Құқық саласындағы мемлекеттік тілдің жағдайын саралап, шешім іздегенде алдымызға бір-бірімен сабақтасып жатқан, бірінің шешілуі екіншісіне байланысты бірнеше мәселе шығады. Осынау мәселелер күн тәртібіне алынып, зерттеліп, жүйелі жоспарлы түрде қолға алынса, мемлекетіміздің құқық жүйесі толығымен мемлекеттік тілге көшетініне сенім мол.
Біріншісі, қолданыстағы қазақша заң мәтіндеріндегі ақаулар мәселесі. Жоғарыда айтылғандай, түпнұсқасы орысша дайындалып, қазақшасы ала-құла аудармамен ұсынылған, терминологиялық бірізділік сақталмаған, сөйлем құрлымы ауыр, жасанды, кей кезде қазақшаға жетік кәсіби заңгерлердің өзі түсінбей қиналатын, жұмысқа жарамсыз заңдар, заңнамалық актілер мен құқықтық құжаттар – қазіргі өміріміздің шындығы.
Бұл ретте құқық саласында қазақша аударма жасау, әсіресе заңнамалық актілерді мемлекеттік тілге аударудың жеңіл шаруа емес екенін де мойындаған жөн. Кәсіби заңгер мамандардың пікірінше, Ата Заңымыздан бастап заңнамалық иерархиямен төмен түскенде әр сатыдағы, әр деңгейдегі, кез келген құқықтық актінің мәтіні ақаудан ада емес. Тіпті кей кодекстер мен заңдардың орысша және қазақша мәтіндерінің арасындағы ауытқулардан туындаған мағына қателері азаматтарымыздың тағдырына теріс ықпал ететіндей қауіпті деңгейде. Бұл саладағы мемлекеттік тілдің жағдайы саралағанда алдымыздан шығатын екінші мәселе – еліміздегі заң шығармашылығының жай-күйі. Яғни, заңдарды қазіргідей орысшадан аудармай, әуел бастан мемлекеттік тіл – қазақ тілінде жазу мәселесі.
Алдында ескертілгендей, құқық жүйесіндегі мемлекеттік тілдің проблемалары бір-бірімен сабақтасып, араларында себеп-салдар қатынасы бар мәселелер. Заң мәтіндеріндегі ақаулардың басты себебі – заңдардың о баста, түпнұсқада қазақша жазылмауында, заң шығармашылығының қазақша дамымай, сол бұрынғы әдетімен орысша жалғасуында деп пайымдауға толық негіз бар. Қазіргі таңда заңнамалық актілердің қазақшасын оқу да, түсіну де қиын. Сондықтан қарапайым азаматтарды былай қойғанда, қазақ тілінде құқықтық қызмет көрсетіп жүрген кәсіби адвокаттар мен құқықтық кеңесшілердің өздері мемлекеттік тілде жазылған заңдарды орыс тіліндегі нұсқасымен салыстыра отырып, оқығанда ғана толық түсінетіндерін айтады.
Негізінен заңдардың мәтіні дәйекті, қарапайым халыққа ұғынықты тілмен, құқық техникасына сай, қисынды жазылуы керек. Сонда ғана құқықтық реттеу қажеттілігінің мақсаты орындалып, азаматтардың өздеріне арналған заңдарда қамтылған нормативтік ұйғарымдарды дұрыс түсінуі, баяндалған құқық нормаларының талаптарын дұрыс қабылдауы қамтамасыз етіледі. Үшінші мәселе – сот жүйесіндегі тілдік ахуал.
Елімізде, әсіресе қалалық жерлерде сот процестерінің басым бөлігі орыс тілінде өтетіні белгілі. Мұны кеңестік дәуірден бері сот практикасының, іс қағаздарын жүргізудің, кәсіби терминологияның орыс тілінде қалыптасуымен түсіндіруге болады. Жоғарыда айтылғандай, заңның орысша нұсқасы түсініктірек, жылдар бойы орысша жазылып келген, дайын үлгідегі процессуалдық құжаттарды қолдану ыңғайлырақ болғандықтан, арыздар да сол тілде жазылады, сот пен прокурорға да сол тілде жұмыс істеген тыныш. Мәселен, азаматтық іс жүргізудің тілі талапарыз берілген тіл негізінде анықталатындықтан, сотқа алғаш арызды мемлекеттік тілде беру арқылы процестің қазақ тілінде жүргізілуін талап етуге болады. Алайда сот тәжірибесінде бұл ережеге қатысты да түйткілдер жоқ емес.
Қазақша құқықтық қызмет ұсынатын адвокаттар мен құқықтық кеңесшілер талапарызды қазақша беріп, сот ісін жүргізудің тілін өз ыңғайларына келтіргенімен, процес барысында түрлі себептермен, кейде шарасыздықтан артқа шегінуге мәжбүр болатындарын өкінішпен айтады. Оларды бұл қадамға – сотқа дейінгі тергеу амалдарын қазақша жүргізетін тергеушінің табылмауы, мемлекеттік тілге қиналған қарсы тараптың, прокурор мен соттың өтініші сондай-ақ дәлелдер мен құжаттардың, нормативтік дереққор мен заңнаманың толығымен орыс тілінде болуы, уақыт үнемдеу сияқты факторлар итермелейтін көрінеді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, қазақ тілді халық саны қарқындап артқанымен, соттарда мемлекеттік тілде жүретін істердің саны ол қарқынға ілеспей жатыр. Мұның себебі – халықтың өз тілінде қызмет алғысы келмеуі емес, керісінше сот жүйеміздің, адвокаттар мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығының мемлекеттік тілге жетік кадр тапшылығынан қазақ тілді аудиторияның сұранысына жауап бере алмауынан деп болжауға негіз бар. Бұл – жедел түрде түзетуді талап ететін олқылық.
Төртінші мәселе – еліміздің құқық жүйесін толығымен мемлекеттік тілге көшіру үшін сонымен қатар қолданыстағы заң мәтіндеріндегі ақауларды түзетіп, заңдарды ең басынан қазақ тілінде жазуды бастап, сот процестерін толығымен мемлекеттік тілде жүргізу үшін сапалы қазақ тілді заңгерлер керек. Ал құқық жүйемізге ауадай қажет бұл заңгерлерді қалай даярламақпыз?
Деректерге көз жүгіртсек, елімізде 61 жоғары оқу орны заңгер мамандарды даярлаумен айналысады екен. 20 миллионнан сәл-ақ асатын халқы бар ел үшін бұл сан аз емес. Тіпті кейбір мамандардың пайымдауынша, бұл сан әлемдік статистикамен сәйкестірілгенде біз үшін өте көп және бұл – көптік түлектердің білім деңгейінің төмен болуына ықпал етуші факторлардың бірі. Негізінен әр облысқа және республикалық деңгейдегі қалаға құқықтық кадрлар даярлайтын бір-бір жоғары оқу орны жеткілікті.
Баршаға мәлім, қазақстандық қоғамның сұранысына жауап беретін, қазақшаға жетік, теориялық және практикалық тұрғыдан мықты заңгер кадрлар даярлаудың басты шарты – осы аталған ерекшеліктерді өз бойына жинаған мықты профессура, заңгер ғалымдардың болуы. Жасыратыны жоқ, бертінге дейін құқықтық білім беруде орыс тілінің үстемдігі жүріп тұрды.
Заң факультеттерінде алғашқы қазақша бөлім 1989 жылы ашылған екен. Бірақ қазақша ғалымдар мен оқытушы кадрларды даярлау ісі тек 2000-жылдарда ғана қарқын ала бастады. Проблеманың басты түйіні – қазақша құқық оқытатын, мемлекетімізге заңгер кадрлар даярлайтын заң факультеттерінің өздері кадрға зәру. Мұның басты себептерінің бірі – заң факультеттері өздеріне ғылыми кадр даярлайтын, ғалымдар арасындағы ұрпақтар сабақтастығын үзбей жалғастыратын ғылыми мектептерді қалыптастыра алмады. Сондықтан заңгер ғалымның, құқық саласындағы университет профессорының қоғамдағы орны, мәртебесі де төмен.
Германия, Франция, Швейцария сияқты елдер заң үстемдігі орнаған, заңға құрмет ең жоғары деңгейге жеткен елдерде заңгерлердің де қоғамдағы беделі өте жоғары болады. Ал осы заңгерлерді даярлайтын заң факультеттеріндегі профессорғалымдардың беделі одан да асқақ. Өйткені әрбір заңгер профессор, біріншіден, ғасырлар бойы қалыптасқан, сол елдердің құқығы мен демократиясының, қоғамдық қатынастарының реттеушісі саналатын заңдарының қалыптасуына тікелей ықпал еткен ғылыми мектептердің өкілі.
Екіншіден, Еуропалық құқық профессорлары құқықтың теориясы мен практикасын әрқашан бірге алып жүреді. Осылайша бір жағынан аудиторияда дәріс оқыса, екінші жағынан сол теориялық білімді іс жүзінде, құқық практикасында қолданушы заңгер-сот, адвокат, кеңесші болып қызмет атқарады.
Үшіншіден, ол мемлекеттерде заң жобаларының дайындалуында мемлекеттік орган емес, тиісті салада беделді заңгер ғалымдар мен ғылыми мектептердің сөзі өтімдірек.
Төртіншіден, оларда доктрина яғни, заңгер ғалымдардың эксперттік ой-пікірі құқықтың қайнар көзі ретінде заңмен бекітілген. Сондықтан соттар үкім шығарғанда, тараптар дауласқанда өз ұстанымдарын дәйектеу үшін заңға қалай сүйенсе, сол салада беделді профессордың пікіріне де солай сүйене алады.
Біздің құқық саласындағы профессорлар мен оқытушылардың көпшілігінің басты олқылығы – практикадан, қолданбалы құқықтан алшақтап кетулерінде. Яғни, көп жағдайда университет оқытушысы өзі оқытып жатқан пәніне қатысты заңнамадағы өзгерістерден және сот практикасындағы даулы мәселелерден бейхабар болады. Сондықтан ол пәнді оқып шыққан студенттің шынайы өмірде жұмысқа тұрғанда тиісті мәселеге қатысты кәсіби дағдысы кем болатыны, айтпаса да түсінікті. Осыдан кейін жұмыс берушілер «заң факультеттерінің түлектрі практикалық жұмысқа икемсіз, заңды білсе де қолданысынан, сот тәжірибесінен хабары жоқ» деген шағымдар көп айтылады.
Бүгін елімізде болып жатқан қоғамдық-саяси үдерістерді сондай-ақ осы үдерістерге сәйкес ұлттық сана-сезімде болып жатқан өзгерістердің қарқынын ескерсек, жақын келешекте жаңа қазақстандық қоғамның мемлекеттік тілдің қолданыс аясын тез арада кеңейтуді талап ететінін болжау қиын емес. Біз көтеріп отырған мәселенің барлығы – қолданыстағы заңдардың ақаулары, қазақша заң әдебиеттерінің жеткіліксіздігі, заңдардың мемлекеттік тілде жазылмауы, қазақша құқық терминологиясының, сот практикасы мен іс қағаздарын жүргізу тілінің қалыптаспауының түйіні де, шешімі де айналып келгенде кадр, сапалы маман мәселесіне келіп тіреледі Ең бастысы, Әділетті Қазақстанның қайта түлеп, дамуы мемлекеттік тілсіз, оның жоспарлы түрде құқық жүйесінің барлық саласында қолданысқа енуінсіз мүмкін емес екенін түсінуіміз керек.
Осы ретте Ахмет Байтұрсынұлының: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалмақ» деген ескертуін әрдайым есте сақтағанымыз жөн.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Дропперліктен аулақ бол!
- 6 желтоқсан, 2025
Тараптар арасындағы дау медиациямен шешіледі
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




