«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Газетіміздің 100 жылдығында шақырым жүгірген еді

Газетіміздің 100 жылдығында шақырым жүгірген еді
Автор
Кеше ғана арамызда жүрген, көңілді қалпынан танбаған Жақсылық Мамырбекұлы көкемізден көз жазып қаламыз деп кім ойлаған?! Ол кісінің барлық ойы спорт, жүгіру, денсаулықты жақсарту болатын. Адамның қанша жасқа келсе де ширақ, сергек жүре алатынын дәлелдеуге бар күшін салды. Ардагер спортшы биыл 72 жасқа қараған шағында өмірден озған еді.

Жақсылық Мамырбекұлы 1971 жылы Талас ауданы, Тамды орта мектебін бітіріп, Алматы дене шынықтыру институтына құжат тапсырған. Аталған институтты 1975 жылы жақсы үлгеріммен аяқтап, Қаратау қаласындағы ХХІІ партия съезі атындағы орта мектепте 12 жыл бойы мұғалім болды. Яғни, жүздеген шәкіртті сергектікке баулыды. Еңбегі еленіп, көптеген шәкірттері аудандық, облыстық спартакиадаларда жеңіске жетіп жүрді. Білікті маман 1987-2007 жылдары теміржол саласында еңбек етті.

Табаны күректей 20 жылын теміржолшылармен бірге өткізді. Ж.Мамырбекұлы зейнетке шыққаннан кейін де қарап отыра алмады. Спортты жанына серік етті. Күн сайын жүгіруден жалықпай, жеңіл атлетикамен шұғылданып, айналасына үлгі болды. Қол жеткізген табыстары аз емес. Атап айтқанда, 2017 жылы Астана қаласында өткен «ЭКСПО-2017» марафонында жүлделі екінші, 2019 жылы Санкт-Петербургтегі «Ақ түндер» марафонында 42 шақырым қашықтықты үшінші жүлдемен аяқтады.

Осынау қашықтықты Жақсылық желаяқ 4 сағатта жүгіріп өткен екен. 2021 жылы Қырғызстанның Ыстықкөл қаласындағы халықаралық марафонда бірінші орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. Ал 2022 жылы облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдығына арналған 100 шақырымдық марафонды сәтті аяқтағаны есімізде. Яғни, Талас ауданының Тамды ауылынан Тараз қаласындағы «Aq jol» газеті редакциясының алдына дейін алқынбай жүгіріп келгеніне куә болғанбыз. Сол уақытта марафоншы 69 жаста екен.

«Ақсақал өңірдің бас газетінің 100 жылдығына 100 шақырым жүгіремін» деген ұсынысын басылымның бас редакторы Ора лхан Дәуіт қабыл алып, қолдау көрсеттік. Ол кісінің жігеріне таңдандық» деген еді сол кезде Талас ауданы, Тамды ауылдық округінің әкімі Рауан Айдаров. «Жақсылықтың ісі көпке үлгі. Осы жаста жүгіруі оның жоғары жауапкершілігін көрсетеді» дейді «Құрмет» орденінің иегері, ардагер журналист Ақылжан Мамыт. Ол кісі: «Жүгіру – жүз аурудың, марафон – мың аурудың емі» деген ұғыммен өмір сүрді. Бұл сөздің мағынасы терең әрі күрделі. Жүгіру мен марафонның денсаулыққа әс ері ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Жалпы алғанда, жүгіру адам денесінің негізгі бұлшықеттерін (аяқ, жамбас, іш және кеуде) дамытады, денені мықты әрі икемді етеді. Артық салмақты азайтуға және оны бақылауға көмектеседі.

Қазақстан Ре спубликасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 30 шақырым қашықтықты жүгіріп өткені және бар. Ол өзінің марафоншылық өнері туралы ойын айтып жүретін. «40 шақырым қашықтыққа жүгіруді 63 жасымда бастадым. Содан, міне әлі жүгіріп келе жатырмын. Шамам болса жүгіре беремін. Жуырда 50 шақырымды 4 сағатта жүгіріп өттім. Ресей мен Орта Азия елдерінен де талай рет олжалы оралдым.

Қатарластарым мені қария деуге қимай, «жетпістегі жас жігіт» деп қалжыңдайды. Жаттығу ретінде күн сайын 5 шақырым жүгіремін. Барлық қатарластарымның осылай сергек болғанын қалаймын. Төрт немеремді де спортқа баулудамын. Мақсатым – төрткүл әлемге Қазақстанның атын таныту», – деуші еді марафоншы Мамырбеков. Жақсылық Мамырбекұлы жұбайы Гүлбаршынмен бірге екі ұл өсіріп, бірнеше немере сүйді. Спортшы Жақсылықтың жарқын бейнесі, марафон спортын дамытудағы өнегелі ісі «ақжолдық» журналистердің де есінде ұзақ сақталатыны анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар