«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақстанда қандай дәрі-дәрмектің бағасы арзандады?

Қазақстанда қандай дәрі-дәрмектің бағасы арзандады?
gov.kz
Күні кеше өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова отандық дәрі-дәрмектердің құнын төмендету бойынша бірқатар шаралар қолға алынғандығын айтты, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

«Министрлік дәрілік заттарға баға белгілеудің жаңа тетігін енгізді. 2026 жылға арналған сатып алулар толықтай жаңартылған жүйе арқылы жүзеге асырылуда. Енгізілген өзгерістер нәтижесінде дәрілік заттардың кең тізбесі бойынша бағалардың едәуір төмендеуі есебінен бүгінгі күні 36 млрд теңгеден астам қаражат үнемделіп, сатып алудың экономикалық тиімділігін көрсетті. Бірқатар жоғары шығынды дәрілік зат бойынша бағаның төмендеуі 50-ден 300%-ға дейін жетті. Мысалы: Иматиниб дәрісі бойынша баға 9450 теңгеден 2348 теңгеге төмендеді, ал Бевацизумаб дәрісінің бағасы 360 мыңнан 77 мыңға дейін төмендеді», — деді министр.

Онкологиялық препараттардан басқа, дәрі-дәрмектер өзге де профильдер бойынша айтарлықтай арзандады. Осылайша, антибиотик Цефепим бойынша бюджетті үнемдеу 174 млн теңгені (бағасы 40%-ға төмендеді), ал иммунобиологиялық препарат Экулизумаб бойынша – 424 млн теңгені (-18%) құрады.

Жекелеген қазақстандық фармацевтикалық өндірушілер жаңа талаптарға белсенді түрде бейімделді. Бұл саладағы бәсекелестікті арттырып қана қоймай, фармацевтикалық нарықтың ашық әрі әділ ортада жұмыс істеуге дайын екендігін дәлелдеді. Өзгерістер бөлшек сауда нарығына да әсер етті. 4 900 дәрі-дәрмектің бағасы қайта қаралды. Қазан-қараша айларында дәріханалардың мониторингі сұранысқа ие препараттардың құны орта есеппен 12%-ға төмендегенін көрсетті. Мысалы, «Цефапс» препараты 31%-ға, «Зитмак» – 20%-ға, ал «Ревмоксикам» – 32%-ға арзандады.

 «Цифрландыру бағытындағы жұмыстар аясында 2024 жылы Министрлік дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізді. Бүгінде Қазақстан Орталық Азияда бұл процестің толық циклін іске қосқан жалғыз ел болып отыр. Таңбалау шеңберінде дәрілік заттарды сатып алу көлемдерін жоспарлау процесі цифрланды, бұл қажеттілікті нақты болжауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар өнімді нарыққа жедел шығару үшін тіркеу рәсімі жеңілдетіліп, тіркеу мерзімі екі есеге қысқартылды. Қазіргі уақытта дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу рәсімдері толықтай электрондық форматқа көшірілген. Қазақстандық тауар өндірушілерді нысаналы түрде ілгерілету үшін оларға арнайы критерийлер айқындалды. Жүзеге асырылып жатқан шаралар отандық фармацевтикалық саланың орнықты дамуына жол ашып, жергілікті өндірістің тұрақты өсуіне сенімді негіз қалайды.  Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады», — деді министр.

Айта кетейік, бүгінгі күні елде 200-ден астам қазақстандық тауар өндіруші тіркелген, оның ішінде 43-і дәрілік заттар, қалғандары медициналық бұйымдар өндіруде. Осы жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша қазақстандық кәсіпорындар өндіріс көлемін 11,7%-ға арттырып, 156,6 млрд теңгеге жетті.

Ұқсас жаңалықтар