Шын мәнінде, бұқаралық спортты нығайтып, халықтың сауаттылығын арттыру инфрақұрылымға байлаулы екені рас. Қуанарлығы, соңғы жылдары біздің өңірде спорт нысандарын салуда ілгерілеушілік байқалады. Осы орайда кеше Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында заманауи спорттық сауықтыру кешені ел игілігіне берілді. Бір мың шаршы метр аумақты қамтитын нысанда волейбол, баскетбол, футбол мен үстел теннисі сынды спорт түрлерінен үйірме жұмыс істейді. Сондай-ақ мұнда жаттығу залы да бар. Су жаңа ғимараттың бой көтеруіне Ұлттық қор мен облыстық бюджет есебінен 302,5 миллион теңге қаржы бөлініпті. Ал нысанның құрылысын «Bek Stroy - 2010» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
Кешеннің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Олжас Баққараев жас ұрпақтың дені сау, шымыр да шыныққан азамат ретінде өсуіне бұқаралық спорттың тигізетін пайдасы зор екенін тілге тиек етті.
– Бұл – байзақтықтар үшін жаңа жыл қарсаңындағы айрықша жаңалық. Жалпы, ауданда бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстары қанат жайып келеді. Бүгінде ауылдық елді мекендердің келбеті мен тыныс-тіршілігі жаңа кейіпке еніп, заманауи спорт кешендері қолданысқа берілуде. Қазіргі таңда 200-ден астам спорт нысандары мен 45 спорт алаңшасы бар. Биылғы жылдың өзінде 7 спорт алаңшасы күрделі жөндеуден өтсе, жаңа 4 спорт алаңшасы ашылды.Жыл өткен сайын бізде бұқаралық спортты жанына серік еткендердің саны артып келеді. Мәселен, он жыл бұрын бұл көрсеткіш 35,5 пайызды құраса, бүгінгі меже 42,5 пайызға тең. Аудан орталығында бой көтеріп, пайдалануға беріліп отырған бүгінгі ғимарат Президент тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр. Спорт кешені – егемен еліміздің рухты ерлері мен жеңісті ұлқыздарын тәрбиелер берекелі орын болғай, – деді Олжас Елебекұлы.
Мұнан соң КСРО чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алмас Мұсабеков өз сөзінде облыс басшылығына спорт саласына көрсетіп жатқан қолдаулары үшін алғысын білдіріп, жаңа нысан ауылдықтардың игілігіне жарайтынын жеткізді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров пен ардагер спортшы Асқар Смайылұлы ғимараттың лентасын қиды. Шара соңында аудан басшысы «Aқ Бидай – 2025» VIII республикалық ойындарында кіші футболдан 3 дүркін чемпион атанған жерлес командаға бірыңғай спорттық киімдерді табыс етті.
Айта кетейік, осы жылы Байзақ ауданында жергілікті бюджет есебінен Қайнар мен Бурыл ауылында кіші футбол алаңы ел игілігіне берілген еді. Бұдан бөлек Тегістік пен Көкбастау ауылында балалар ойын алаңшасының құрылысына демеушілер тартылған. Нақ осындай балалар ойын алаңшасы Мырзатай, Үлгілі және Көктал ауылында да салынды. Сондай-ақ даңқты боксшы Болат Жұмаділовтің кіндік қаны тамған Кеңес ауылында жеке кәсіпкердің көмегімен «Орынбасар-Тати» атындағы спорт кешені бой көтерді. Ал Қостөбе, Үлгілі, Сеңкібай мен Қосақ ауылында шағын футбол алаңдары салынды.
Есен ӨТЕУЛІ
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




