайтып орталықтағы Халық банкке келіңіз деді. Ақшаны алатын болдым деп қуанып келсем «күтіңіз» деген смс келді. Күтіп отырғаныма екі сағат болды. Бір уақытта «ал енді тауып көр» деп жазып жіберіпті. Алданғанымды ұқтым. Қарғапсіледім. Жыладым. Одан пайда не? Осылайша интернет алаяқтарына аңқау басым алданып қалдым, – деді Жания Оңласын.
Бұл кейіпкер де азын-аулақ ақшаға бәле іздегендей болмайын әрі полицияға жүгінсем машақаты көп, ары-бері сүйрейді деп, былайша айтқанда «садақа» деп кете барған. Қудаламаған. Халықты жылатып, әрі мазақтап жүрген осындай интернет алаяқтарынан құтылатын күн қашан туар екен?!
Ұлттық банк жеке тұлғаларға хат жолдамайды
Орталық банк таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек, алаяқтар Ұлттық банк өкілінің қолы қойылған құжатты қолдан жасап, мөрін басып, азаматтарға хат жіберіп, «атыңыздан кредиттік шот ашылған», «төленбей жатқан кредитің бар» деп дүрліктіріп жатыр екен. Бұл – айланың жаңа түрі. Алаяқтықтың бұл түрі жасанды интеллектінің көмегімен жасалып жатыр.
Аферистер Ұлттық банк қызметкерлерінің түр-әлпетін пайдаланып, өз қолдарымен жұртты алдап-арбайтын видеороликтер әзірлеген. Сол арқылы интернетте Ұлттық банк өкілі ретінде көпшілікті өтірік инвест-компанияларға шақырып, кей жағдайларда заңгердің көмегін де ұсынып жатқан көрінеді. Ұлттық банк атымен аталатын бұл қызмет/ операциялардың бәрі – алаяқтардың ісі. Сенбеу керек. Неге?
Өйткені ресми ақпараттан түсінгеніміздей, Ұлттық банк еш уақытта жеке тұлғаларға хат жазбайды, қоңырау шалмайды, қызмет көрсетпейді және Ұлттық банк жеке тұлғаларға несие беріп, депозит ашпайды, азаматтарды инвест-компанияларға шақырмайды, ұрланған ақшаларды қайтаруға заңгерлік көмек ұсынбайды.
Егер алаяқтардың арбауына түсіп қалсаңыз, уақыт жоғалтпай, құқық қорғау органдарына арыз түсірген дұрыс. Ал осы мәселеде кеңес алғыңыз келсе, Ұлттық банктің Байланыс орталығына хабарласауға болады.
Оның нөмірі: 1477. Интернетте мынадай да ақпарат жүр: «В случае невыкупа заказа «Суставпро» следует обращение в суд для взыскания фактически понесенных расходов. Возможен отказ в банковских кредитах и запрет на выезд заграницу. Ваш заказ еще находится на почте, успейте его забрать. Внутри посылки сертификат на 30000 тг». Әрине, бұл да аферистердің ісі. Кредитпен, айыппұлмен қорқытып-үркіту, сотқа тарту – аңғал адамдарды «қармаққа түсіруге» жақсы амал. Мұндай жағдайда, әсіресе, үлкен кісілер зардап шегуі мүмкін. Жастар жағы үйдегі үлкендерге осы жайында кеңінен айта жүргені жақсы.
Жақында әлеуметтік желіден оқып қалдым, Семейде зейнеткер әйел телефонына хабарласқан адамның «полицей» екеніне сеніп, 10 миллион теңгесін аударып бермек болған. Абырой болғанда, іске келіні араласып, енесін алаяқтардан қорғап қалған. Мұндай жағдай ел ішінде көп. Балаға да, шағаға да осы айлаамалдар жайында дастарқан басында жиі айтып, ескертіп жүріңіздер және өзіңіз де сақ болыңыз!
Қаскөйлердің ең танымал әрекеттері
Мысалы, алаяқтар өз тауарларын немесе қызметтерін интернетте түрлі сайттарда арзан бағамен ұсынады, сонымен қатар жылдам жеткізуге де уәде береді. Клиент мұндай тиімді ұсынысқа назар аударады. Содан кейін одан алдын ала төлемді онлайн режимде ішінара немесе толық көлемде әдетте үшінші тұлғаға ресімделген шотқа аударуды сұрайды. Алдын ала төлемді алғаннан кейін тапсырыстар орындалмайды. Мұндай алаяқтарды табу өте қиын, себебі олар шын мәнінде шифрланған деректерді пайдаланып, басқа елде болуы мүмкін.
Көбіне басқа адамдардың ақшасын іздеушілер түрлі банктердің клиенттеріне жеке телефон нөмірлеріне қоңырау шалады. Мысалы, онлайнбанкинг пайдаланушысына банктің жалған менеджері мен қауіпсіздік қызметінің бастығы қоңырау шалуы мүмкін. Олар клиенттің картасын пайдаланып күдікті қаржылық операциялар жүргізіліп жатқандығы туралы ойдан шығарылған оқиғаны хабарлайды. Бұғаттау үшін төлем картасының артындағы үш таңбалы нөмірді, SMS-кодты сұрайды.
Барлық қажетті деректерді алғаннан кейін, алаяқтар интернет-банкингке қосылып, бірнеше минуттың ішінде клиенттің онлайншоттарындағы барлық ақшаны ұрлап алады. Клиенттің картасын өз мақсатында пайдалану үшін алаяқтар оның нөмірін, иесінің атын, жарамдылық мерзімін, картаның артындағы нөмірді білуі керек. Сонымен бірге қоңырау шалу немесе SMS арқылы жасалатын алаяқтық түрі жиі кездеседі. Клиентке оның абоненттік нөмірі компанияның байқауында жеңіске жеткені туралы қуанышты жаңалықты жеткізеді.
Жүлдені басқа қаладан алып кетуге немесе ақшалай банк картасына аударып алуға ұсыныс жасалады. Ол үшін олар адамның жеке деректерін сұрайды, интернетбанкингті құрылғысына қосуға мүмкіндік беретін түрлі қосымшаларды жүктеуді сұрайды да, ақшаны ұрлап алады. Алаяқтар көп жағдайда сатып алушыға айналып шыға келуі мүмкін. Олар сатушының телефонына тауарға ақша төлеуге қажет деген сылтаумен деректерді толтыру үшін сілтемелер жібереді.
Сатушы осы сілтеме бойынша өткен кезде оның шотынан автоматты түрде ақша алынады, төлем карточкасының иесі оны білмей де қалады, бұл арнайы зиянды бағдарламаның көмегімен жүзеге асырылады.
Алаяқтардың құрбаны болмас үшін не істеу керек?
Біріншіден, жеке деректеріңізді, оның ішінде пластикалық карталардың деректемелерін ешкімге айтпаңыз, аударымдар туралы түбіртектерді, әсіресе кодтар мен кодтық сөздерді ешкімге жібермеңіз.Тексерілмеген және күмәнді ақпарат көздеріне, мысалы, белгісіз адамдарға, әсіресе интернет арқылы танысқан адамдарға сенуге болмайды.
Әрқашан ақша мәселелеріне қатысты кез келген ақпаратты тексеріңіз және ересектермен, отбасыңызбен және жақындарыңызбен кеңесіңіз. Тексеріп алмай тұрып тауар үшін алдын ала төлем жасауға болмайды, тауарды алғаннан кейін ғана төлем жасаңыз. Егер сіз сатып алушының немесе сатушының шынайы екеніне күмәндансаңыз және алдауы мүмкін деп ойласаңыз, онда мәмілені тоқтатыңыз, тауар немесе қызмет үшін бірден ақы төлеуге асықпаңыз. Сіз әрқашан күте аласыз. Сізде ақша бар кезде талапты да сіз қоясыз және сол немесе басқа тауарды не қызметті сатып алу керек пе, жоқ па, оны сіз шешесіз.
Әрқашан мынадай қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз. Ешқашан күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, әйтпесе алаяқтар сіздің жеке деректеріңізді пайдаланып шоттағы ақшаны автоматты түрде шешіп алады. Бейтаныс нөмірге өзіңіз қайта қоңырау шалмаңыз. Өзіңіз білмейтін барлық белгісіз сайттарды интернет арқылы тексеріңіз, шолуларды қараңыз, ақпаратты талдаңыз.
Интернеттегі банкинг қызметтерге кіретін құпиясөздерді жиі өзгертіңіз, мамандарға жолығып, гаджетке антивирус орнатуды сұраңыз. Шоттардағы ақша қозғалысын, қанша қаражат түскенін және қашан жұмсалғанын үнемі тексеріп отырыңыз. Егер сіз интернет арқылы зат сатып алсаңыз, операцияларды растау үшін құпия кодты ешкімге айтпаңыз. Ол әдетте SMS арқылы келеді. Сізге күтпеген жерден «банктен» сіздің шотыңызға қаражат аударылғаны туралы SMS келіп түссе, одан кейін сізге белгісіз адам қоңырау шалып, сізге ақшаның қате аударылғанын айтып, оны қайтаруды сұраса, онда оның айтқанын жасауға асықпаңыз. Бұл алаяқтар болуы мүмкін. Яғни, сізге ақша түскен жоқ, ал SMS – жалған. Сондықтан бұл жағдайда барлық шоттарыңызды дереу тексеріп, онлайнбанктен үзінді-көшірмені қараңыз.
Телефоныңызға «Сатып алуды растаңыз» деген хабарлама және код келіп түссе, сосын бірден сізге белгісіз адам қоңырау шалып, сіздің телефон нөміріңізді қате көрсеткенін, телефоныңызға келіп түскен кодты айтып жіберуді сұраса, ешқашан айтқанын орындамаңыз. Қылмыскерлерге сізден алған код шотыңыздан ақша алу немесе сізді қажет емес ақылы қызметке жазу үшін қажет. Желідегі аккаунттарыңызға сенімді құпиясөздерді қалай жасауға болады? Сенімді құпиясөз жеке деректеріңізді қорғауға, хаттарыңызды, файлдарыңызды және басқа материалдарыңызды құпия сақтауға және аккаунттарыңызды бұзуға тырысатын алаяқтардан аулақ болуға көмектеседі.
Құпиясөз кемінде 12 таңбадан тұруға тиіс. Бұл әріптердің, цифрлардың және басқа белгілердің кез келген топтамасы болуы мүмкін. Құпиясөз неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым сенімді болады. Мысалы, бұл әннен немесе өлеңнен алынған жол, белгілі адамның фильмінен немесе сөзінен алынған цитата, кітаптан алынған цитата, сіз үшін мағыналы фраза, аббревиатура (мысалы, сөйлемдегі әр сөздің бірінші әріптерінен).
Оңай табылатын құпиясөздерді пайдаланбаңыз. Сізді танитын адам болса, құпиясөзді оңай табуы мүмкін. Мысалы, сіздің әлеуметтік желілеріңіздің мәліметтері бойынша. Тым қарапайым құпиясөздерді алмаңыз, мысалы, Danik123, онда өз атыңызды және туған жылыңызды көрсетпеңіз. Жеке мәліметтер мен жалпылама пайдаланылатын сөздерден аулақ болыңыз. Өзіңізге есте сақтау оңай болатын, бірақ бөгде адамдар оны таба алмайтын құпиясөзді орнатқан дұрыс.
Құпиясөздерді жиі өзгертіп отырыңыз. Сенімді құпиясөзді орнатқаннан кейін оның қауіпсіздігіне назар аударыңыз. Жазылған құпиясөздерді қауіпсіз жерде сақтаңыз. Егер құпиясөздерді ұмытпау үшін оларды жазып қою қажет болса, оларды, мысалы, үстелдің үстіне қалдырып, компьютер мониторына жабыстырып кетпеңіз, телефон жазбаларының ішінде сақтамаңыз. Интернетте кез келген қаржылық операция ларды жасағанда сақ болыңыздар!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Қар көшкіні кезіндегі сақтық шаралары
- 13 қаңтар, 2026
Жасанды интеллект жылы: меже мен міндет
- 13 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




