Бұл рәсімнің аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлы ескерткішінің іргесінде өтуі – бұрыннан қалыптасқан игі дәстүр. Оның символдық мәні зор, себебі Таразда орналасқан әскери бөлімдердің бірі – 5-механизацияланған бригада батырдың есімін иеленген.
Антты тек аталған бригаданың сарбаздары ғана емес, гарнизонның басқа бөлімдерінің де әскери қызметшілері қабылдады: оның ішінде байланыс полкі, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау батальоны, сондай-ақ жөндеу базасының сарбаздары бар.
Салтанатты шараға дейін күзгі шақырылым сарбаздары бір ай бойы жас жауынгер курсы дайындығынан өткен болатын. Мерзімді кезеңде сарбаздар тактикалық дайындықты, қарудың техникалық сипаттамаларын меңгерді және алғашқы тәжірибелік атыстарды жүргізу үшін полигонға шықты, сондай-ақ бронетехникамен жұмыс істеудің бастапқы кезеңінен өтті.
Дайындық барысында әскери жарғыларды тереңдетіп оқуға айрықша көңіл бөлінді. Осындай кешенді әзірліктің арқасында сарбаздар ант қабылдау сәтіне жақсы даярлықпен және жоғары моральдық күйде келді.
Салтанатты рәсімге облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Ержан Ибраев және Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары мен ардагерлер қатысты. Жиналған көпшіліктің алдында аймақ басшысы қысқаша құттықтау сөз сөйледі.
– Құрметті жас сарбаздар! Ардақты атааналар мен қадірменді қонақтар! Бүгін – жүректерге рух пен жігер сыйлайтын маңызды күн. Бүгінгі салтанатты рәсімде сіздер, жас жауынгерлер, Отан алдында ант беріп, туған еліңіздің ертеңін қорғау жолындағы қасиетті міндетті мойындарыңызға алдыңыздар. Бұл ант – сөздің емес, жүректің серті. Ол – әр азаматтың ар-намысы мен борышына адалдығын айғақтайтын ұлы ұстаным. Осы сәттен бастап сіздер Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің айбынды қатарын толықтырып, мемлекеттің қауіпсіздігі мен ел тыныштығының қорғаушылары атандыңыздар. Құрметті сарбаздар! Әскери қызмет – қажырлы еңбекті, темірдей тәртіпті, мықты рух пен ынтаны талап ететін жауапты жол. Сіздерге артылған сенім – халықтың сенімі, елдің үміті. Әрқайсыңыз осы борышты адал атқарып, ата-ананың ақ батасын, туған елдің сенімін ақтайсыздар деп сенемін. Алдағы қызмет жолында тәртіп пен ұйымшылдықты серік етіп, батылдық пен жауапкершілікті ұмытпаңыздар. Отанға адал қызмет ету – әр азаматтың маңдайына бұйырған ең үлкен мәртебе. Сіздерге мықты денсаулық, жігер мен қайрат, абыройлы қызмет тілеймін! Еліміз аман, бейбітшілігіміз баянды болсын! – деді Ербол Шырақпайұлы.
Маңызды оқиғаның куәсі болу үшін Қазақстанның әр өңірінен әскери қызметшілердің ата-аналары мен туыстары келіп, осы толқынысты әрі қуанышты сәтті өз ұлдарымен бірге бөлісті. Дәстүрге сай, ант қабылдағаннан кейін мерзімді қызметтегі сарбаздарға кешкі сағат 18:00-ге дейін демалыс берілді. Осыған байланысты олар бөлінген уақытта отбасы мүшелерімен бірге болуға мүмкіндік алды.
Жалпы ант қабылдау күні «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері бойынша бұл күні осы жылдың күзінде әскерге шақырылған екі жарым мыңға жуық сарбаз әскери ант қабылдады. Қолбасшылық бұл жауынгерлердің мерзімді әскери қызмет кезеңін абыроймен өтеп, қажетті дағдыларды меңгеріп, шыңдалып, Отан қорғаушысы деген атақты құрметпен алып жүретініне сенім білдіреді.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Жетістікке жету жолында еңбек етеміз
- 6 желтоқсан, 2025
Су ресурсын басқарудың тиімді жолы қандай?
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




