«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Жамбыл» бокс орталығы ашылды

«Жамбыл» бокс орталығы ашылды
Автор
Еліміздегі бокс спортының абыройы әрқашан асқақ. Оның ішінде Әулиеата боксының өзіндік беделі бар. Әйгілі Серік Қонақбаев бастаған жеңістің көшін бүгінгі оғландарымыз да сәтті жалғастырып келеді. Былғары қолғап шеберлерінің жетістігіне жамбылдық жанкүйерлер сәт сайын куә болып жүр. Мұндай жетістіктің барлығы өңірімізде бокс спортына көңіл бөлудің жоғары екендігін байқатады. Сөзіміздің жарқын дәлелі – «Жамбыл» бокс орталығының ашылуы.

Облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп ең алдымен «Жамбыл» бокс орталығының ашылуына қатысты. Айтулы іс-шарада облыс әкімінің орынбасары, облыстық бокс федерациясының президенті Серік Сәлемов сөз сөйлеп, былғары қолғап шеберлерінің жетістігіне және оларға жасалып жатқан жағдайға кеңінен тоқталды.

– «Бокс» орталығының ашылуы – өңірге ортақ қуаныш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында және Ақорданың төрінде өтетін алқалы жиындарда спортқа көңіл бөлуді үнемі айтып келеді. Оның ішінде боксқа деген құрметі ерекше. Әулиеата боксының тарихы, жеткен жетістігі мақтан етуге лайықты. Жамбыл өңірінен бокстан Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Олимпиада жүлдегерлері Серік Қонақбаев, Болат Жұмаділов, Болат Ниязымбетов, әлем чемпионы Аслан Шымбергеновтың шыққаны – өте абырой. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те спортқа ерекше көңіл бөліп, боксшыларға да үлкен сенім артып отыр. Бүгінгі таңда 4129 ересек және жасөспірім спортшы бокспен шұғылданады. Оларды 157 жаттықтырушы аталған спорттың қырсырына баулып жүр. Ашылып жатқан «Жамбыл» бокс орталығында шыныққан боксшылар осы жеңісті жолды одан әрі жалғайды деген үміттеміз. Өңірімізден Олимпиада, Әлем чемпиондары шыға берсін деген тілегіміз бар. Орталықтың ашылуымен Әулиеата жұртшылығын және боксшылар мен жаттықтырушыларды құттықтаймын, – деді Серік Жақсылықұлы.

Қазақстан Республикасы бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп те жаңа орталықтың ашылуымен жамбылдықтарды және бокс жанашырларын құттықтады.

«Бокстың талай саңлақтары осы өңірден түлеп ұшты. Бірнеше Олимпиада және Әлем, Азия чемпиондарын шығардыңыздар. Жамбыл боксының кешегі тарихы да айтулы жеңістерге толы. Алдағы жылдарда да талай жаңа чемпиондар шыға береріне сенімім мол. Себебі, Әулиеатаның өзі қасиетті, топырағы құнарлы. Сол жетістікке «Жамбыл» бокс орталығы жол аша беретіні анық. Бокс спортына белсенді үлес қосып жатқан өңірдің бірі – Әулиеата», – деді федерация президенті.

Орталықтың ашылуына арналған лентаны Серік Жақсылықұлы мен Шахмұрат Мүтәліп қиып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Федерация президенті көпшілікпен бірге орталықты аралап, жағдайымен танысты. Мұндағы әмбебап зал, кіші зал, жаттығу залдары қадірлі қонақтың көңілінен шықты. Ол жас боксшылармен әңгімелесіп, көңіл күйлеріне назар аударды. Олардың арасында бокстан ересектер арасында Әлем чемпионатына қатысушы, жастар арасында Азия чемпионы Бейбарыс Жексен, жастар арасында Әлем және Азия чемпионы Бексұлтан Боранбек, жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері Илья Калинин бар. Бейбарыс Жексен көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін федерация президентіне алғысын білдірді. Осы орайда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков сөз алды.

«Жамбыл» бокс орталығында енді барлық қажеттілік ескеріліп, жағдай толық жасалған. Орталық жатақханамен, асханамен, бассейнмен, жаттығу залдарымен қамтылған. Бокс спортын серік еткен шәкірттерге тек дамылсыз тер төгіп, оң нәтиже көрсету ғана қалып тұр. Осы қолайлы жағдайды қадағалап, жаңа мүмкіндіктер бергені үшін облыс басшыларына және федерация басшылығына, өзіңізге көп алғыс білдіреміз. Бокстың абыройы артып, қазақ елінің мәртебесі биіктей берсін, – деді белгілі жаттықтырушы.

Келесі кезекте федерация президенті Тараз қаласындағы №6 облыстық мамандандырылған балаларжасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратымен танысты. Мұнда әсіресе бокс спортына көп көңіл бөлінген. Осында жаттыққан балалардың қатарында жасөспірімдер арасында ел чемпиондары мен жүлдегерлері шығып жатқаны айтылды. Федерация президенті жасөспірім боксшыларға барлық мүмкіндікті жасау керектігін айтып, спорт мектебінің ғимаратына көңілі толғанын жеткізді.

2026 жылы ересектер арасындағы ел чемпионаты Таразда өтеді

Қазақстан Республикасы бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп пен облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешеніне де атбасын бұрып, танымал боксшылармен және жаттықтырушылармен кездесті. Жиынды Серік Жақсылықұлы ашып, жүргізіп отырды.

– Мемлекет басшысы «Біз бұқаралық спортты дамыту арқылы нәтижелерге қол жеткізе аламыз» деп атап өткен болатын. Біздің өңірден 55 спортшы Ұлттық құрамаға алынған. Оның 26-сы жасөспірім. 2025 жылы 4 халықаралық, 3 республикалық және 23 облыстық жарыс өтті. Бокс спорты кеше де үздік болған. Бүгінгі уақытта да көш басында тұр. Жасалып жатқан жағдайлардың нәтижесінде алдағы уақытта да Жамбыл боксының даңқы биіктей береді деп сенемін. Осы абырой жолында сіздермен бірлесіп еңбек ете береміз. Сол төгілген тер әрқашан өз нәтижесін көрсетері анық. Бұл жиында бокс спорты жайлы өз ойларыңызды ашық айтыңыздар. Біз сол ашық пікірді тыңдауға, сіздермен ой бөлісуге келдік, – деді ол.

Федерация президенті де жамбылдық бокс майталмандарына ізетін көрсетті.

«Елімізде боксқа ерекше көңіл бөліп отырған 5-6 аймақ бар. Оның ішінде Жамбыл облысын ерекше атап өтуге болады. Біз өңірде ашылған бокс орталығын және бірқатар ғимараттарды аралап көрдік. Жасалып жатқан жұмыстарға көңіліміз толды. Бокс федерациясы қоғамдық ұйым. Соған қарамастан өзіміздің ардагерлер мен жас боксшыларға қолдауымызды үнемі көрсете береміз. Қазақ боксының даңқы өте жоғары, тарихы терең. Кезінде Куба боксшылары ерекше аталушы еді, қазір қазақ боксшылары да әлемде фаворит. Бірақ, бұл жетістікке тоқмейілсіп, тоқтап қалуға болмайды. Себебі, барлық мемлекетте спорт дамып жатыр, оның ішінде боксқа айрықша көңіл бөлінуде. Тіпті, бокс қолғабының иісін сезбейтін Африка құрлығындағы елдер де рингке шыға бастады. Сондықтан, ізденіс пен еңбек ешқашан бәсеңдемеуі керек. Әр боксшы жеңіске тек аянбай тер төгіп, еңбектену арқылы жетеді. 2027 жылғы бокстан ерлер және әйелдер арасындағы Әлем чемпионаты Астана қаласында өтетін болады. Осы жарыста 7 салмақ бойынша Олимпиада жолдамасы сарапқа түседі, – деді Шахмұрат Мүтәліп.

Мұнан соң Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушылар Дамир Буданбеков пен Әмірхан Төлен өздерінің көкейіндегі бірқатар мәселелерді сұрап, бокстың дамуы жолында өз ойларымен бөлісті. Басқосуда Серік Жақсылықұлы республикалық бокс федерациясының президентіне 2026 жылғы бокстан ересектер арасындағы ел чемпионатын Тараз қаласында өткізсек деген ұсынысын білдірді. Бұл ұсыныс қадірлі қонақ тарапынан қолдау тапты.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қорытындылап, өңірге келген құрметті қонаққа өз алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар