Мұрагерлік құқық Қазақстан Ре спубликасының Азаматтық кодексінің (ҚР АК) 6-бөліміне арналған және онда мұрагерлік деп қайтыс болған азаматтың, яғни мұра қалдырушы мүлкінің басқа тұлғаға немесе тұлғаларға – мұрагерге көшуі түсіндіріледі. Мұрагерлік құқық – азаматтық құқықтың маңызды әрі қоғамдағы әлеуметтік қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі салаларының бірі. Мұрагерлік институты жеке адамның мүлкін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа берудің құқықтық тетіктерін реттейді. Алайда мұраға байланысты мәселелер көбіне отбасы мүшелері мен жақын адамдар арасында туындайтындықтан, бұл сала дауларға толы күрделі құқықтық процесс болып табылады.
Мұрагерлік даулардың негізгі себептері – мүліктің құны, мұрагерлер арасындағы келіспеушіліктер, өсиеттің мазмұнына күмән келтіру, құқықтарды дұрыс түсінбеу немесе рәсімдеу қателіктері. Осындай даулардың уақытылы және әділ шешілуі азаматтардың құқықтарын қорғау тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы сенім мен отбасы ішіндегі қарымқатынастардың беріктігі үшін де маңызды. Сондықтан мұрагерлік даулар институтын құқықтық тұрғыдан талдау, олардың туындау себептерін анықтау және шешу тетіктерін жетілдіру – бүгінгі құқықтық ғылым мен тәжірибенің өзекті міндеттерінің бірі болып табылады.
Мұрагерлік құқықтық қатынас өзінің табиғаты жағынан мүліктік құқықтарды бір тұлғадан екінші тұлғаға берудің құқықтық механизмін білдіреді. Осы қатынастар жүйесінде негізгі орын алатын тұлға – мұрагер. Ол – мұраны қабылдауға, оған қатысты құқықтар мен міндеттерді іске асыруға және мұра қалдырушының құқықтық мұрагерлігіне кіретін тұлға. Мұрагердің құқықтық мәртебесі мұрагерлік қатынастың мазмұнын, бағыттарын және құқықтық салдарын айқындайды. Мұрагердің рөлі бірнеше маңызды қырлармен сипатталады.
Біріншіден, мұрагер – мұра қалдырушының құқықтық мұрагерлік ниетін жүзеге асырушы. Егер мұра өсиет бойынша қалдырылса, өсиетте көрсетілген мұрагерлер мұра қалдырушының еркін сақтауға міндетті субъектілер болып саналады. Бұл ретте өсиет мазмұнын дұрыс орындау мұрагердің құқықтық жауапкершілігінің бір бөлігі болып табылады.
Екіншіден, заң бойынша мұрагерлік жағдайда мұрагерлер мұра қалдырушының отбасы мүшелері мен жақын туыстары арасынан айқындалады. Бұл қағида мұрагердің құқықтық мәртебесінің әлеуметтік сипатын көрсетеді. Мемлекет мұра қалдырушы қайтыс болғаннан кейін оның мүлігін ең жақын адамдарға беру арқылы отбасы институтын қорғауды көздейді.
Үшіншіден, мұрагер мұрагерлік мүлікке қатысты құқықтар мен міндеттердің толық кешенін қабылдайды. Яғни мұрагер тек мүлікті ғана емес, сонымен бірге мұра қалдырушының қарыздары мен міндеттемелерін де белгілі шекте қабылдауы мүмкін. Бұл мұрагердің құқықтық қатынастағы жауапкершілігін арттырады және оның мәртебесін жай «мүлік алушы» ғана емес, құқықтық мұрагерлік процесінің толыққанды субъектісі ретінде көрсетеді.
Төртіншіден, мұрагердің мұраны қабылдау немесе қабылдамау еркі оның құқықтық дербестігін білдіреді. Мұрагер жазбаша өтініш беру арқылы немесе нақты әрекеттер жасау арқылы мұраны қабылдауға құқылы. Мұраны қабылдамау да – заңмен танылған құқық. Бұл норма мұрагердің жеке мүддесін қорғауға бағытталған және мұрагерлік қатынаста еркіндік қағидасының сақталуын қамтамасыз етеді.
Бесіншіден, мұрагерлік даулар туындаған жағдайда мұрагер – даулы құқықтық қатынастардың негізгі процесуалды қатысушысы. Ол өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінеді, татуластыру рәсімдеріне қатыса алады, өсиетке қатысты талаптар қояды немесе өз құқықтарын дәлелдеуге тиісті. Сондықтан мұрагердің құқықтық сауаттылығы мен оның мүддесін қорғау механизмі мұрагерлік қатынастардың тиімділігіне тікелей әсер етеді.
Қайтыс болған азаматтың мұрасы басқа тұлғаларға тұтастай және бір сәтте әмбебап құқықтық мирасқорлық негізінде ауысады. Мұрагерлік өсиет бойынша немесе заң бойынша жүзеге асырылады.
Заң бойынша мұрагерлік, егер өсиет болмаса немесе барлық мұраға қатысты шешім шығарылмаса, сондай-ақ осы Кодекспен белгіленген басқа жағдайларда жүзеге асады. Мұрагерлік құқықтық қатынастардың аяқталуы мұрагердің мұра қалдырушының құқықтары мен міндеттерінің субъектісіне айналатын сәті болып табылады деп атап өтті А.Г. Диденко. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот тәжірибесі мен жалпыламасын талдау мұрагерлік құқықтан туындайтын даулардың көбі мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру және мұраны қабылдаушы деп тану туралы даулар екенін көрсетеді.
Мұраны қабылдау мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде жүзеге асырылуы мүмкін, алайда осы мерзімді белгілі себептермен өткізіп алған жағдайда, мұрагер мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру және мұрагерді мұраны қабылдаушы деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
Міндетті шарт – іс бойынша мұраны нақты қабылдау фактісінің дәлелдерінің болмауы, сондай-ақ мерзімді өткізіп алған мұрагердің себептері жойылғаннан кейін алты ай ішінде сотқа жүгіну фактісі (ҚР АК 1072-3-бабы) бойынша қаралады. Практикада көбіне нотариустар нотариаттық іс-әрекетті жасаудан бас тартып, мұрагерлерге тиісті мәселені шешу үшін сотқа жүгінуге кеңес береді. Сондықтан мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы талап арызды қабылдау сатысында бас тарту негіздерін мұқият зерттеу қажет.
Атап айтар болсақ, мұраны қабылдау фактісінің болуы, мұрагердің мұрагерлік меншікке тіркелуі, мұраны қабылдау фактісін сот тәртібімен анықтау негіздері бар-жоғы – мұрагердің: мұра мүлкіне иелік еткені немесе басқарғаны, мұра мүлкін сақтап қалу бойынша шаралар қолданғаны, оны үшінші тұлғалардың әрекеттерінен қорғағаны немесе талаптардан қорғағаны, мұра мүлкін күтіп-ұстауға кеткен шығындарды өз есебінен төлегені, мұра қалдырушының қарыздарын өз есебінен өтегені немесе мұра қалдырушыға тие сілі ақшаны үшінші тұлғалардан алғаны туралы дәлелдер болуы қажет. Қаралып отырған санаттағы істер бойынша даулар болмаған жағдайда, мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы талап арыздар бойынша дауды соттан тыс немесе сотқа дейінгі тәртіпте шешу мүмкіндігі туралы заңнамалық ережелерді қолдану қажет. Дегенмен заң талапкерлерге бұл санаттағы даулар бойынша мұндай талап қоймайды.
Арнайы өндіріс істері – мұраны қабылдау фактісін анықтау туралы өтініштер бойынша мұндай тәртіпті сақтау міндетті болып табылады. Осындай істерді қарау барысында мұрагерлер арасында дау жоқ екені, кейбір мұрагерлер талапкердің пайдасына мұрадан бас тартқаны немесе бас тарту ниеті бар екені жиі анықталады. Сондықтан татуласу келісімдерін, медиация тәртібімен дауды реттеу келісімдерін, партисипативтік рәсімдер аясындағы келісімдерді жасасу кезінде барлық мүдделі тұлғалардың, мұрагерлердің аясын анықтау, мұрагерлік істі жүргізіп отырған нотариусты келісім дайындауға қатыстыру қажет.
Бұл келісімнің заңға қайшы келмеуін, үшінші тұлғалардың құқықтары, еркіндіктері және заңды мүдделері бұзылмауын қамтамасыз ету қажет. Заңда мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алу себептерінің құрметтілігі және мұрагерді мұраны қабылдаушы деп тану соттың әрбір істің нақты мәнжайларына байланысты анықтайтыны көзделген. Істер бойынша талапкердің міндеті – Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 72-бабына сәйкес келетін дәлелдемелерді ұсыну болып табылады.
Осындай пікірді ғалымдар да қолдайды. Мысалы, С.К. Идрышева мұраны қабылдау мен мұраны нақты қабылдау ұғымдарының бір-бірін өзара жоққа шығаратынын атап өтеді, себебі мұраны нақты қабылдау мұра ашылған күннен бастап заңмен белгіленген алты ай ішінде жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ретте мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алу туралы сөз болуы мүмкін емес, керісінше жағдайда мұраны қабылдау фактісін нотариус немесе сот мойындай алмайды.
Алайда посткеңестік елдердің азаматтық заңнамасы нормаларының және осы тақырыпқа қатысты сот практикасының формалды-құқықтық талдауы белгілі бір сұрақтар туғызады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 29 маусымдағы № 5 «Соттардың мұрагерлік заңнамасын қолдану туралы кейбір мәселелері жөнінде» нормативтік қаулысына сәйкес, белгіленген тәртіпте қабылданған мұра мұра ашылған күннен бастап мұрагерге тиесілі деп танылады. Сондықтан мұрагерлік құқыққа куәлік алу – бұл мұрагердің құқығы, бірақ міндеті емес және мұндай куәліктің болмауы мұрагерлік құқықтарды жоғалту үшін негіз бола алмайды. Егер мұрагер 1072-1-баптың 2-тармағында көрсетілген қандай да бір әрекеттерді орындау арқылы мұраны нақты қабылдаса, бірақ нотариус қандай да бір себептермен мұрагерлік құқыққа куәлік беруден бас тартса, мұрагер нотариустың әрекеттеріне арнайы іс жүргізу тәртібінде сотқа шағымдануға құқылы.
Егер мұрагер мұраны нақты қабылдағанымен, мұрагерлік құқыққа куәлік алу үшін нотариусқа қажетті даусыз дәлелдемелерді ұсына алмаса және оларды басқа жолмен алу мүмкіндігі болмаса, мұрагер мұраны қабылдаудың заңдық фактісін анықтау туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы. Бұл өтініш арнайы іс жүргізу тәртібімен қаралады.
Бұл ретте құқыққа қатысты дау туындаса, мұндай факт талап қою тәртібімен анықталады. 1072-3-бапқа сәйкес мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы мұрагердің өтінішін қараған кезде, сот мұраны нақты қабылдаудың дәлелдемелері жоқ; мерзім құрметті себептермен өткізіліп алынған (мұрагердің ауруы немесе мұраны қабылдау туралы өтініш беруге кедергі келтірген басқа да мәнжайлар); мұрагер мерзімді өткізіп алу себептері жойылғаннан кейін алты ай ішінде сотқа жүгінген сынды шарттар жиынтығы болғанда мерзімді қалпына келтіріп, мұрагерді мұраны қабылдаушы деп таныуы мүмкін. Сондай-ақ, мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алған жағдайда сотқа жүгіну үшін алты айлық мерзім беріледі. Егер бұл мерзімді өткізіп алуға себеп болған мән-жайлар жойылғаннан кейін сотқа жүгіну алты айдан кешіктірмей жасалса, қалпына келтірілуі мүмкін.
Бұл ретте, мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішпен сотқа жүгіну үшін алты айлық мерзім Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 126-бабына сәйкес қалпына келтірілмейді. Мұндай мерзімнің басталу уақыты мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алуға себеп болған мән-жайлардың аяқталу сәтіне байланысты анықталады. Сондықтан мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру және мұрагерді мұраны қабылдаушы деп тану туралы өтініш, Азаматтық кодекстің 1072-3-бабында көрсетілген алты айлық мерзімнің өтуіне қарамастан, сот өндірісіне қабылданады. Мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алудың құрметті себептері мен мұрагерді мұраны қабылдаушы деп тану соттың әр істің нақты жағдайларына байланысты анықталады.
Мұрагерлік қатынастардың халықаралық маңызы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар мен конвенциялар арқылы расталады. Мысалы, Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы Заңымен ратификацияланған, 2002 жылғы 7 қазандағы азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы Кишинев Конвенциясының 51-бабына сәйкес, бұл Конвенцияның қатысушы мемлекеттері үшін заңдық күші бар. Онда жылжымалы мүлікке мұрагерлік істері бойынша өндірісті мұра қалдырушы қайтыс болған кезде тұрғылықты жері орналасқан Шарт тараптарының уәкілетті органдары жүзеге асырады.
Жылжымайтын мүлікке мұрагерлік істері бойынша өндірісті мүлік орналасқан Шарт тараптарының уәкілетті органдары жүзеге асырады. Осыған ұқсас ереже 1993 жылғы 22 қаңтардағы азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы Минск Конвенциясының 48-бабында және оған 1997 жылғы 28 наурыздағы хаттамада бекітілген. Бұл Конвенция Кишинев Конвенциясына қатысушы мемлекет пен осы Конвенцияға қатысушы, бірақ Кишинев Конвенциясы оған күшіне енбеген мемлекет арасындағы қатынастарда қолданылады.
Мұрагерлік құқықтың маңыздылығын ескере отырып, осы санаттағы дауларды шешуде т атуласу рәсімдерін дамыту қажет. Бұл мәселелерді кәсіби медиаторлармен немесе нотариустар арқылы келісімдер жасасу арқылы шешу мүмкіндігін заңнамада бекіту керек. Өйткені мұрагерлік даулар – азаматтық құқық саласындағы ең күрделі әрі эмоционалды жүктемесі жоғары категориялардың бірі. Ол отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынастарға ықпал етіп, әлеуметтік тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұрагерлік құқықты іске асыру барысында даужанжалдардың алдын алу және бар дауларды тиімді шешу қоғамдық мүдде тұрғысынан ерекше мәнге ие.
Осы ретте татуластыру рәсімдерін кеңінен дамыту – мұрагерлік дауларды шешудің ең ұтымды бағыттарының бірі болып табылады. Оның бірнеше себебі бар:
1. Эмоциялық шиеленісті азайту. Мұрагерлік даулар көбіне жақын адамдар арасында туындайтындықтан, татуластыру тараптардың қарымқатынастарын сақтауға мүмкіндік береді.
2. Проце стің құпиялылығы. Татуластыру рәсімдері жабық форматта өтеді, бұл отбасы мәселелерінің жария болмауын қамтамасыз етеді.
3. Уақыт пен шығынды үнемдеу. Сот даулары жылдарға созылуы мүмкін, ал медиация немесе өзара келісім әлдеқайда жылдам әрі аз шығынмен жүзеге асады.
4. Икемді шешімдер қабылдау мүмкіндігі. Сот шешімі шектеулі нұсқаларға негізделсе, татуласу барысында тараптар өздері қалаған, икемді және барлық жаққа қолайлы шешімдерді таба алады.
5. Құқықтық мәдениетті арттыру. Татуластыру институтының дамуы қоғамда дауларды өршітпей, келісім арқылы реттеу дәстүрін нығайтады.
Осыған байланысты мұрагерлік дауларда татуластыру рәсімдерін жүйелі түрде енгізу, медиаторлар даярлау, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңнамалық негізді жетілдіру – құқықтық саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Гүлвира БЕГІМБЕТОВА
Тараз қалалық сотының судьясы
Ұқсас жаңалықтар
Дропперліктен аулақ бол!
- 6 желтоқсан, 2025
Тараптар арасындағы дау медиациямен шешіледі
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




