«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әділ билік айту – басты мұрат

Әділ билік айту  – басты мұрат
Автор
Ұлы даланың абыз, көреген көсемдері мен билерінен һәм орақ ауызды шешендерінен бізге жеткен дана сөз – «Адал би – әділ би» деген ұлағатты үрдісті басшылыққа ала отырып, аудандық Билер кеңесі құрылған күннен бастап, біздер оң нәтижелі жұмыстар атқарып келеміз. Сол кездерден бастап-ақ ауыл арасында туындайтын ағайын-туыстардың дау-дамайларын және жер мен мал дауларын шешу мақсатында құрылған Билер кеңесінің ел ішіндегі рөлі ерекше болып тұр.

Соңғы жылдары аудандық Билер кеңесінің атқаратын жұмысының ауқымы біршама артып, жоғарыда айтылған дау-дамай мен арыз-шағымдарды әділ шешуде айтарлықтай табыстарға да жетіп отырмыз. 

Бүгінгі таңда Билер кеңесінің құрамында осы жолдардың авторы, оның мүшелері – Қайнаркүл Татығұлова, Қынат Шайхиев, Мелісхан Жұматаев, сонымен қатар, Уәли Қырғызбаев өздерінің жұмыстарын аудандық сотпен бірлесе отырып, адалдық жолымен атқарып келеді.

Әрине, жергілікті жерде түрлі дау-дамайды шешу, ел арасындағы келіспеушілікті, жер дауы мен мал дауы және тағы басқа түйткілді мәселелерді әділ шешіп, екі тарапты татуластыру оңайлыққа түспейді. Бірі келіссе, екінші жақ өзінің уәжін айтып, кері тартады. Міне, тура осы тұста тек әділ билік айту қажет екені түсінікті. Біздер тап осы адалдық алаңына ғана топтасып отырмыз.

Республикалық «Дәнекер» пилоттық жобасы аясында аудан билері жеке, сондай-ақ, заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын даулардың деңгейін барынша төмендетуге қол жеткізуде.

Осы орайда, Меркі ауылдық округі билер кеңесі (төрағасы Сәрсен Әбенов) мен Сұрат ауылдық округі билер кеңесі (төрағасы Нышан Базилов) белсенді жұмыс атқарып, өзгелерге үлгі болуда.

Аудандық Билер кеңесінің жоспарына сәйкес, 5 алқа мәжілісі, 3 дөңгелек үстел отырысы, 8 семинар-кеңес өткізілді. Қоғамдық қабылдауға келген зейнеткерлердің талап-тілектері де заң шеңберінен аспай, тиісті шешімдерін табуда. «Адал би – әділ би», «Батаменен – ел көгерер» және «Шешендік өнер – өмірлік қазына» тақырыбында өткізілген іс-шаралардың тағылымы да зор болғанын атап өткенім жөн. 

Билер кеңесіне Кеңес ауылынан А. деген азаматша қайырылып, өзін алдап несие рәсімдеп беріп, жарты сомасын өзіне қалдырып отырған Меркі ауылының азаматы А.Г-нің үстінен шағым айтып, шығынын қайтарып алып беруді сұранған-ды. Билер кеңесі, өз кезегінде, істі жан-жақты зерделеп, несие рәсімдеу арқылы А.Г. ақшаның біраз бөлігін өзінің бас пайдасына жаратқаны анықтады. Міне, осы істі сотқа жеткізбей, екі дауласушы тарапты татуластырып, нәтижесінде, азаматша А-ның банк алдындағы қарыз несие ақшасы толық көлемде өтелді.  Келесі, Андас батыр ауылында орын алған іс бойынша айтсам, ірі қара бағатын У. деген азаматтың үстінен іс қозғалған екен. Билер кеңесінің мүшелері сот процессі үстінде екі жақты ортақ мәмілеге келтіріп, өлген сиырдың құнын толық төлетіп беру арқылы екі жақты татуластыра алды.

Еңбек дауы бойынша Сұрат ауылында орын алған жағдай – К. деген азамат басқа адамның жерін заңсыз пайдаланып, жер иесінің айтқан уәжіне келіспей, бұл істің арты дау-дамайға айналған екен. Аудандық Билер кеңесі сонда көшпелі отырыс ұйымдастырып, оған аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі мен ауылдық округ мамандарын қатыстыра отырып, екі жақты ортақ келісімге келтірді. Әрине, арызданушы тараптың шығыны да толық өтелді.

Қазіргі таңда жас отбасылардың арасындағы ажырасу мәселесі өршіп тұрғаны жасырын емес. Жастар тұрмыстық қиындықтарды көтере алмай немесе  бірін бірі түсінбей, қорғаушы (адвокат) жалдап, сотқа арызданып жатады. Жыл басынан бері аудандық сот қарап, ерлі-зайыптылардың отбасылық қарым-қатынасы шиеленісінің себебін анықтау және отбасын сақтау мақсатында арнайы көмек көрсету үшін аудандық Билер кеңесінің көмегіне жүгіну қажет деген ұйғарым жасалып, бізге  барлығы 76 іс келіп түсті. Ауданымызда жаңадан құрылған Отбасын қолдау орталығымен бірге жұмыс жүргізу арқасында бүгінгі күнге медиация тәртібімен 18 отбасы мүшелері өзара татуласып, қалыпты өмір сүруде. Қалған отбасылармен ауылдық округтердегі ардагерлер, Билер және Аналар кеңесі бірлесе түсініктеме жұмыстарын жүргізу үстінде.

Осы мәселе тұрғысында ауылдық округтерде «Шаңырақты шайқалтпау мәселесі» тақырыбында арнайы семинарлар ұйымдастырылып, аудандық Аналар кеңесімен (Қайнаркүл Татығұлова) бірлесе отырып, отбасылардың ажырасу мәселесін талқылау барысында арнайы шара қабылданды. Осы басқосуларда ауылдың қадірлі ақсақалдары, көп балалы аналар мен  Іскер әйелдер қауымдастығы мүшелерімен ой-пікір алмастық. 

Билер кеңесінің басты міндеті – қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті насихаттай отырып, ел ішіндегі дау-жанжалдардың деңгейін барынша төмендету, құқық бұзушылыққа жол бермеу, «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген аталы сөзді басшылыққа ала отырып, әділдікке сүйене қызмет ету екенін бағамдап, осы ақ жолдан ауытқымаймыз деп сендіргім келеді.

                                  Медербек ӨЗБЕКОВ,

Меркі аудандық Билер кеңесінің   

төрағасы, облыстың Үздік биі.

Ұқсас жаңалықтар