– Біз бірден жұмысымызға кірісіп жатырмыз. Мақсат – келесі жылы «Тараз» командасын премьер-лигаға шығару. Бас бапкер Азиз Анарметовтың еңбегін жоғары бағалаймыз. Біз команданың бас жаттықтырушысын ауыстырсақ та, Азиз Анарметов жаттықтырушылар құрамында қалады. Бірінші лига командаларынан жақсы ойыншыларды іздеп жатырмыз. Әрине, барлығы қаржылық мүмкіндікке қарай шешіледі. Осы Әулиеата жерінен шыққан футболшыларды жергілікті командаға шақыру бойынша да жұмыстар үздіксіз жүретін болады. Жанкүйерлерге жақсы таныс Ұлан Қонысбаев келесі жылы «Тараз» сапында жасыл алаңға футболшы ретінде шығуға келісімін беріп отыр. Сонымен қатар біз «Тараздың» екінші лигасын қайтадан ашамыз. Себебі, жасөспірімдер мен жастарды футболға шыңдау маңызды. Олар клубтың болашақ жұлдыздары. Бір айта кетерлік мәселе, 2026 жылы «Тараз» футбол клубының орталық алаңы жөндеуден өтеді. Бірақ, біздің команда осы шаһардағы басқа футбол алаңында ойнай беретін болады. Мен әрқашан БАҚ өкілдеріне ашықпын. Футболдың мәселелері бойынша ақылдасуға, сұрақтарға жауап беруге әзірмін. Мұнан соң Дидар Бақытбекұлы журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Жергілікті футбол клубы жекешеленеді ме?
Нарықтың заңы қандай құрылымның болсын өзін-өзі қаржыландыруын талап етеді. Барлығын мемлекеттің мойынына артып қоятын уақыт артта қалған. «Тараз» кәсіпқой футбол клубын жекешелендіру туралы көпшілік тыңдауы ұйымдастырылып, қоғам белсенділері мен мамандар мәселені ашық айтты. Жиынды облыс мәслихатының экономика, бюджет, салық және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Фарида Жүнісова жүргізіп отырды. Ең алдымен облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов баяндама жасады. Ол «Тараз» футбол командасының тарихы мен жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында екенін, қандай қадам жасалса да команданың дамуы мен жарқын болашағы үшін жасалатынын айтты.
«Өздеріңіз білетіндей, «Тараз» – өңіріміздегі жалғыз футбол командасы. Команданың Премьерлигада жарқырап ойнап жүргенін бәріміз де қалаймыз. Оған жекешелендірудің кері әсері жоқ. Әр команданың табысқа ұмтылуы, стадионға жанкүйерді мейлінше көп жинай алуы – уақыт талабы. Сондықтан, біздер мықты инвестор іздестіріп жатырмыз. Ал бүгін өздеріңізбен ақылдасып, көпшіліктің пікірін тыңдауға жиналып отырмыз. «Тараз» футбол клубының тағдырына бей-жай қарай алмаймыз», – деді ол.
Мұнан соң мінберге бірнеше кісі шығып, өз пікірлерін білдірді. Облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы, қазақ күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тәуірбек Қарауылтегі сөзін команда тарихынан бастады.
«1996 жылы «Тараз» футбол командасы ел чемпионы болғанда бірнеше күн қуанып, тойлап едік. Сондай жарқын күндер бізге әлі де келеді деп ойлаймын. Жекешелендіру деген үрдістен біз қашпауымыз керек. Керісінше, жақсы инвестор табылса бұл үрдіске бірден көшкеніміз дұрыс. Мұндай үлгі Еуропа елдерінің барлығында бар. Біз де сол табысты жолмен жүруіміз керек. Футбол клубы ғана емес, алдағы жылдары спорт мектептерін жекешелендіретін уақыт келеді. Мен оған сенемін. Жекешелендіруді өз басым қолдаймын», – деді.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Махамбет Дүйсембаев та жекешелендіруді қолдайтындар қатарында.
«Жекешелендіру деген – үрейлі нәрсе емес. Жекешелендіруге көшкен «Қайрат», «Астана», «Шахтёр», «Жеңіс» клубтары өз жолдарын айқындауға күш салып жатыр. Осы талаптың оң нәтижесін олар көріп үлгерді. Біз де уақыт оздырмай, тиімді үрдіске көшкеніміз команда үшін қолайлы», – деді ол.
Мұнан соң сөз алған дзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ахмет Жұмағұл, футболдан облыстық жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Ерқасым Ешенқұл да өз ойларын білдірді. Көпшілік тыңдауды Фарида Амансарықызы қорытындылап, маңызды ой, салмақты пікірлері үшін сөйлеген кісілерге алғысын білдірді.
«Клуб бір күнде жекешеленіп кетпейді. Мұндай талқылау алдағы уақытта да болады. Клуб үшін ең тиімді жол таңдалады. Тараз футболының дамуы бәріміз үшін маңызды», – деді ол.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Шорт-тректен қысқы Олимпиадаға 9 қазақстандық қатысады
- 12 желтоқсан, 2025
XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына облыстан қанша спортшы барды?
- 22 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




