«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақстан – АҚШ қарым-қатынасында жаңа дәуір басталды

Қазақстан – АҚШ қарым-қатынасында жаңа дәуір басталды
Автор
Өткен аптаның ортасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Вашингтонға барды. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар барысында Мемлекет басшысы АҚШ Президентімен келіссөз жүргізіп, «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы АҚШ Мемлекеттік хатшысы мен президент әкімшілігінің өкілдерімен, америкалық сенатормен, John Deere компаниясының ТМД және Орталық Азия елдері бойынша президентімен және америкалық конгрессмендермен кездесіп, АҚШ-тың танымал басылымдарына сұхбат берді. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан және АҚШ арасында аса маңызды минералдар саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

17 миллиардтық келісім және стратегиялық серіктестік

6 қараша күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамп келіссөз жүргізді. Ақорданың хабарлауынша, Ақ үйдегі кездесуде Мемлекет басшысы Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжай көңілі үшін АҚШ Президентіне ризашылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың президенттік лауазымының тарихи сипатына тоқталып, оның басшылығымен АҚШ әлемнің жетекші экономикалық, саяси және технологиялық державасы ретіндегі позициясын күшейтіп келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Америка көшбасшысы жер жүзінің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Мемлекет басшысы Қазақстан АҚШ Президентінің бітімгерлік бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді. Соның ішінде келешекте Орта дәліздің бір бөлігіне айналатын «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолына» (TRIPP) ерекше назар аударды. Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен көпжоспарлы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті екенін растады. Сапар аясында жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

Әңгімелесу барысында екі жақты ықпалдастықтың кең көлемдегі мәселелері жан-жақты талқыланды, өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективті бағыттары нақтыланды. Сонымен қатар президенттер халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Ресми кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп еркін форматта әңгімелесті. Қазақстан Президенті Ақ үйдің іргесінде тұрып, жаңадан салынып жатқан салтанат сарайының құрылысын көрді.

Қазақстан Авраам келісімдеріне қосылды

Ақ үйдегі кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьерминистрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесіп, әңгімелесудің арқауы Қазақстанның Авраам (Ибраһим) келісімдеріне қосылуы болды. Мемлекет басшысы Президент Трамптың Таяу Шығыста бейбіт өмір орнатуға нақты алғышарттар жасап, көпшілік күмәнмен қараса да, елеулі нәтижелерге қол жеткізгеніне назар аударды. Авраам келісімдеріне қосылу арқылы Қазақстан қақтығысты еңсеруге, диалогты ілгерілетуге және БҰҰ Жарғысы негізіндегі халықаралық құқықты қолдауға үлес қосады. Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді.

Бұл – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздеген көпжақты дипломатияның заңды жалғасы әрі нақты көрінісі. АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстанның Авраам келісіміне қосылуын әлем елдері арасында алтын көпір орнатудағы маңызды қадам деп бағалады. «Қазір ғана Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Израиль Премьерминистрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлестім. Қазақстан менің екінші мерзімімде Авраам келісіміне қосылған бірінші елге айналды және бұл басы ғана. Бұл – бүкіл әлем бойынша алтын көпір орнатудағы алғашқы үлкен қадам.

Бүгінде көптеген ел менің Авраам келісімім арқылы бейбітшілік пен өркендеуді қабылдауға ниет танытып отыр. Таяу уақытта мұны ресми жасау үшін қол қою рәсімі жайын жария етеміз және де көптеген ел осынау күш клубына қосылуға тырысып жатыр. Елдерді тұрақтылық пен өсім – нағыз прогресс, шынайы нәтиже үшін біріктіруде әлі де көп дүние істеу қажет», – деп жазды АҚШ Президенті. Авраам келісімдері дегеніміз не? АҚШ делдалдығымен қол қойылған Авраам келісімдері Израиль мен Араб елдері арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа моделінің негізін қалады.

Бастама 2020 жылдың тамыз айында жарияланды, ал 15 қыркүйекте Ақ үйде құжаттарға ресми қол қою рәсімі өтті. Оған АҚШ Президенті Дональд Трамптың делдалдығымен Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Израильдің сыртқы істер министрлері мен көшбасшылары қатысты. Бұл келісімдер Мысыр және Иорданиямен жасалған бейбітшілік келісімдерден кейін Израильдің араб елдерімен қарым-қатынасын ресми түрде қалыпқа келтіру жолындағы алғашқы қадам болды. Кейінірек бұл бастамаға 2020 жылдың желтоқсанында Марокко, ал 2021 жылдың басында Судан қосылды.

«Сегіз айда 8 соғыстың тоқтауына ықпал еттіңіз»

Вашингтонда «Орталық Азия – АҚШ» (C5+1) форматындағы екінші саммитке қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үйде тарихи кездесу ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президентіне алғыс айтып, С5+1 форматындағы саммит шын мәнінде Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанына назар аударды. Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың халықаралық саясаттағы рөліне айрықша тоқталып, оны көрнекті мемлекет қайраткері деп бағалады.

«Сіз жүргізіп отырған парасатты және батыл саясатты бүкіл әлем қолдауға лайық деп санаймын. Мен де сіздің ұстанымдарыңызды қуаттаймын. Сіздің жетекшілігіңізбен Америка алтын дәуірге қадам басты. Біз «Американы қайтадан ұлы елге айналдыру» (Making America Great Again) деп аталатын көреген тұжырымдамаңызды жоғары бағалаймыз. Бұл мақсат «Заң және тәртіп» қағидатына негізделген әділетті, қуатты Қазақстан құруды көздейтін ауқымды стратегиямызбен үндеседі. Бітімгер президент ретінде сегіз айдың ішінде сегіз соғыстың тоқтауына ықпал еттіңіз. Осылайша, Американың халықаралық тұрақтылыққа тірек болған рөлін айтарлықтай күшейте түстіңіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның Құрама Штаттармен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

«Қазақстан мен АҚШ арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты дамытуды ұдайы қолдап келесіз. Мен мұны жоғары бағалаймын. Ақ үйде президент лауазымын атқарған алғашқы кезеңде біздің қарым-қатынасымыз кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде заңнамалық тұрғыдан бекіді. АҚШ Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвесторымыз, экономикамыздың қозғаушы күші саналады. Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард доллар межесіне жуықтады. Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания бизнес жүргізеді», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасасқанын айтты. Жалпы Қазақстан мен АҚШ-тың энергетика, аса маңызды минералдар, өнеркәсіп, көлік, қаржы, жасанды интеллект, білім секілді негізгі салаларды қамтитын экономикалық әлеуеті жарты триллион доллардан асады. Президент америкалық компанияларды елімізде инвесторлар үшін жасалған оңтайлы жағдайды пайдалануға шақырды. Тіпті оларға өзі қолдау көрсетінін жеткізді.

«Керемет қатынастардың бастамасы»

АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен тамаша қарым-қатынасы басталғанын мәлімдеген Дональд Трамп Вашингтонда өткен C5+1 саммитінің нәтижесіне қатысты түсінік берді. Ол Орталық Азия басшыларын қабылдау өзі үшін үлкен мәртебе болғанын айтты.

«Кеше Ақ үйде бес керемет елдің президенттері: Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың және Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтың қатысуымен саммит өткізу мен үшін үлкен құрмет болды», – деп атап өтті Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Трамп кейінгі он үш жыл бойы оның алдынғы әріптестері Орталық Азия елдеріне лайық көңіл бөлмегенін жеткізді. Алайда қазіргі АҚШ Президенті бұған толыққанды түрде араласуға ниетті екенін айтты.

«C5+1 платформасының 10 жылдығына орай біз авиация, маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы, темір жол, автомобиль жасау және технологиялар салаларында ондаған мың америкалық жұмыс орнын қолдайтын, миллиардтаған долларлық коммерциялық келісімдерге қол қойдық. Біздің саммит АҚШ пен Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы және Түрікменстан арасындағы керемет, жаңа қатынастардың бастамасы болды», – деді Трамп.

Трамп Қазақстанға келуі мүмкін екенін айтты

Ақ үйдегі С5+ саммиті аясында өткен Орталық Азия елдері басшылары мен АҚШ Президентінің кездесуінде Трамп Қазақстанға сапармен баруы әбден мүмкін екенін айтты, деп хабарлады Ақорда. Қазақстан мен АҚШ жалпы құны 17 миллиард долларды құрайтын келісімдер жасаған. Ол авиация, минералды ресурстар және цифрлық технологиялар секілді бағыттарды қамтиды. Аталған кездесуде Трамптан бұл серіктестіктің қай саласы маңызды екені және Қазақстанға АҚШ Президенті ретінде қашан баратыны сұралды. «Біздің елге қонақ болу жоспарыңызда бар ма?» – деген сұрақ қойылды Трампқа Ақ үйде.

«Бұл әбден мүмкін. Барлық сала өте маңызды деп санаймын. Бір жылдан кейін не болатынын білмейміз. Сіздің табиғи ресурсқа бай еліңіз, сондай-ақ парасатты президентіңіз бар», – деп жауап берді Дональд Трамп.

C5+1 форматының маңызы неде?

Орталық Азияның рөлі соңғы жылдары аймақтағы бес елдің өзара жақындасуымен де тығыз байланысты. Бұл елдер ортақ мүдде негізінде әрекет етіп, соңғы он жыл ішінде өңір үшін маңызды мәселелер бойынша бірыңғай ұстаным танытып отыр. Дәл осы өзара түсіністік C5+1 форматындағы ынтымақтастықтың қалыптасуына жол ашты. 2015 жылы бұл формат алғашында сыртқы істер министрлерінің консультациялары түрінде пайда болған, кейіннен мемлекет басшылары деңгейіндегі кездесулерге ұласты.

Осылайша, аймақ елдері арасындағы ішкі коммуникацияның дамуы сыртқы әлеммен өзара іс-қимыл жасауға ортақ өңірлік форматта мүмкіндік берді. Сондықтан C5+1 аясындағы кездесулер жаңа шындықты бейнелейді, яғни өңірмен өзара әрекеттесу тек екіжақты негізде ғана емес, сондай-ақ барлық елмен бірлескен түрде жүзеге асып жатыр. Әрине, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы осындай ішкі келісімнің болуы мұндай форматтың пайда болуының маңызды шарты. Айта кетерлігі, бұл жағдайда әрбір елдің жеке деңгейдегі саясатына нұқсан келтірілмейді. C5+1 форматы – міндетті сипаттағы одақ емес, мұнда саяси, қауіпсіздік немесе экономикалық бағыттағы ірі өңірлік бірлестіктерге тән институционалдық негіз жоқ.

Бұл форматтың басты өзегі – әрбір мемлекеттің саяси билік құрылымдары тарапынан аймақ үшін ортақ мүддені түсіну мен мойындау. Сонымен қатар, бұл формат әрбір елдің өз артықшылығын тиімді пайдалануына да негізделген. Бұл ретте Қазақстан айрықша көзге түседі. Себебі тек ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) көлемі мен жаңа көлік дәліздерін салуға бағытталған ірі инвестициялар тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар жаһандық деңгейде келіссөздер жүргізу тәжірибесімен де ерекшеленеді. Әсіресе, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық ұйымдардағы жоғары деңгейдегі мол дипломатиялық тәжірибесі ерекше мәнге ие. Неліктен ірі державалар Орталық Азияға қызығады? Саясаткерлердің пайымдауынша, «Орталық Азия – АҚШ» форматындағы саммит ең алдымен өңірдің географиялық орналасуы тұрғысынан қызығушылық тудырады. Әсіресе бүгінде Еуразияда жүріп жатқан қарқынды әрі біржақты бағаланатын үдерістерді ескерсек, кездесу ерекше мәнге ие. Осы тұрғыда ірі державалардың Орталық Азияға деген қызығушылығы түсінікті. Бұл тек құрлықтың орталығындағы стратегиялық орналасуына ғана емес, сондай-ақ өңірдің жаңа көлік дәліздерін құрудағы артып келе жатқан рөліне де байланысты. Негізінен, Орталық Азия бүгінде экономикалық тұрғыдан ең әлеуетті аймақтардың бірі саналады. Мұнда өсімге деген айтарлықтай мүмкіндік бар, бұл қазіргі әлемдік экономика үшін сирек құбылыс болып отыр.

Жалпы, «Орталық Азия – АҚШ» саммиті Еуразияның жаңа геосаясатын айқындады. Бұл кездесудің маңызы аймақтық диалог шеңберінен әлдеқайда кең Еуразиядағы жаңа геосаяси шындықты және ірі державалардың өңірге деген өсіп келе жатқан қызығушылығын көрсетті.

Ақ үй әкімшілігінің өкілдерімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға сапары Мемлекеттік хатшы Марк Рубиомен, Сауда министрі Говард Латникпен, сондай-ақ АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнайы өкілі Серджио Гормен кездесуден басталғаны белгілі. Басқосуға қатысушылар екіжақты және өңірлік күн тәртібінің басты аспектілері жөнінде пікір алмасты.

Кездесуде Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнеркәсіп пен бизнесті қолдауға септігін тигізетін экономикалық ықпалдастық арқылы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға орайлы мүмкіндік туғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, еліміз АҚШ-пен түрлі деңгейде белсенді саяси байланыс орнатқан әрі сан қырлы ынтымақтастықты тереңдету бойынша конструктивті диалог жүргізуге дайын.

Еске сала кетсек, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтонда өткен Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуінде келесі жылы Қазақстанға және Орталық Азияның басқа да елдеріне баруды жоспарлап отырғанын мәлімдеп, АҚШ пен Орталық Азия елдерінің экономикалық даму, нарыққа шығу және табиғи ресурстарды өндіру мәселелерінде мүдделері сәйкес келетінін атап өткен болатын.

Америкалық конгрессмендерді қабылдады

Мемлекет басшысы АҚШ Конгресі өкілдер палатасының мүшелері Джимми Панеттамен, Кэрол Миллермен, Билл Хайзенгамен және Сидни Камлагер-Давпен де кездесті. Президент АҚШ Конгресі Қазақстанмен достық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, парламент мүшелеріне екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті ілгерілетуге қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конгрестегі Джимми Панетта басқаратын «АҚШ – Қазақстан» достық тобы (кокус) қос халық арасындағы саяси диалогты тереңдетуге, экономикалық кооперация мен байланыстар аясын кеңейтуге ықпал етіп отырғанына назар аударды. АҚШ – Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктестерінің бірі. Құрама Штаттар еліміздің экономикасына 100 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Бұл – Орталық Азияға бағытталған жалпы инвестиция көлемінің 80 пайызы.

Сонымен қатар Президент конгрессмендерге елімізде жүргізіліп жатқан жан-жақты саяси және экономикалық жаңғырулар жөнінде әңгімеледі. Конгресс мүшелері Қазақстанның әлеуетіне жоғары баға беріп, екі ел арасындағы сан қырлы байланыстардың дамуына қолдау көрсететіндерін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдаланып, Америка парламентінің өкілдерін екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығын кеңейту мақсатында Қазақстанға сапарлап келуге шақырды.

Майкл Уирт және Стив Дэйнспен әңгіме

Сапар аясында Қазақстан Президенті Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уиртті қабылдады. Мемлекет басшысы Теңіз және Қарашығанақ кен орындарындағы мұнай мен газды игеру бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруға Chevron корпорациясының қосқан үлесіне жоғары баға берді. Сондай-ақ Қазақстан тарапының шикізатты өндіру, өңдеу және тасымалдау салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Құрама Штаттардағы ресми сапары кезінде америкалық сенатор Стив Дэйнсті де қабылдап, әңгімелесті. Республикалық партиядан сайланған сенатормен кездесуде қазақ-америка қатынастарын нығайтуға парламенттік дипломатияның қосқан үлесі талқыланды.

Мемлекет басшысы АҚШ сенаторының Қазақстанға шынайы тілектес екенін атап өтіп, Республика күніне орай Конгрестің ресми мәлімдеме жасағаны үшін ризашылық білдірді. Бұл – елдеріміз арасындағы бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктестіктің дәлелі. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Стив Дэйнс екіжақты күн тәртібінің басым бағыттары жөнінде пікір алмасып, қос халықтың игілігі үшін Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының стратегиялық серіктестігін нығайтуға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.

Кездесу соңында Президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін сенатор Стив Дэйнсті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

2,5 миллиард долларға бағаланған серіктестік

John Deere компаниясының ТМД және Орталық Азия елдері бойынша президенті Чабо Лейкомен кездесуде Қазақстан Президенті John Deere компаниясымен серіктестікті заманауи және тиімді ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға ортақ ұмтылысты көрсететін өндірістік кооперацияның табысты үлгісі деп атады.

Мемлекет басшысы John Deere компаниясының Қазақстанның «Агромаш» зауытымен серіктестік орната отырып, агроөнеркәсіп кешеніне арналған техника өндірісінің локализациясы туралы қабылдаған шешімін қолдады. Бұл ынтымақтастық қазірдің өзінде оң нәтиже беріп отыр. Өндіріс іске қосылған биылғы мамыр айынан бері 290 бірліктен астам техника жасалған. Жыл соңына дейін тағы 100 техника шығарылады деп жоспарлануда.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында жалпы құны 2,5 миллиард долларға бағаланған Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылғанын құптады. Құжат бойынша «АгромашХолдинг KZ» АҚ бес жыл ішінде кем дегенде 3 мың John Deere ауыл шаруашылығы техникасын шығаруды, кемінде 3 сервис орталығын ашуды, сондай-ақ мамандарды оқыту жүйесін дамытуды қарастырады.

Аса маңызды минералдар саласы бойынша меморандумға қол қойды

Ақорданың баспасөз қызметі Қазақстан және АҚШ арасында аса маңызды минералдар саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын хабарлады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы және Америка Құрама Штаттары арасында аса маңызды минералдар саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды», – делінген хабарламада.

Құжатқа Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен АҚШ Сауда министрі Говард Латник қол қойды.

АҚШ басылымдарына сұхбат

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапары барысында Америка Құрама Штаттарындағы танымал басылымдар – The Washington Post пен The New York Times-қа сұхбат берді. Президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастыққа, Америкаға сапарының мәні мен маңызына, Дональд Трамп жүргізіп отырған саясатқа, әлемдегі геосаяси жағдайға, Украина төңірегіндегі ахуалға және басқа да мәселелерге қатысты ойымен бөлісті. Жалпы, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға сапары мен Дональд Трамппен кездесуі әлемдегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының жаңалықтар күн тәртібіндегі басты оқиғалардың біріне айналғанын айтқан жөн. Мәселен, Axios басылымы Қазақстанның Авраам келісіміне қосылғаны жайында жазып, аталған клубқа көптеген елдің мүше болуға тырысатындығына назар аудартты.

«Бұл Газадағы соғыс парағын аударып, өңірдегі үлкен бейбітшілік пен ынтымақтастыққа қарай ілгерілеудің қадамына айналады, – делінген шетелдік БАҚ бетінде жарияланған материалда. Басқа да әлемдік БАҚ-та жарияланған материалдарға зер салсақ, АҚШ-тың Орталық Азияға деген ұстанымын түбегейлі қайта құрғанын аңғаруға болады. Әлемдік ақпарат құралдары, талдау орталықтары, сарапшылар, желілік медиалар мен беделді саяси басылымдар саммит қорытындысын, сондай-ақ оның Орталық Азиядағы саясат, экономика және күштер тепе-теңдігі тұрғысынан маңызын кеңінен жариялады. Бір сөзбен айтқанда, Вашингтонда өткен C5+1 саммиті әлемдік дипломатиялық және экономикалық қауымдастықта резонанс тудырды. Шетелдік басылымдар біздің елді Орталық Азияның инвестициялық «зәкірі» деп атады.

Қазақстандық ІТ стартаптар таныстырылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға сапары аясында халықаралық нарыққа шыққан отандық ІТ стартаптардың негізін қалаушылармен кездесті. Президентке еліміздің алғашқы «сыңармүйіз» стартапы – Higgsfield AI жасанды интеллектіге негізделген кинематографиялық сапалы бейнені генерациялауға арналған платформасы, Deep Infra – машиналық оқыту модельдерін орналастыруға және іске қосуға арналған қызмет, Valinor – биотехнология саласындағы стартап, ARC Drones – автономды дрондарды әзірлеуші, сондай-ақ басқа да перспективті жобалар таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Silkroad Innovations технология хабының қызметі туралы ақпарат берілді. Ол Кремний алқабында Орталық Азия елдерінің талантты жастары мен стартаптарына қолдау көрсетеді. Кездесуге жалпы құны 1,4 миллиард долларды құрайтын 20-дан аса стартап өкілі қатысты. Бұл ұлттық ІТ экожүйесінің инновациялық әлеуетін танытады. Мемлекет басшысы жоғары технология с аласындағы от андық компаниялардың жетістіктерін жоғары бағалап, алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру жөніндегі стратегиялық міндеттің маңызын атап өтті.

«Президент ретінде баршаңызды қолдаймын. Жұмыстарыңыз еліміздің болашағы үшін өте қажет. Цифрландыру мен HighTech мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі саналады. Мен бұл туралы Жолдауымда айттым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қорыта айтқанда, еліміздің сарапшылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан делегациясының Вашингтондағы C5+1 саммитіне сапарынан кейін Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынаста айтарлықтай серпіліс болғанын атап өтуде. Мәселен, Қазақстан мен АҚШ экономикалық серіктестікті жаңа деңгейге көтерді. Бұл қадам қос елдің қарым-қатынасын нығайта түсері сөзсіз. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға сапарына АҚШ-тың өзі мүдделі болғанын айта кеткен жөн. Өйткені қазіргі жағдайда Америка Құрама Штаттары үшін Орталық Азияның маңыздылығы айқын көрініп тұр. «Орталық Азиядағы тұрақтылыққа АҚШ та мүдделі екені белгілі. Сондықтан олар Қазақстанға, Орталық Азия елдеріне инвестиция бағыттауға екпін қойып, экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға тырысады», – дейді сарапшылар. Олардың пікірінше, Президенттің келіссөз жүргізудегі мол тәжірибесінің арқасында осы сапардағы келісімдер оңтайлы нәтиже беретіні анық.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар