«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Болашақ чемпиондар ордасы

Болашақ чемпиондар ордасы
Автор
Әулиеата топырағы талантты футболшыларға да бай өлке. Осы өңірден Сейділда Байшақов, Евгений Яровенко, Нүркен Мәзбаев, Азамат Ниязымбетов бастаған керемет талантты аяқдоп шеберлері шыққаны – жамбылдықтарға мақтаныш. Бұл үрдіс алдағы жылдары дарынды жас футболшылармен жалғасатыны даусыз. Себебі, Тараз қаласында футбол академиясының құрылысы басталды. Бұл жоба Қазақстан футбол федерациясы, Halyk қайырымдылық қоры және Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге аспақ. Жобаның жалпы құны 3,5 миллиард теңгені құрайды.

Таразда футбол академиясының құрылысы басталды

Тараз қаласында болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін Футбол академиясы құрылысының капсула салу салтанатты рәсімі өтті. Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, сөз сөйледі.

– Бүгін біз үшін шын мәнінде тарихи, қуанышты күн. Әулиеата жерінде футбол академиясының іргетасына капсула салу рәсіміне жиналып, жаңа дәуір бастауды бірге атап отырмыз. Салынатын бұл ғимарат – жай ғана құрылыс емес, болашақ чемпиондардың, ел намысын әлемдік ареналарда қорғайтын жаңа буын футболшылардың жолын ашатын маңызды бастама деп есептеймін. Біздің аймақ – қазақ футболының қайнар көзі. Бұл өңірден Сейділда Байшақов, Евгений Яровенко, Нүркен Мәзбаев, Бауыржан Исламхан, Ұлан Қонысбаев, Бақтияр Зайнутдинов, Ғалымжан Кенжебек секілді ел намысын қорғаған саңлақтар шыққан. Олардың есімдері біз үшін зор мақтаныш әрі кейінгі буынға үлгі. Сонымен қатар бұл сәтте біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың спортымызды дамыту жөніндегі ұстанымдарын ерекше атап өтпекпін. Жас буынды қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту арқылы футболды елдің барлық аймағында дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Мемлекет басшысы «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға өзгерістер енгізіп, спорт саласын жүйелі жаңғыртуға жол ашты. Бұл құжат – бұқаралық спортты дамыту, заңнаманы жетілдіру және бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты жұмсау бағытында нақты реформалар жүргізуді көздейді. Осының бәрі – жастарымыздың спортқа тең қолжетімділігі және кәсіби деңгейде дамуы үшін жасалған стратегиялық қадамдар. Аталған жоба Қазақстан футбол федерациясы тарапынан бүгінгі шарамызға қатысып отырған футбол ардагерлері мен «Тараз» ФК түлектеріне дайындаған арнайы сыйлықтары бар мемлекет, қоғам, спорт саласының өкілдері мен демеушілердің ортақ ынтымағы мен қолдауының жарқын көрінісі. Бүгінгі капсуланың салтанатты қойылуы – алдағы үлкен жетістіктердің символы деп білеміз. Бұл академиядан ертеңгі ел үмітін арқалайтын талантты футболшылар өсіп шығады деген сенім мол. Ендеше, жаңа академия еліміздің футбол саласына жаңа серпін беріп, жаңаша белестерге жетелей берсін! – деді өңір басшысы.

Мұнан соң Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория, Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов сөз сөйлеп, жобаға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория, Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов капсуланы салды. Келесі сәтте танымал футболшы Нүркен Мәзбаев аталған жобаның жамбылдықтар үшін үлкен игі шаруа екенін айтып, облыс басшысына және қонақтарға алғысын білдірді. Қазақстан футбол федерациясы тарапынан футбол ардагерлері мен «Тараз» ФК түлектеріне арнайы сыйлықтар табыс етілді.

«Біз құрылыс жұмысын бірден бастап кетеміз. Келесі жылы бұл академия ел игілігіне берілетін болады. Мұнда 100 жас жеткіншек футболшыға, 30 жаттықтырушыға арналған жатақхана, оқу және жаттығу залдары, асхана бой көтереді. Заман талабына сай футбол академиясы салынатын болады, – деді Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықұлы журналистерге берген сұхбатында.

Сонымен қатар Қазақстан футбол федерациясы, Halyk қайырымдылық қоры және облыс әкімдігі арасындағы меморандумға қол қойылды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар