Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысына қатысты. Жиынның күн тәртібінде екі елдің сауда-экономика, көліктранзит, су-энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Мемлекет басшысы қонақжайлығы үшін Президент Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдіріп, сапарының басты мақсаты – қос халықтың достығын нығайтып, тату көршілік байланыстарын күшейту, сондайақ түрлі саладағы өзара тиімді ықпалдастықты дамыту екеніне назар аударды.
– Құрметті Шавкат Миромонович, Өзіңіздің қажырлы еңбегіңіздің арқасында еліңізде көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін маңызды бастамалар қолға алынды. Өзбекстан – біз үшін туыстас, ағайын ел, тату көрші әрі сенімді серіктес. Қос ел арасындағы достықтың тамыры терең, халықтарымыздың рухани құндылықтары ортақ деуге болады. Қазақ-өзбек қарымқатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында қарқынды дамып келе жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ахуал аумалытөкпелі кезеңде сан қырлы ықпалдастықтың даму қарқынын арттыру қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен келіссөз барысында саяси және экономикалық байланыстарды жандандыра түсетін жаңа бағыттар айқындалғанын жеткізді.
– Өзара ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалануды құптаймыз. Сондықтан осы бағытта табанды еңбек етуге дайын екенімізді айттық. Ең әуелі, сауда-экономика саласына ерекше мән беру керек. Сауда-саттықты дамыту үшін өсімнің тың мүмкіндіктерін іздеу, тауарлар номенклатурасын кеңейту және шикізаттық емес экспортты ынталандыру шараларын қабылдау қажет. Осы орайда Өзара тауар айналымын арттыру бағдарламасын сапалы жүзеге асыру маңызды. Бүгін құрылатын Өңір басшылары кеңесін, сондай-ақ Іскерлік кеңес пен «UzKazTrade» бірлескен сауда компаниясы секілді басқа да екіжақты механизмдердің жұмысынан нақты нәтиже күтеміз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым саудадан гөрі ет, бидай, майлы дақылдарды өңдеудің толық өндірістік тізбесін қалыптастыруды, мал шаруашылығы мен органикалық егін шаруашылығын бірге дамытуды ұсынды. Бұған қоса Президент өнеркәсіп кооперациясына үлкен үміт артады.
– Қазіргі кезде жалпы сомасы бір жарым миллиард доллардан (1,7 миллиард доллар) асатын 78 бірлескен жобамыз бар. Оның аясында 15 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген. Аталған жобалар толық іске асса, экономикалық және инвестициялық ықпалдастығымыз айтарлықтай күшейеді. Бүгін біз олардың бір парасын іске қосамыз. Қазақстанның Өзбекстанға салатын инвестициясын одан әрі ынталандыруға ниеттіміз. Бұл ретте өзбек достарымыздан әдеттегідей қолдау күтеміз. Құрылысы жүріп жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы индустриалдық қуатымызды одан әрі арттыруда маңызды рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы серіктестік перспективті бағыттың бірі саналады Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылатын Жұмыс тобынан барлық аспектіні мұқият зерделеп, өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға қатысты ұсыныс беруді сұрады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы көлік-транзит саласындағы ықпалдастықты кеңейтудің стратегиялық сипатына тоқталды.
Атап айтқанда, тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік кедергілерді азайту шаралары қабылданып, шекара маңы инфрақұрылымын дамыту және өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел үкіметтері логистикалық тізбектің барлық қатысушысына оңтайлы жағдай туғызып, инфрақұрылымдық, нормативтік және институционалдық міндеттерді шешуі қажет деп санайды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағдарын, Солтүстік – Оңтүстік дәлізін, сондай-ақ Ауғанстан арқылы теміржол бағытын дамыту аясындағы тиімді ықпалдастықты жалғастыру өзекті екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев өзбек тарапын Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірге өркендету үшін Ақтау және Құрық порттары бойынша серіктестік құрып, логистикалық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Қазақстан Президенті су-энергетика саласындағы конструктивті ынтымақтастық аса маңызды екенін жеткізді. Өйткені трансшекаралық өзендердің су ресурсын рационалды пайдалану – екі елдің тұрақты прогресіне ықпал ететін басты факторлардың бірі. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтеріне су шаруашылығы саясатындағы тәсілдерді үйлестіру үшін жүйелі шаралар әзірлеуді ұсынды. Президенттер келіссөздердің және Қазақстан мен Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесі екінші отырысының қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев келесі құжаттарға қол қойды:
1. Жоғары мемлекетаралық кеңестің Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы өңірлері басшыларының кеңесін құру туралы шешімі;
2. Жоғары мемлекетаралық кеңестің геология және сирек кездесетін металдарды өндіру жөніндегі жұмыс тобын құру туралы шешімі;
3. Жоғары мемлекетаралық кеңестің трансшекаралық өзендердің су деңгейін болжау бойынша екіжақты жұмыс тобын құру туралы шешімі;
Сондай-ақ мемлекеттер басшыларының қатысуымен мынадай үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды алмасу рәсімі өтті:
4. Қазақстан Республикасы Үкіметі және Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының азаматтық мақсаттағы жерүсті радио қызметтері пайдаланатын радиожиілік иеленімдерін шекара маңы аймақтарында үйлестіру туралы келісім;
5. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы бірлескен әскери оқужаттығулар өткізу туралы келісім;
6. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы транс шекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және пайдалану туралы келісім;
7. Қазақстан Республикасы Үкіметі және Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы кеден қызметтерінің өкілдіктерін ашу туралы келісім;
8. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі арасындағы ынтымақтастықтың 2026 - 2027 жылдарға арналған бағдарламасы;
9. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Тау-кен өнеркәсібі және геология министрлігі арасындағы тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандум;
10. Бірлескен инвестициялық платформа құру туралы негіздемелік келісім;
11. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Өзбекстан Ре спубликасы Д енс аулық с ақт ау министрлігі арасындағы «Гамма-пышақ» стереотаксикалық радиохирургиялық емдеу технологиясын қолдана отырып, мамандандырылған медициналық көмек көрсету саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
12. Қазақстан Республикасы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік медициналық сақтандыру қоры арасындағы мемлекеттік және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;
13. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті мен Өзбекстан Республикасы Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі Туризм комитеті арасында туризм саласындағы ынтымақтастықтың 2026 - 2027 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары;
14. Астана қаласы әкімдігі мен Ташкент қаласы хокимияты арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
15. «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ мен «ӨзбекМұнайГаз» АҚ арасындағы мұнайгаз химиясы саласындағы жобаларды бірлесіп іске асыру туралы негіздемелік келісім;
16. «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ мен «ӨзбекМұнайГаз» АҚ арасындағы «Жарқын» барлау жобасы бойынша қағидаттар туралы келісім;
17. «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі мен Өзбекстан Жастар одағы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
Қос халықтың діні мен тілі – ұқсас, тарихы – тамырлас
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Шавкат Мир зиёевке және барша өзбек ағайынға қазақ делегациясына қонақжайлық көрсетіп, ыстық ықыласпен қарсы алғаны үшін алғыс айтты.
– Қазақ пен өзбек – бауырлас халықтар, ежелден еншісі бір тату көршілер. Қос халықтың болмысы, салт-дәстүрі, мәдениеті, ділі мен тілі – ұқсас, тарихы – тамырлас. Осы қастерлі құндылықтардың арқасында қарым-қатынасымыз бұрынсоңды болмаған қарқынмен дамып жатыр. Елдеріміз арасында жоғары деңгейдегі сындарлы әрі белсенді саяси диалог орнаған. Сауда-экономикалық байланыстарымыз жылдан жылға нығайып келе жатыр. Өнеркәсіп саласында әлеуеті зор инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Аймақтық деңгейдегі бірлескен іс-әрекеттерді дамытуға, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән беріп отырмыз. Бұған қоса, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланысы да тереңдей түсті. Осы сапарымның басты мақсаты – бауырлас халықтар арасындағы достық пен тату көршілікті бекемдеу, сан қырлы ынтымақтастықтың жаңа жолдарын ашу, түптеп келгенде, қазақ-өзбек қарымқатынастарын жаңа сапалы деңгейге көтеру, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі уағдаластықтар екі елдің ұлттық мүдделеріне сай келеді әрі халықтарымыз арасындағы мызғымас достықты, тату көршілікті, стратегиялық серіктестік пен одақтастықты көрсетеді.
– Қазақстан Президенті ретінде Өзбекстанмен көп жоспарлы ынтымақтастықты дамытуға басымдық беру міндетім деп санаймын. Кейбір сарапшысымақтар айтып жүргендей, Қазақстан мен Өзбекстан – бақталас та, бәсекелес те емес, керісінше, өркендеу жолында тізе қосып, қатар келе жатқан стратегиялық серіктес, сенімді одақтас. Халықтарымыз бір-бірін шынайы құрмет тұтатын жақын бауырлар, достар, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевтің екіжақты қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтеруге және әлемнің Орталық Азияны достық пен бірліктің аймағы ретінде тануына үлкен үлес қосқанын атап өтті.
– Президент Мирзиёевтің қуатты басшылығымен Өзбекстан көптеген салада тамаша жетістіктерге жетті, дүние жүзіне табысты дамып келе жатқан ел ретінде танылды. Ауқымды реформалардың нәтижесі орнықты экономикалық өсімнен, халықтың әл-ауқатының артуынан, қалалардағы қарқынды өзгерістерден және қоғамның барлық бағытындағы сапалы дамудан көрінеді. Өзбекстан әлемдік аренадағы өзінің орнын нығайтып, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосты. Қазақстандықтар бауырлас өзбек халқына шынайы қолдау көрсетіп, жетістіктеріне қуанады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан мен Өзбекстан тұтас аймақтың дамуын көздейтін өңірлік берік стратегиялық альянс қалыптастырғанын айтты. Сондай-ақ келіссөздер барысында екіжақты күн тәртібінің кең көлемді мәселелері талқыланып, елдеріміздің сан қырлы ықпалдастығын одан әрі дамытудың басымдықтары белгіленгеніне тоқталды.
– Негізгі қорытынды–өзара уағдаластықтар және стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайту мен тереңдетуге күш салу. Ортақ мақсатқа қол жеткізуде екіжақты сауданың орны ерекше. Кейінгі кезеңде екі ел арасындағы тауар айналымының жыл сайынғы көлемі тұрақты түрде 4 миллиард доллардан аса қаржыны құрайды. Бұл – үкіметтеріміздің дәйекті жұмысы мен бизнестің тікелей диалогының нәтижесі. Дегенмен саудасаттықты арттыруға әлі де айтарлықтай әлеует бар, – деді ол.
Мемлекет басшысы өнеркәсіп, автокөлік шығару, құрылыс секторы, энергетика салаларында соңғы жылдары айтарлықтай табысқа қол жеткенін атап өтіп, тараптар бұл бағыттағы ынтымақтастықты кезең-кезеңімен кеңейту жұмыстарын жалғастыруға келіскеніне тоқталды.
– Ауыл шаруашылығы саласындағы байланыстарды нығайту басым міндет ретінде белгіленді. Аталған бағытты өрістетуге Қазақстан мен Өзбекстанның жеткілікті ресурстары бар, өнеркәсіп және кадр әлеуеті де жоғары. Елдеріміз өз мүмкіндіктерін біріктіру арқылы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтағы орнын күшейте алады. Агроөнеркәсіп кешеніндегі бірқатар жоба, соның ішінде бидай мен етсүт өнімдерін өңдеу мәселелері пысықталуда. Агросектордағы бірлескен жобаларға жанжақты қолдау көрсетуге келістік, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, іскерлік топтар арасындағы байланыстарды одан әрі кеңейту қажет.
– Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 6 мыңнан аса кәсіпорын табысты жұмыс істейді. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты арттыруға, өзбек бизнесінің өркен жаюына қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Өңірлер арасындағы ықпалдастықтың күшеюі – оң үрдіс. Бұрынғы Өңіраралық форум Өңір басшыларының кеңесі ретінде қайта құрылып, ұдайы қызмет атқарады. Бұл шешім біздің ниетіміз бен осы құрылымға артқан үмітіміздің қаншалықты салмақты екенін байқатады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазақ-өзбек шекарасында ашылатын Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы өзара сауданы дамытуға соны серпін беретініне тоқталды. Тағы бір перспективті бағыт – құрылыс саласы. Қазақстандық компаниялар «Жаңа Ташкент» қала құрылысы жобаларына, сондай-ақ тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салуға белсенді түрде атсалысып жатыр. Бұған дейінгі келісімдерге сәйкес Ташкентте «Astana», Астанада «Tashkent» қонақ үйлері бой көтереді. Келіссөздердің бір парасы көлік-транзит саласын дамытуға арналған. Қазақстан мен Өзбекстан аумағы арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі артқан.
– Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасында теміржолмен тасымалдау көлемі 15 пайыздан аса өсіп, 22 миллион тоннадан асты. Алдағы уақытта да бірлесе отырып, тариф саясатын жетілдіруге, жүк тасымалы шарттарын жеңілдетуге, шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғыртуға және кеден жүйесін цифрландыруға келістік. Бұл қадамдар елдеріміздің көлік байланысын нығайтатынына сенімдімін, – деді Президент.
Энергетика саласында маңызды жобаларды бірлесіп жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда.
– «Ресей – Қазақстан – Өзбекстан» газ жобасы табысты нәтиже көрсетті. Бірлескен күш-жігеріміз арқылы көгілдір отынды тасымалдау көлемін арттыруға ниеттіміз. Бұдан бөлек, мұнай мен атом өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің перспективасы зор. Тату көршілік, өзара құрмет рухында және бірбіріміздің мүдделерімізді ескере отырып, су энергетикасы саласындағы әлеуетімізді үйлестіру қажет екенін атап өттік. Бұл бағытта сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға бейілміз. Су саласына цифрлық шешімдерді енгізуге, су ресурстарын есепке алу мен мониторингтеу жүйесін бірлесе дамытуға басымдық береміз. Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект бағытындағы ықпалдастықты күшейтудің келешегі мол. Бұл ретте елдеріміздің дербес жобалары бар. Оларды бірлесіп дамыту бүкіл Орталық Азияға мультипликативті әсер берер еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ мемлекеттер арасындағы орнықты және ұзақ мерзімді қарымқатынас орнатудың кепілі ретінде мәденигуманитарлық байланыстарды тереңдетуге баса мән берілді.
– Мәдениет күндерін алма-кезек өткізу, шығармашылық өкілдерінің байланысын жолға қою, көрнекті тұлғаларға ескерткіштер ашу – мұның барлығы бауырлас халықтар үшін өте қажет дүниелер. Білім мен ғылым саласындағы бірлескен жұмыс перспективасы, жастар арасында қарым-қатынас орнату мәселелері де талқыланды. Күні кеше Қазақстан мен Өзбекстан жастарының кезекті конгресі өтті. Бұл бағыттағы айтарлықтай ілгерілеудің жарқын үлгісі ретінде былтыр екі елдің жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды. Біз университеттер арасындағы ықпалдастықты нығайтуды, академиялық алмасу бағдарламаларын көбейтуді, бірлескен ғылыми форумдар мен тағылымдама өткізуді көздейміз. Қазіргі уақытта Өзбекстанның бай мәденитарихи мұраларына қазақ туристерінің зор қызығушылығы байқалады. Былтыр олардың саны үш миллионға жетті. Бұл саланың әлеуетін аша түсу үшін үкіметтерімізге бірлескен туристік жобаларды дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырдық, – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөздер барысында президенттер өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша ұстанымдары ортақ екенін тағы да растаған.
– Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән бердік. Өңірдің орнықты дамуы – барлық бауырлас халықтардың түпкі мүдделеріне сай келетін ортақ мақсатымыз. Ертең біз Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 7-ші консультативтік кездесуіне қатысамыз. Қазақстан барлық деңгейде тығыз байланыс орнатып, ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін енгізген өзбек тарапының төрағалығын жоғары бағалайды. Консультативтік кездесулер форматының нормативтікқұқықтық және институционалдық негізін нығайтуға бағытталған маңызды құжаттар қабылданды. Ертеңгі Саммит біздің сан қырлы ықпалдастығымызды дамытуда тағы бір маңызды кезең болатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Мемлекет басшысы келіссөздер қорытындысына көңілі толатынын жеткізіп, Президент Шавкат Мирзиёевке айрықша қонақжай көңілі үшін ризашылығын білдірді. Шавкат Мирзиёев бүгінгі келіссөздер екіжақты ықпалдастықтың кең көлемді бағыттарын нығайтуда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл сапары екі ел арасындағы одақтастық қатынастардың деңгейі жоғары екенін тағы да растады. Аталған сапар біздің көпжоспарлы ынтымақтастығымыздың жаңа тарихындағы айтулы оқиғаға айналды және байланыстарымызды арттыруға тың серпін берді. Қол жеткізілген уағдаластықтар мен келісімдер серіктестігімізді нақты мазмұнмен толықтырып, бірлескен жобалардың көкжиегін кеңейтіп, бауырлас екі елдің дамуына берік негіз қалайды, – деді Өзбекстан Президенті.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне айрықша назар аударды.
– Қазақстанда мемлекеттік басқарудың тиімділігін және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға және IT технологияларды дамытуға баса мән беріледі. Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды, осы саладағы Зерттеу университетінің негізі қалануда, ұлттық суперкомпьютер іске қосылды. Жалпы, Қазақстанды цифрлық елге айналдыру міндеті қойылды. Өзбекстан да цифрландыруға және жасанды интеллект технологиясын дамытуға бағыт алғанын білеміз. Аталған салада бірқатар жетістікке қол жеткізді. Өзбек компанияларын тығыз ынтымақтастық орнатып, осынау келешегі зор салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз. Astana Hub пен IT Park Uzbekistan арасындағы ынтымақтастық осындай табысты синергияға мысал бола алады, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, мәдени-гуманитарлық байланыстардың өрісі кеңейе бастады. Бұл ретте Президент мәдениет күндерін өткізу, шығармашылық интеллигенция, жастар арасында белсенді диалог қалыптастыру, көрнекті тұлғаларға ескерткіш орнату, сондай-ақ Өзбекстан мен Қазақстан жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мәселелерін қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізілген уағдаластықтар қос халықтың игілігі жолында сан қырлы байланыстарды одан әрі тереңдетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.
Өзбекстан Президенті екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде Жоғары мемлекетаралық кеңес маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
– Біздің қарым-қатынастарымыз стратегиялық серіктестікпен одақтастықтың жоғары деңгейіне көтерілді. Оның негізінде берік сенім, бауырлас халықтарымыздың арасындағы тату көршілік және шынайы достық жатыр. Былтыр құрылған Жоғары мемлекетаралық кеңес өзектілігі мен тиімділігін көрсетті. Бүгін екінші отырыста біз өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын және зор әлеуетіміздің тың мүмкіндерін танытудың жолдарын жан-жақты талқылаймыз. Сан қырлы серіктестігімізді кеңейтуге айтарлықтай серпін беретін шешімдер қабылдаймыз. Қазіргі алмағайып кезеңде елдеріміздің және тұтас аймақтың экономикалық конъюнктурасына оң әсер ететін тығыз және проактивті ықпалдастық ерекше мәнге ие, – деді Шавкат Мирзиёев.
Қазақстанның табыстарына шын жүректен қуанамыз
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері бірлескен жобаларды іске қосу рәсіміне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев видео байланыс арқылы Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен жобаларын іске қосу рәсіміне қатысты. Тараптар өнеркәсіп, құрылыс, мұнай-газ химиясы, қаржы, логистика және туризм салаларында жалпы құны 1,2 миллиард доллар болатын 7 жоба әзірлеген. Мемлекеттер басшылары символикалық түймені басып, бірнеше жобаны бастап берді.
Атап айтқанда, Сырдария және Түркістан облыстарында «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы, Ташкентте «Tenge Bank» бас кеңсесі қызметіне кірісті. Сондай-ақ Ташкент облысында көпбейінді логистика орталығының, Жаңа Ташкентте «Астана» тұрғын үй орамының, Қашқадария облысында алкилбензол өндіретін мұнайгаз химиясы кешенінің, Жаңа Ташкентте «Астана» қонақ үйінің, ал елордамызда «Ташкент» қонақ үйінің құрылысы басталды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Өзбекстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы табысталды. Президент Шавкат Мирзиёев Мемлекет басшысын «Олий Даражали Дустлик» («Жоғары дәрежелі достық») орденімен марапаттады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл марапатты жеке өзіне ғана емес, тұтас Қазақстан халқына көрсетілген шексіз құрметтің белгісі ретінде қабыл алғанын атап өтті. Сонымен қатар өзбек көшбасшысының екі ел арасындағы достық пен тату көршілік байланысты нығайтуға қосқан үлесін айрықша бағалайтынын жеткізді.
– Бұл жоғары награда достық, бейбітшілік және құрмет секілді қазақстандықтардың жанына жақын құндылықтарды әрі сонымен үндес өзбек халқының рухын айшықтайды. Орденнің атауы елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың мазмұнын дәлме-дәл сипаттайды. Қазақстан мен Өзбекстанның достығы – баға жетпес байлығымыз. Біз оны көзіміздің қарашығындай сақтап, бауырлас халықтардың игілігі үшін өркендетеміз. Бірлескен қажыр-қайраттың арқасында қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын ұдайы жаңа мазмұнмен байыта береміз деп сенемін. Ұлы Абай мен Науаи достықтың озық үлгісін дәріптеп, өзара сенім халықтардың татулығын нығайтатынын, бір-біріне құрмет оны шыңдай түсетінін насихат етті. Осы өсиетке сүйеніп, біз Өзбекстанмен бауырластық одақты нығайтуға баса мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Өзбекстан Президенті Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамудағы жетістіктері мен елдің халықаралық аренадағы табыстары Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімімен тікелей байланысты екеніне тоқталды
– Осындай салтанатты рәсімде Сізге, еліміздің шын жанашырына Өзбекстанның жоғары мемлекеттік наградасы – жоғары дәрежелі «Дустлик» орденін табыстау мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – көпұлтты Өзбекстан халқының Қазақстан Республикасы Президентінің ерен еңбегіне көрсеткен құрметі мен шынайы бағасы. Біздің еліміз Сізді бүкіл әлем білетін көрнекті мемлекет және саяси қайраткер ретінде жақсы таниды. Сіздің парасатты басшылығыңызбен Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Барлық салада жарқын жетістіктер бар. Қазақстандықтардың әл-ауқаты тұрақты түрде артып келеді. Ең бастысы, халқыңыздың ертеңге деген сенімі зор. Біз жақын дос әрі көрші ретінде Қазақстанның табыстарына шын жүректен қуанамыз, – деді Шавкат Мирзиёев.
Қонақжайлығы үшін ризашылығын білдірді
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентіне алғыс айтып, хат жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке 14- 16 қараша күндері Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапары барысында Қазақстан делегациясына көрсеткен қонақжайлығы үшін ризашылығын білдірді. Президент хатта екі елдің стратегиялық серіктестік және одақтастық қарым-қатынастарын нығайтуға тың серпін берген бұл сапардың тарихи мәніне тоқталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкентте ұйымдастырылған Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне жоғары баға берді. Мемлекет басшысының пікірінше, өңірлік ықпалдастықтың барлық бағыты бойынша өрбіген мазмұнды пікірталастар, қабылданған маңызды шешімдер мен құжаттар, сондайақ диалогқа Әзербайжанның толық құқылы мүше ретінде қосылуы форумның стратегиялық сипатын арттыра түсті.
Дайындаған Фариза ӘБДІКЕРІМОВА
Ұқсас жаңалықтар
Жетістікке жету жолында еңбек етеміз
- 6 желтоқсан, 2025
Су ресурсын басқарудың тиімді жолы қандай?
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




