Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, лирик ақын Күләш Ахметованың қайтыс болуына байланысты орны толмас қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамыз. Күләш апамыз қайталанбас туындыларымен қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан қаламгер.
Ақынның нәзіктік пен сезімді және адамдық пен адалдықты жырлайтын шығармалары ұлттық поэзиямыздың алтын қорына қосылған құнды қазына болып қала береді.
Апамыздың ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі әрдайым жадымызда сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын.
Мәулен ӘШІМБАЕВ
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы.
***
Ахметовтер отбасына
Ел арасында еңбегімен, парасатымен, адамдық болмысымен сый-құрметке ие болған халыққа белгілі қаламгер – Күләш Ділдәқызы Ахметованың қайтыс болуына байланысты жақындары мен туған-туыстарына орны толмас ауыр қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын.
Күләш Ахметова – өз ғұмырын ел игілігіне арнап, бар болмысымен халқына қызмет еткен абыройлы тұлға еді. Оның әрбір ісі мен сөзі халыққа деген адал ниетінен, елдік мүддеге деген жауапкершілігінен туып отырды.
Марқұмның ел үшін жасаған еңбегі өскелең ұрпақтың өміріне бағытбағдар берген бағалы мұра. Оның елдік мәселелерге деген көзқарасы, қоғамға қосқан үлесі, кейінгі буынға үлгі болып қала бермек.
Орны толмас қазаның қайғысына ортақпын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Ерлан ҚОШАНОВ
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы.
***
Қазақ әдебиеті мен қасиетті Жамбыл өңірі орны толмас ауыр қазаға душар болды. 80 жасқа қараған шағында қазақ поэзиясының ақ гүлі, жүректен төгілген жырдың иесі, сыршыл сөздің сөнбес шамшырағы – Күләш Ділдәқызы Ахметова апамыз мәңгілік сапарға аттанды. Қазақтың әр шаңырағында оқылған, сан жүрекке тәлім болған Күләш апамыздың әрбір өлеңі – мейірім мен адамгершілікке толы тұтас бір әлем, әрбір сөзі – ұлт руханиятының тереңінен тербейтін қастерлі қазына еді. Оның жырларынан ізгіліктің исі аңқып, ұлттың тағдыры мен ана тіліміздің тұнық үні қатар естіліп тұратын.
Апамызбен әрдайым рухани байланыста болу – үлкен мәртебе еді. Апамыз қашанда ақкөңіл қалпын жоғалтпай, аналық мейірімімен айналасына шуақ шашып, ел мен жердің амандығын тілеп отыратын. Артынан ерген іні-қарындастарына, шәкірттеріне әрдайым ақ батасын беріп, жүрек жылуын аямайтын.
«Сен – қазақсың! Қазақ едің туғанда! Онда дүние тағылымынан үлгі ал да, Ата жұрттан, Ана тілден айырылма, Төбеңде Күн, төменде Жер тұрғанда!», – деп асқақ рухпен жырлаған поэзия ханшайымының есімі мен мол мұрасы қалың оқырманының жадында мәңгілікке жаңғырып тұратыны анық.
Бұл жолдар – ұлт рухының биіктігін көрсеткен ұлы ұстаным, қазақтың әр перзентіне арнаған өсиеті болып қала бермек. Күләш апамыздың адами болмысы да, ақындық әлемі де – тұтас бір ұлттың мақтанышы. Ол артына баға жетпес мұра, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани қазына қалдырды. Көрнекті ақынның өмірлік серігі Қайырбек Асановқа, отбасы мен жақын-туыстарына, барша оқырман қауымға қайғырып көңіл айтамын.
Бұл – тек бір әулеттің емес, күллі қазақтың қабырғасын қайыстырған ауыр қаза. Марқұмның иманы жолдас болып, жатқан жері нұрға толсын. Ұлттың ұлы ақыны, поэзияның ақ гүлі – Күләш Ділдәқызы Ахметованың рухы қазақ даласының әр қиырында мәңгілік жаңғырып тұра бермек. Күләш Ділдәқызы тек өлең жазумен ғана шектелген жоқ. Тәуелсіз еліміздің патриоты болды. Айналаға жақсылық пен ізгіліктің нұрын таратты.
Күләш әпкеміздің мейірімі мен жылы жүрегін жақсы көрдім. Бұл шаңыраққа жиі келіп, апаймен әңгімелесіп тұрушы едім. Енді ақынның өрелі өлеңдері қазақ еліне қызмет ете береді. Аяулы ақынның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай.
Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ
Жамбыл облысының әкімі
***
Бүгін елім деп туған тұлғаларымыздың бірі, көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ділдәқызы қайтпас сапарға аттанды деген суық хабар қайғыға бөледі. Қазақ әдебиетінің алтын қорына ерекше із қалдырған, нәзік лиризммен және азаматтық асқақ үнмен жазылған жырлары арқылы көптеген жүректі елдік еткен Күләш апамыздың өмірден озғаны – баршамыз үшін ауыр қаза.
Күләш Ділдәқызының шығармашылық еңбектері қазақтың қазынасында мәңгілік қалатыны сөзсіз, өйткені Күләш апамыздың намыс пен парыз, махаббат пен Отанына деген шексіз сүйіспеншілік сезімімен өрілген шығармашылығы – ұлт руханиятының бір бөлігіне айналды. Осындай қаралы күні сіздерге шынайы көңіл айтамын және қайғыларыңызға ортақ екенімді білдіремін.
Апамыздың жаны жәннатта, топырағы торқа болсын.
Бақытжан САҒЫНТАЕВ
Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа төрағасы.
***
Құрметті Асановтар әулеті! Аяулы жар, асыл ана, «Қазақ поэзиясының ақ гүлі» атанған, белгілі ақын, Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан Күләш Ахметованың 80 жасқа қараған шағында өмірден өткені туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Күләш Ахметова – поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, талай буынның рухани тәрбиесіне ықпал еткен көрнекті тұлға еді. Оның жүрек тербеткен жырлары мен елге сіңірген еңбегі халық жадында мәңгі сақталады.
Күләш Ахметованың нұрлы бейнесі мен артында қалған мол мұрасы халқымыздың рухани қазынасында әрдайым жаңғырып тұрарына сенемін. Ақынның өмірлік серігі Қайырбек Асановқа, балалары, туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Осындай ауыр сәтте сіздерге сабыр мен жігер тілеймін.
Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!
Нұржан НҰРЖІГІТОВ
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі.
***
Алыптар шоғырының тағы бір қоңыраулы аруанасы көшінің бетін бақиға қарай бұрды. Қазақ әдебиеті аяулы ақыннан айырылып қара жамылды. Көкірегі қарс айырылған қалың оқырманға, қатар тұрған қос шынардың бірі Қайырбек ағамызға, Тараз жұртына қайғыра көңіл айтамын. Қайырбек аға мен Күләш апамыздың әулетін жақсы білемін.
Сөздің киесі қонған қос ақынның шаңырағынан талай дәм татып, жарасымды жұптың өнегелі өміріне тәнті болдық. Таразда қызмет еткен жылдары да, одан кейін де арамыз суымай араласып тұрдық. Күләш апамыз қазақтың дәстүріне берік, айналасына үлгі, поэзияға адал аяулы ақын еді. Жырларында үнемі адалдық пен махаббатты ту етіп, қазақ дәстүрі мен ұлт болмысын аспандата жырлап, асқақтата бейнелегені баршаға белгілі.
Қайырылмас қазаның кезегі келсе, кім болса да қара жердегі қайтпас мекеніне аттанбақ. Қазақ мұны «Ай бітсе ай да өлер, күні бітсе күн де өлер» дейді. Қара жамылған әулетке, қалың қауымға, әсіресе, қанаты қайырылған Қайырбек ағаға тағы да көңіл айтамын.
Апамыздың жатқан жері жайлы, иманы саламат болғай!
Берік УӘЛИ
Абай облысының әкімі.
***
Жалғыз еді. Кеңе с Одағының алғашқы құрылған жылдарында қазақ поэзиясында Шолпан Иманбаева деген ақын әйел жалғыз жүрді. 1940 жылдары Мариям Хакімжанованың, 1950 жылдары Тұрсынхан Әбдірахманованың, 1960 жылдары Қанипа Бұғыбаеваның есімдері солай жалғыз дара аталып жүрді. Ал 1970 жылдары Күләш Ахметова, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереевалар әдебиетке жаңа леп, серпін әкелді.
Қыздар поэзиясының қызғалдақтары болды. Олар қазақ поэзиясына қырдың шоғыр қызғалдағы секілді нәр берді. Қыздар поэзиясы нәзіктігімен, тереңдігімен, сұлулығымен ерекше болады. Ақын қыздардың үнімен қазақ поэзиясы үлкен биік тұғырға көтерілді. Сол поэзияның биік деңгейіне үлес қосқан дара ақынның бірегейі Күләш Ахметова еді.
Күләш Ділдәқызы алапат ақындығынан бөлек, мықты журналист те болды. Оның республикалық «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттеріне жарияланған көркем очерктері мен сын мақалалары оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Өзекті мәселені ерекше көтере білді. Алғаш Күләш ақын жайлы әдебиеттің көрнекті өкілі Әбілда Тәжібаев «Ахметова – ақын» деген мақала жазды. Міне осы мақала Күләш поэзиясына берілген оң баға болып, ақынға қанат бітіргені анық. Көп ұзамай 1978 жылы Күләш Ділдәқызы Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанса, 2000 жылдардың басында Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.
Соңғы 15 жыл көлемінде Күләш Ділдәқызы асыл жары, белгілі ақын Қайырбек Асанов екеуі Тараз қаласында тұрды. Жамбыл жұртшылығы, облыс әкімдігі көрнекті ақынды жаман қарсы алған жоқ. Кең пәтер беріп, елмен етене араласуларына мүмкіндік жасады. Кейінірек зәулім, жақсы үйдің де реті келді. Жамбылдық ақын-жазушыларға 80 жас деген қиын белес болды деп айтып жүруші едім.
Көрнекті ақын Жақсылық Сәтібеков, белгілі қаламгерлер Кәрім Баялиев, Мейірхан Қуанышбаев, Арғынбай Бекбосын мен Әлдихан Қалдыбаев 80 жасқа келе алмады. Енді Күләш Ділдәқызы да осынау белеске 5 ай уақыт қалғанда өмірден озып отыр. Амал қанша, жазмыштан озмыш жоқ. Құрдасым Қайырбек Асановқа бекем бол демекпін.
Аяулы ақынның жаны жәннатта, топырағы торқа болғай!
Елен ӘЛІМЖАН
жазушы-драматург.
***
Қазақ әдебиетінде «Соғыстан соң туғандар» дейтін ұлы буынның ірі өкілі, «Қазақ поэзиясының ақ гүлі» атанған ақын Күләш Ахметованың өмірден өтуі бәрімізге де ауыр тиді. Жұма күні екі кештің арасында қазақ өлеңі қара жамылды. Төбемізден жай түскендей күй кештік. Шын ақынды, шынайы талантты бүкіл қазақ даласы егіле жоқтап тұрды. Жамбыл жұртшылығы да жабырқап, көңілсіз күйге түсті. Күләш Ахметова апайымыз бәрімізге, әсіресе жастарға жанашыр қасиетті кісі еді.
Ақынның кейінгі жылдары Тараз қаласында тұрып, елдің ортасында болғаны да бәріміз үшін мерей, мәртебе болатын. Жары Қайырбек Асанов ағамыз екеуі берекелі ғұмыр кешті. Қос ақынның бір-біріне деген ізет-құрметі қандай керемет еді.
Күләш апайымыздың жаны мейірімді, жырлары мөлдір, өмірі шуақты жан болды. Талай рет дастарқанынан дәм таттық, құрметін көрдік, қолдауын сезіндік. Аналық аппақ мейірімі әрқашан жанымызды толқытып тұратын. Бір ғажап қасиеті – өте тәубешіл, бірақ шыншыл, таза жан еді. Бір адам туралы жаман сөз айтқанын көрген емеспіз. Үнемі өзінен гөрі өзгені талантты, мықты деп отыратын. Әрине, мұның бәрі де бүгінге көбімізге жетпей жатқан қасиет. Ақындығы қандай биік болса, адамдығы да сондай биік тұлға еді.
Қарашаның құсы қайтқан көңілсіз шақта Күләш Ахметова апайымызды ақтық сапарға шығарып салдық. Асыл адамды қара жерге қимадық. Өзі ақын көңілімен жақсы көрген, жырлаған ерке Талас өзенінің бойынан мәңгілік мекенін тапты. Қазақ руханияты бар кезде Күләш Ахметова есімі ұмытылмайды. Аяулы ақынды біз де ұмытпаймыз.
Сұхбаттарында ылғи да менің атымды айтып, үміт күтемін дейтін. Сондай ғажап тұлғаның көзін көріп, жақсы сөзін тыңдағаным үшін өзімді бақытты санаймын.
Ақын есімі әрқашан жүрек төрінде. Ұмытпаймыз.
Хамит ЕСАМАН
ақын, облыс әкімінің кеңесшісі,
Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облысындағы өкілі.
Ұқсас жаңалықтар
Таза ауыз сумен 19 елді мекен қамтылды
- 6 желтоқсан, 2025
Масылдық неге дендеп барады?
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




