«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Асанәлі Әшімов

Асанәлі Әшімов
Автор
ӨМІРДЕН КІМ ӨТКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?

Елің жоқтап отыр

Егіздің сыңарындай болған Асанәлі... Асеке, сен қайда кеттің?! Мен қайда қалдым?! Баяғыда Бекежанның рөлін ойнап жүргенде: «Ә, не десем екен мына дүниеге?» – деуші едің, бәтуәсіз, тұрақсыз, бейопа өмірдің опындырған мына ісіне мен де не дейін деп отырмын. Сенің жалындаған бар өмірің қасқағым сәттік болғаны ма? Не десем екен?

Әр нәрсеге икемді қызыл тілге не болған? Тілім күрмелді. Төңірегім қарауытып кетті. Жан-жағыма қарасам бір құйрықты жұлдыз ағып бара жатты. Сол жұлдыз сенсін бе, Асеке, құдай-ау?! Жә, сені іздеп соңғы деміміз біткенше осылай дей беретін шығармыз, амал жоқ... Екеуіміз Байқадамның мектебінде 8-класта бірге оқыған түлек едік. Көп хикаяны айтып керегі не?! Бүкіл өміріміз бірге өтті ғой. Бәрі көз алдымда. Бәрі есімде. Сен қазақтың театр және кино өнерінде бір халықтың ғана ұлттық мақтанышы болған жоқсың, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалардың бір ғана емес бірегейі болдың. Көп айт, аз айт, сенің мына кетісің ұлы даланы тітіреткен ұлттық қайғыға айналды, қабырғамызды сөгіп. Халқыңа сүйікті болғанға не жетсін, жалғыз мен ғана емес, елің жоқтап отыр.

Тағы да не дейін, өкінішпен бітетін жазмыш ісіне дауа жоқ екен. Сені сағынышты көңілмен жоқтай жүрерміз, Асеке... Хош бол, бауырым! Алдыңнан пейіш нұры шалқысын!

 

Илья ЖАҚАНОВ

Қазақстанның Еңбек Ері

Өнертанушы, композитор

Жүрегімізде сақталады

Ұлттық мәдениетіміздің асқар шыңы, сахна мен экран өнерінің дара тұлғасы, халықтың сүйікті перзенті, Сарысудың даңқты саңлағы Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуі – ел үшін орны толмас қаза. Асанәлі Әшімов бар ғұмырын қазақ өнерінің өркендеуіне арнады. Оның сомдаған бейнелері, азаматтық болмысы мен рухани мұрасы ұлт жадысында мәңгі сақталады. Ол – өз дәуірінің ғана емес, келер ұрпақтың да рухани темірқазығы болып қала бермек. Марқұмның отбасы мен Болат

Асқарәліұлы бастаған туған-туыстарына, барша өнер жұртына қайғырып көңіл айтамыз. Алла иманын саламат етіп, Бағдат апайымызға, Асанәлі бауырымыздың ұрпағына сабыр берсін.

 

Қанатбек МӘДІБЕК

Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының бас инспекторы

Өнегелі ізі қалды

Еліміздің руханияты мен өнері қара жамылды. 89 жасқа қараған шағында КСРО мен Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, театр және кино саласының көрнекті өкілі Асанәлі Әшімов өмірден озды. Асанәлі Әшімұлы ұлттық руханияттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан, театр және кино өнерінің биік кәсіби мектебін қалыптастырған дара тұлға еді. Оның «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспрессі» және тағы басқа көптеген кинофильмдерде сомдаған басты рөлдері нағыз әртістік шеберліктің озық үлгісіне айналды.

Бұл туындылардың барлығы жарық көргеніне жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге көрерменін жоғалтпай, зор сұранысқа ие болып келеді. Көрнекті актердің театр сахнасында да айшықты өнегесі мен өрнекті ізі, өшпес қолтаңбасы қалды. Өнер сүйер халқы барда Алаштың абызы атанған дара тұлғаның жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы ешқашан ұмытылмақ емес.

Асанәлі Әшімұлының отбасы мен ағайынтуыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

 

Бақытжан ОРЫНБЕКОВ

Тараз қаласының әкімі

 

Ұқсас жаңалықтар