«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отбасындағы жасырын трагедия

Отбасындағы жасырын трагедия
Автор
Қоғамның тыныштығы мен елдің дамуы әуелі отбасының тұрақтылығынан басталады. Біздің ұлттық танымда отбасы – қасиетті ұғым, ал оның ішіндегі сыйластық – тәрбие мен мәдениеттің өзегі. Дегенмен бүгінгі заманда, өкінішке қарай осы бір киелі шаңырақтың ішінде көзге көрінбей, үнсіз өршіп жатқан әлеуметтік мәселе бар. Ол – тұрмыстық зорлықзомбылық.

Әдетте сырт көзге бәрі қалыпты көрінгенімен, талай әйел мен бала үй қабырғасының ішінде психологиялық, физикалық немесе экономикалық қысымның құрбаны болып жатады. Бұл – жай ғана отбасылық жанжал емес, әлеуметтік және құқықтық салдары ауыр, мемлекеттің, қоғамның дамуына тікелей әсер ететін құбылыс. Осы ретте жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында елімізде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты халықаралық акция өткізіледі. Бұл бастаманың мақсаты – тұрмыстық зорлықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, халық арасында үнсіз қалып жүрген үлкен мәселеге назар аударту. Өйткені кез келген қоғамның дамуы әйел мен баланың қауіпсіздігіне, олардың қорғалуы мен құқықтарының сақталуына тікелей байланысты. Облыста аталған бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізіп отырған мекемелердің бірі – облыстық тұрмыстық зорлықзомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы.

Біз осы орталықтың директоры, әлеуметтік салада көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Айдана Биғабыловамен әңгімелесіп, өңірдегі жағдай, жүргізіліп жатқан іс-шаралар және жалпы қоғам үшін аса маңызды болып отырған тақырыптың өзекті қырларын талқыладық. Айдана Сатылғанқызының тұрмыстық зорлықты «жасырын трагедия» деп атауы бекер емес. Оның айтуынша, көп жағдайда зорлық көрген әйел көмекке жүгінер алдында ұзақ жылдар бойы шыдап жүреді. Себебі нәзік жандылардың басым бөлігі өз жағдайын жария қылудан ұялады. Сонымен қатар қоғамның сөзі мен қысымынан қорқады, кейде экономикалық тәуелділік те бөгет болады. Ал ең қиыны – олардың әрқайсысының артында бала бар. Қорқыныш пен үрей, шыдам мен үнсіздік көбіне балалардың психикасына терең із қалдырады. Олар көргенін қайталап, зорлықты қалыпты жағдай ретінде қабылдауы мүмкін. Сондықтан бұл тек отбасының ішкі мәселесі емес, ұрпақтың тәрбиесіне, елдің қалыпты дамуына әсер ететін үлкен әлеуметтік құбылыс.

Бүгінгі таңда Тараз қаласында және Қордай ауданында екі дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар алты айға дейін уақытша паналау орнын ұсынып қана қоймай, психологиялық, құқықтық, медициналық және әлеуметтік кеңес береді. Мұнда келген әрбір әйелдің өз тарихы, өз тағдыры бар. Көпшілігі жұмыссыз, өмірлік қиын жағдайға тап болған аналар. Алайда олардың барлығының көксегені – қауіпсіздік. Сол себепті орталық мамандары әрбір әйелмен жеке жұмыс жасап, психологиялық оңалту курсынан бастап, жұмысқа орналастыруға дейінгі толыққанды әлеуметтік қолдау көрсетеді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, соңғы жылдары зорлық-зомбылық көрсеткіштерінің төмендемегенін көреміз. Өткен жылы орталыққа 71 әйел жүгінсе, биыл 70 әйел көмек сұраған. Жыл басынан бері 356 адамға кеңес беріліп, олардың әрқайсысының мәселесі жеке қаралған. Айдана Сатылғанқызының айтуынша, орталықта жыл сайын шамамен 280 адам көмек алады. Бұл санның тұрақты болуы – мәселенің өзектілігін, жағдайдың күрделі екенін айқын көрсетеді. Тұрмыстық зорлықты тек әйел мәселесі деп қарастыру қате. Бұл – ең алдымен баланың тағдырына әсер ететін ауыр соққы. Орталыққа келген әйелдердің барлығының дерлік кәмелетке толмаған балалары бар. Әсіресе жасөспірімдердің психикасы тез жараланатындықтан, олардың отбасында көріп, сезінген қорқынышы бүкіл өміріне әсер етуі мүмкін. Осыны жақсы түсінетін орталық мамандары балалармен де жүйелі жұмыс жүргізеді.

Психологтар балаларға қорқыныштан арылту, агрессияны төмендету, сенім қалыптастыру бағытында арнайы тренингтер өткізеді. Кейбір балалар мектепке бармаған немесе балабақшаға қабылданбаған жағдайлар да кездеседі. Осындай кезде орталық қызметкерлері білім беру ұйымдарымен байланысып, балалардың қалыпты ортаға қосылуына жағдай жасайды. Бұл – бала болашағы үшін жасалатын ең маңызды қадамдардың бірі. Экономикалық тәуелділік – зорлық-зомбылықтың жиі кездесетін себептерінің бірі. Көптеген әйелдер тұрақты жұмысы болмағандықтан, отбасындағы қысымға төзуге мәжбүр болады. Бұл мәселені шешу мақсатында орталық мамандары әйелдерге кәсіби білім алып, жұмысқа орналасуға көмек көрсетеді. Мәселен, былтыр 15 әйел тұрақты жұмыспен қамтылса, биыл 8 әйел жұмысқа тұрған.

Сонымен қатар 7 әйел «Анаға тағзым» орталығында тегін қысқа мерзімді кәсіби курстардан өтіп, арнайы сертификат алған. Бұл олардың жаңа мамандықты игеріп, өз бетінше өмір сүруге қабілетті болуына жол ашады. Ал балалардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында 11 бала тегін үйірмелерге қатысып жүр, 10 бала интернатқа орналастырылған. Осы жылы да орталықтың көмегімен 24 әйел мен 68 бала, яғни барлығы 92 адам өз отбасына қайта оралған. Бұл – халықтың сенімінің артқанын, мамандардың жұмысының жүйелі жүргізіліп жатқанын дәлелдейді. Әрине, кейбір әйелдер үшін отбасы жайлы шешім қабылдау оңай емес. Жәбірленушілердің қорқынышпен арыз жазудан бас тартуы да мәселені күрделендіреді. Осының салдарынан зорлық-зомбылық жиі қайталанып, тіпті ауыр зардаптарға ұласып жатады.

Тұрмыстық зорлықтың себебі көп. Айдана Сатылғанқызының сөзіне сүйенсек, мәселенің түп-тамыры көбіне әлеуметтік қиындықтардан бастау алады. Жұмыссыздық, ішімдікке салыну, агрессия, құқықтық сауатсыздық – отбасындағы зорлықтың негізгі себептері. Мысалы, 2025 жылы көмек сұрап келген 58 әйелдің білімі орта деңгейде, 22 әйел көпбалалы, 58-і жұмыссыз, 35 әйел ауылдық жерде тұрады. Бұл деректер тұрмыстық зорлықтың тек жеке мінез-құлықтан емес, қоғамдағы әлеуметтік жағдайдан бастау алатынын айқын көрсетеді. Зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары тек жәбірленушілермен ғана емес, агрессорлармен де жүргізіледі. Бұл – өте маңызды бағыт. Себебі агрессордың мінез-құлқы өзгермей, оның проблемасы шешілмей, зорлықтың қайталану қаупі жоғары.

Дегенмен агрессорларға арналған жүйелі оңалту бағдарламалары әлі де жеткіліксіз. Психотерапия, агрессияны басқару, отбасы терапиясы сынды бағыттарды толыққанды енгізу қажет. Сонымен бірге облыс бойынша мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында және мемлекеттік мекемелерде түсіндіру жұмыстары тұрақты жүреді. Жұмыстың басты мақсаты – зорлық-зомбылықтың не екенін, оның салдарын, қандай жағдайда қайда жүгіну керек екенін түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру. Қоғамда зорлыққа нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыру – ең негізгі міндеттің бірі.

Айдана Сатылғанқызының ұсыныстары да осыған бағытталған. Ол ауылдық жерлерде құқықтық сауаттылықты арттыруды, агрессорларға арналған жүйелі оңалту бағдарламаларын енгізуді, барлық деректерді ашық жариялап отыруды және тұрмыстық зорлық түрлерін терең талдауды ерекше атап өтті. Мәселені жасырмай, ашық талқылап, нақты шешім қабылдаудың бірден-бір жолы. Қоғамда «әйелдің қауіпсіздігі – елдің қауіпсіздігі» деген түсініктің қалыптасуы өте маңызды. Өйткені әйел – отбасының жүрегі, ал ана – болашақ ұрпақтың тәрбиешісі. Егер ана бақытсыз болса, онда оның баласының да, демек қоғамның да болашағына алаңдауға тура келеді. Сондықтан зорлықтың алдын алу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір көрген-білген азамат немқұрайлы қарамай, көмекке мұқтаж жанға қол соза білсе, бұл мәселенің деңгейі әлдеқайда төмендейтіні сөзсіз.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Тұрмыстық зорлық – тек статистикада көрінетін сандар емес, адамның тағдыры, баланың балалық шағы, ананың жүрек жарасы. Бұл – үнсіздікті көтермейтін, қоғамның әр мүшесінен жауапкершілік талап ететін мәселе. Әйел құқығының қорғалуы – ел дамуының басты көрсеткішінің бірі. Егер біз шынымен мықты қоғам қалыптастырғымыз келсе, әуелі отбасындағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз керек. Көмек сұраған жанға қолдау білдіру – адамгершіліктің ең үлкен көрінісі. Әйелдің көз жасына, баланың қорқынышына, зорлыққа көз жұма қарамайық.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

 

Ұқсас жаңалықтар